Отандық өнертапқыш Ғалымжан Ғабдырашовтың «Sezual» құралы зағип жандарға 15 метр қашықтықтағы нысандарды сезіп білуге көмектеседі. Мұны қолданған жандар айналадағы кедергілерді түйсініп, еркін-жүріп тұру мүмкіндігіне ие болады. Жобаға Америка Құрама Штатының ғалымдары қызығушылық білдіріп жатыр.
Жұмыртқа қабығынан жасалған тіс
Тіс пломбасының құрамындағы нанокристалды ұнтақ – жануарлардың сүйегінен, моллюскалардың қабығынан алынатын өте қымбат зат. Ал өнертапқыш Шыңғыс Дауылбаев болса қымбат бағаны айналып өтудің жолын ұсынады.
Мәселен, тіс пломбасындағы синтезделген кальций гидроксиапатитінің 1–2 грамы 8–10 мың теңгені құрайды. Ал бір тістің орнын толтыру үшін бізге кем дегенде 10 грамм қажет. «Бұл өте қымбатқа түседі. Сондықтан біз арзан биологиялық шикізат ретінде жұмыртқа қабығын алған жөн деп шештік. Әуелі жұмыртқа қабығын 900 градус температурада пеште күйдіріп, кальций оксидін аламыз. Оның ішінен кальций гидроксиапатитін синтездейміз, ол өз аналогтерінен әлдеқайда арзан шығады. Килограмына 3–4 мың теңге», дейді өнертапқыш. Егер жоба қаржыландырылатын болса, биопломбалар ғана емес, сонымен қатар остеопороз сияқты ауруларды емдеуге көмектесетін таблеткалар өндірісін жасауға болады.
«Тілсіз жаудың» тілін тапты
Құрамында химиялық жанғыш элементтері бар материалмен қапталған соң кейбір ғимараттардағы өртті тоқтату оңайға соқпайды. Еліміздегі «Жану проблемалары институты» құрылымдық және материалдық зертханасы бұл мәселенің алдын алу жоспарын ұсынды. Олар қабырғаға арналған отқа төзімді «бояу» ойлап тапты.
Оның құрамындағы отқа төзімді элементтер қабырғаның жануына жол бермейді. Бояудың аты «х-Flame» деп аталады. «Металды өрттен қорғаудың қандай қажеті бар деп ойларсыз. Иә, ол жанғыш материал емес. Бірақ ол қызған кезде беріктігін жоғалтады, 500°С-тық критикалық температурада деформация нәтижесінде ғимарат өз салмағымен қирап қалуы бек мүмкін. «х-Flame» ондай жағдайдың алдын алады», дейді зертхана меңгерушісі Владимир Ефремов. Қазір бұл бояу құрылыс нарығына түсіп, кеңінен қолданылып келеді.