Әдебиет • 27 Қыркүйек, 2024

Өмір өткелдері: толғаныс пен тұжырым

66 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жалпы алғанда, жазу бір ғана істі білдіретін сөз болғанымен, әркім әртүрлі жазады. Әр автор қаламының өзіндік бояуы бар. Өз стилі, өз ережесі, өз тәсілі бар. Жазушы қауымы жыл он екі айдың қай уақытында да жазу үстелінде отырады деген аңыз болса керек. Шын суреткер көп уақыт ойында толғатып, қағазға түсіргенде будақтатып ала жөнеледі.

Өмір өткелдері: толғаныс пен тұжырым

Сурет: ru.freepik.com

Әдеби сауалдамамыздың ке­зекті қонағы – жазушы Мәди Айым­бетов. Дәстүрлі сұрақ: не жазып жүрсіз?

– Шығармашылық жұмыс деген үнемі жазу үстеліне отырып, қолға қалам алып жаза беретін шаруа емес. Жазушы жаңа шығармаға кірісер алдында ойында жүрген дүниелерді тереңдетіп, іштей дайындық жасайды. Шығармашылық жұмыспен айналысқаныма елу жылдан астам уақыт өтіпті. Талай дүние жазылды. Соңғы жарық көрген шығармам – «Бопай ханым» тарихи романы. Мұны да қайта-қайта қарауға тура келді. Баспадан қайта басылып шыққан сайын қырнап-жонып отырдым. Бұл роман орыс және ағылшын тілдеріне аударылды. Сол нұсқаларының ауда­рылу үдерісіндегі кейбір түзету жұмысына да өзім араласуыма тура келді. Бұл енді өз шығармаларымның сапалы шығуына деген өзіндік аз-кем ықтияттылығым шығар.

Бұрын жазылған дүниелерге уақыт өте қайта оралып отыратын әдетім бар. Бұның бәрі – шығармашылық үдеріс. Соңғы жазылған аталған романым оқырманның қолына тиді. Бағасын да өздері бере жатар.

Қазір кезекті тақырыптарға ж­е­те­лейтін ой үстінде жүрмін. Бай­қасам, көптеген әңгіме мен эссе жазылыпты. Енді соның бәрін бір-бір кітапқа топтастырмақ жоспарым бар. Содан соң өмірден көрген-түй­генімді ғұмырнамалық кітап бола ма, роман бола ма, эсселер топтамасы бола ма – «Өмір-қазына» деген шартты атаумен бір дүние жазуды мақ­сат етіп жүрмін. Өткен жылдар ішінде талай оқиғаны бастан кешірдік, шығармашылық һәм қоғам­дық, мемлекеттік жұмыста да түрлі жағдайды бастан өткердік, еліміз тарихындағы өзгерістерге куә болдық.

Бұрынғы жылдары бірқатар жазушы шығармашылық демалысқа шығып, тек жазумен айналысты. Университеттен соңғы алғашқы жылдардан соң бірыңғай мемлекеттік қызметте болған соң менде ондай мүмкіндік бола қойған жоқ. Жұмыстан тыс уақытта ғана жазуға отыра алдым.

Қарап отырсам, әдебиеттің айналасында бірталай ақын-жазушы, әріптес ағалармен дидарласыппын. Сол тұлғалардың өмірі туралы ой-тол­ғамдарым сана түкпірінде сайрап тұр. Жалпы, өмірде өзім бас­тан кешкен жайттарды жинақтап тұжырсам деген де ойым бар, бәлкім, бұл оқырмандарым үшін де пайдалы болар ма екен деп ойлаймын.

Өзімнің шығармашылық тағды­рым туралы осылайша бір толғам жасағым келіп жүр. Әдетте жаңа кітап­қа кірісер алдында шығармашылық тұрғыдағы дайын­дығым осылай бас­талады өзі. Бәрін жіті ойланып, жү­ректен өткізіп барып жазуға отырамын. Ойша әр деталін түйін­деп, неден басталады, шарықтау шегі қа­лай, немен қоры­тамын деген сынды ойымдағы толғаныстарым піскенде ғана жазуға кірісемін. Сонда жазуға көп уақытым кетпейді. Шамамен, 7-8 айда ойда жүрген тақырыбым қағазға түседі. Қолға қалам ұстаған алғашқы сәттен бергі жазудағы тәсілім осы.

Көп жылдан бері әлеуметтік желіде «Тіршілік миниатюралары» деген айдармен табиғат құбылыстарын, өмір өткелдерінен туған ойларды салып отырамын. Шетелге шыққан іссапарлардан алған әсерімді де сонда түртіп жүремін. Жалпы, қалам ұстаған жанға жаңа дүниенің бәрі таңсық қой. Көрген дүниелерді жазбас бұрын зерттеп, ой толғап, түйіндеп айту керек. 2020 жылы осы «Тіршілік миниатюраларының» бірінші кітабы шықты. Енді тағы екі кітапқа жүк болар­лық қор жиналып тұр. Бұл кітап та ал­дағы уақыттың еншісіндегі шаруа.

– Шығармашылық сырыңызбен бөліскеніңізге рахмет.

 

Дайындаған –

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»