Фото: baq.kz
Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, бүгінде барлық өңірде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін жолдар анықталған.
«Мемлекет басшысы республика бойынша кемінде 10 мың шақырым жолды қамту үшін орташа жөндеу бағдарламасын кеңейтуді тапсырды. Сапа – басты басымдық. Барлық өңірде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін жолдар анықталды. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы өнеркәсіп орталықтарына апаратын жолдар: яғни Алтайға, Шемонаихаға, Серебрянскқа апаратын жолдар жөнделеді. Сондай-ақ Марқакөл, Рахманов бұлағы және Катонқарағай туристік нысандарына апаратын жолдар да жөндеуден өтеді», деді министр.
Сонымен қатар биылдан бастап Өскемен мен Семей қалаларын байланыстыратын жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жол 2026 жылға дейін толық жөнделеді деп жоспарланған. Мамандар қазірдің өзінде бірқатар учаскені, атап айтқанда Таврическое ауылы мен Ново-Азовское ауылына бұрылыс жолдарын жөндеп жатыр, қалғандары 2025-2026 жылдары қамтылмақ.
Сондай-ақ келесі жылы Катонқарағай ауданы мен Марқакөл өңірін байланыстыратын Ескі австриялық жолы орташа жөндеуден өтеді деп жоспарланған.