16 Маусым, 2015

Асқақ арман жүзеге асқан шақ

444 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
15-06-01 Елбасы Назарбаев Университеттің алғашқы түлектеріне сәт сапар тіледі Кеше Назарбаев Университетте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен алғашқы түлектердің оқу бітіру рәсімі өтті. Салтанатты рәсімге студенттер, ата-аналар, сондай-ақ, профессорлық-оқытушылар құрамы, ірі ұлттық компаниялардың басшылары және шақырылған қонақтар қатысты. 2010 жылы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Назарбаев Университет отандық білім берудің үздік үлгісі болып табылады. Алғашқы болып 446 студент бітірді. Студенттер көбінесе гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінде, ғылым және технологиялар мектебінде, инженерия мектебінде, жоғары білім беру мектебінде, жоғары мемлекеттік саясат мектебінде, жоғары бизнес мектебінде білім алды. Компьютерлік ғылымдар, инженерлік механика, роботты техника және мехатроника, білім беруді басқару, биологиялық ғылымдар, электрлік және электрондық инженерия, құрылыс инженериясы және тағы басқа мамандықтар үлкен сұранысқа ие. Астананың сол жағалауындағы үлкен даңғыл жолдың бойында орналасқан университет алыстан менмұндалайды. Сарыарқаның таңғы самалы университет қабырғасынан алғашқы болып шығып, үлкен өмірге талпынған жастарымызға сәт сапар тілегендей бой сергітеді. Жастар да, оқытушылар құрамы да барынша көңілді. Олар өздерін құттықтау үшін арнайы келген Елбасын ду қол шапалақтап, үлкен құрметпен қарсы алды. – Құрметті Президент мырза! Уни­вер­ситетке қош келдіңіз. Бүгінгі күн – біз үшін ерекше күн. Өзіңіз негізін қалап, үнемі қамқоршы болып келе жатқан жаңа білім ордасының алғашқы түлектері – Сіздің түлектеріңіз бірінші рет осы білім ордасын бітірейін деп отыр. Сондықтан солардың алдында ақжолтай тілек айту үшін Сізге сөз беруді өзіме үлкен құрмет деп білемін, – деді университет президенті Шиего Катсу. Мемлекет басшысы өз сөзін осы салтанатты шараға қатысушыларға қарата отырып бастады. Университетті бірінші болып бітірейін деп отырған түлектерді, олардың ата-аналарын, Қамқоршылар кеңесінің мүшелерін, университет басшылығын, профессорлар мен қызметкерлерді атаулы шарамен құттықтады. Университеттің аяғынан тік тұруына қаржылай және технологиялық тұрғыдан көмек көрсеткен демеушілер мен меценаттар қауымына да жеке алғысын білдірді. Түлектерге дипломдар тапсыру тек бұл университет қана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды шара екендігін атап көрсетті. –  Бүкіл Қазақстанымыздың өміріне жоғары білім флагманы – біздің тари­хы­мыздағы алғашқы әлемдік деңгейдегі ғылым-білім орталығының бірінші түлектері қосылайын деп отыр. Біздің еліміз жастардың жаңа толқынына, жан-жақты дайындалған білікті мамандарға ие болайын деп отыр. Біздің Ұлт жоспары негізінде мемлекетімізді жаңғырту бағытында терең қайта құруларға кіріскен қазіргі сәтімізде бұл тіпті ерекше маңызды бола түседі, – деген Мемлекет басшысы Назарбаев Университеттің құрылуы арқылы Астанада жаһандық білімнің қуатты көзінің пайда болғандығын атап көрсетті. Осындай университет құру өзінің үлкен арманы болғанын, бүгінгі күні осы идеяның жүзеге асқанын көріп отырғанын мейірлене айтты. – Ол біздің экономикамыз бен өмірімізді біліммен, ғылыми жаңалықтармен, инновациялармен нәрлендіретін болады. Ол біздің адамдарымызды жақсы жағына қарай өзгертеді, оларға үздіксіз білім алудың, кәсіпкерлік тұрғыдан шыңдалудың белсенділік пен патриотизмнің жаңа дағдыларын орнықтырады. Бұл бүкіл Қазақстанды тұрақты және жаһандық тұрғыдан дамыған елге айналдыру үшін, біздің өз мемлекетімізді нығайтып, жасампаз ете түсуіміз үшін, біздің еліміздің танымалдылығы мен беделін әлем бойынша арттыру үшін жасалып отыр. Сондықтан сіздерге өмірге жолдама бере отырып, біз осынау үлкен мақсатымызға шешімді де батыл түрде жақындай түстік деп есептеймін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті осы түлектерге университеттің тарихи тізімінде бірінші қатарда тұру құрметі мен бақытының бұйырғандығына назар аудартты. 15-06-05 15-06-03 – Дәл мына сіздерге және сіздердің істеріңізге қарап, университеттегі дайындық деңгейіне баға берілетін болады. Бұл – ерекше жауапкершілік. Мен сіздердің әрқайсыларыңыздан қуатты ерік-жігер мен кәсіпқойлықты күтемін. Әрине, сіздердің диплом алуларыңызбен білім алуларыңыз тоқталып қалмайды. Ол бүкіл өмір бойы жалғасатын болады. Өмірдің басты шындығына сіздер оқу бітіргеннен кейін ғана көз жеткізетін боласыздар. Осының сырын аша білуді сіздерге бес жыл бойы оқытты. Егер кәсіп пен еңбек сіздер үшін бүкіл өмірдің ең сүйікті ісіне айналмайтын болса, алған білім ұмытылуы немесе тез ескіріп қалуы мүмкін. Тек нағыз кәсіп шеберлері ғана өз ісін жетік біліп қана қоймай, сонымен қатар, алған білімін нақты іске айналдыра алады. Мен университеттің барлық түлектері дәл осындай кәсіпқойлар болып шығатынына сеніммен қараймын, – деді Мемлекет басшысы. Бұл орайда, Нұрсұлтан Назарбаев түлектер өз ісінің шебері ғана болып қоймай, Қазақстан қоғамының адамгершілік құндылықтарын да жан-жақты нығайтып, өз Отанына қызмет етудің биік үлгісін танытатынына, халқымыздың материалдық, рухани және мәдени құндылықтарын еселеу ісіне зор үлес қосатынына айрықша сенім білдірді. Қазақстан Президенті еліміздің білім беру саласындағы бірқатар жетістіктеріне тоқталып өтті. – Дүниежүзілік экономикалық форум жариялаған Адами капиталды дамыту индексіне сәйкес, Қазақстан бір жылда бірден 8 орынға көтеріліп, 37-орынға шықты және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше Португалия, Грекия, Испания, Чили, Мексика, Түркия, сондай-ақ, Малайзия, Қытай, Бразилия сияқты елдерден озды. Елдің сауаттылық деңгейінің рейтингі бойынша Қазақстан 33-орынды иеленді, ал білім беру жүйесінің сапасы жөнінен бірден 9 тармаққа көтерілді. Бұл табыстарға сіздердің университет те зор үлес қосты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы университет түлектері мемлекетіміздің жаңа буын элитасының негізі екенін атап айтты. – Елді дамытып, халықты бақытқа, бақ-берекеге жеткізу ісі сіздерге жүктеледі. Мұның қаншалық қиын іс екенін мен жақсы білемін. Бүгінгідей жаһандану жағдайында сіздерге тұрақтылық пен даму қарқынын ұстап тұрудан да артығырақ мақсатқа ұмтылу қажет болады. Сіздерге «Бастан асып секіре алмайсың» деп қанша жерден нықтаса да, биік меже қоюға тура келеді. Егер сіздерде қазір бекем әрі батыл амбиция болмаса, онда кейін табысқа жету үшін күш-жігер табу қиын болады, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев университеттің диплом иегерлерін жұмыста қабілеттілік, тапқырлық, ширақтық танытуға шақырды. – Мен бізде басқарушылардың, мемлекеттік қызметшілердің, бизнесмендер мен қоғамдық көшбасшылардың жаңа шоғыры өсіп келе жатқанын көріп отырмын. Көп ұзамай қазақстандық мамандар, ең алдымен, осы университеттің түлектері бүкіл әлемге өзінің жаңашылдығын, бәсекеге қабілеттілігін және қажеттілігін көрсетеді деп сенемін. Әлемнің жетекші университеттерінің тарихы – ең алдымен оның түлектерінің табысының тарихы. Бұл университетте де оның түлектері атқарған ұлы істердің жаһандық айшықты тарихы болатынына сенімдімін, – деген Мемлекет басшысы бір сәтке түлектердің назарын осы университеттің қарсы алдында салынып жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ғимараттарына аударды. Бұл жерде халықаралық көрме өткеннен кейін ол ғимараттар құрылуы белгіленіп отырған халықаралық қаржы орталығы үшін қызмет ететіндігін еске салып өтті. Бұл қаржы орталығы әлемдегі ең таңдаулы қаржы орталықтарының қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады, деді Президент. – Мен мұны осынау білім ордасының қасынан бекерден-бекер салдырып отырғаным жоқ. Сіздердің дұрыс білім алуларыңыз үшін барлық қажыр-қайратымызды жұмсап, жұмыс істеудеміз. Сіздер біздің ізбасарларымызсыздар. Мен сіздерге  сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, дәл қазіргі уақытта Қазақстанның алдында жауапкершілігі мол үлкен міндеттердің тұрғанын атап көрсетті. Қазір елімізде көптеген мектептер, емханалар салынуда. Қолжетімді тұрғын үй салу ісі басталып кетті. Елдің алдына әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу секілді маңызды мақсат қойылған. Елбасы оған да қол жеткізетінімізге сенім білдірді. Міне, осындай мақсатқа қол жеткізуде жастарға зор жауапкершілік жүктелетінін тағы бір еске салды. Халық аузында жүретін мына бір әфсананы жастарға қарата отырып айтты: «Үлкен кісілерден қалған бір әңгіме бар… Халқымыз көп дүниені бүркітпен байланыстырады ғой. Туымызда да бүркіт бар. Бүркіт ұясын құздың ең шыңына салады. Балапандарының қанаты қатайған кезде тістеп алып аспанға көтеріліп, жерге құлатып жібереді. Қанатынан тұрып, ұшып кеткендері аман қалады, ал ұша алмай, жерге құлдилап бара жатқанын ең төменгі жақтан іліп алып, ұясына әкеліп қояды. Бірақ, содан кейін ата бүркіт ол балапанына қарамайды. Демек, сіздердің де болашақтарыңыз өз қолдарыңызда», – деді Президент. Назарбаев түлектер қайда жүрсе де Отанының үмітін ақтауға міндетті екенін жеткізді. – Кейбірің шетелдік университеттерге барасыңдар, басқа біреуің дүниежүзілік компанияларға жұмысқа орналасасыңдар. Бірақ, менің айтайын дегенім, сендер білікті маман ретінде Қазақстанның өркендеуіне қызмет етулерің керек. Отанның бергенін он есе қайтаруларың керек. Солай емес пе!? – деді Мемлекет басшысы жастарға қарата. Жастар Елбасының бұл сауалына ду қол шапалақтау арқылы өздерінің ондай іске дайын екендіктерін танытып, жауап қайтарды. Қазақстан Президенті бұл күндері бүкіл еліміз бойынша мыңдаған қазақстандық студенттің диплом алып жатқанына назар аударды. – Жоғары оқу орындарының барлық түлектерін құттықтаймын, оларға өмірден лайықты орындарын табуын, сәттілік және бақыт тілеймін. ЮНИСЕФ-тің бағалауы бойынша, Жастар дамуының жаһандық индексінде Қазақстан 27-орын алып отыр. Бұл Франция, Түркия және Швеция сияқты елдердің көрсеткішінен жоғары. Біз қазіргі атқарып  жатқан істеріміздің бәрін сіздер үшін, сіздердің болашақтарыңыз үшін жасап жатырмыз. Бүгінде сіздердің алдарыңыздан бүкіл әлемге жол ашық. Сіздер қызықты кезеңде өмір сүріп, болашаққа қарай қарыштап қадам басқан елмен бірге ержетіп келесіздер. Осының барлығы біздің қоғамдағы татулық пен тұрақтылықтың арқасы. Сондықтан сіздердің бас­ты миссияларыңыз – елдегі бірлік пен келісімді нығайту. Баршаға бейбіт заман мен игілікті өмір жолын тілеймін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Студенттер мен оқытушылар университеттегі жасалған жағдай үшін Мемлекет басшысына алғыстарын айтып, күш-жігерлерін елдің бұдан әрі даму жолына жұмсайтындарын жеткізді. Сөзін аяқтай келе, Мемлекет басшысы үздік түлектерге диплом табыстады. Елбасының қолынан үздік диплом алғандар қатарында Әлия Жақсиева, Айсұлу Айтбекова, Анар Қасымова, Әділет Өтемісов, Темірлан Сейдахметов, Жанар Шоқаева, Айжан Темірбаева, Алтынай Дүйсенбекова, Валентина Винокурова және басқалар болды. Осы күні қолдарына дипломдарын алып, еліміздегі жаңа тұрпатты білім ордасын бітіріп отырған түлектер атынан сөз алған Назарбаев Университеттің инженерия мектебінің түлегі Айсұлу Айтбекова өздерінің өмір жолдары үшін осындай мүмкіндікті ұсынған Мемлекет басшысына, ұстаздар қауымына, ата-аналарына алғыс білдірді. Ол Алматыдағы Жәутіков атындағы мектепті алтын белгімен бітірген екен. «Алайда, дәл осыдан бес жыл бұрын мен өзімнің болашағымның қалай қалыптасатындығын білгенім жоқ. Енді біраз жайтты анықтағандай болып отырмын. Былтырғы жылы АҚШ-тың Калифорния штатындағы Санта-Барбарада грантпен оқу мүмкіндігіне ие болдым. Қазақстан Республикасы  Президентінің  арнайы стипендиясын, Шеврон компаниясының студенттік зерттеу грантын жеңіп алдым. Мені Принстон, Стэнфорд университеттері және басқа да құзырлы орындар оқуға және қызмет істеуге шақырып отыр. Өзім Массачусетстегі технологиялық университетте білімімді жалғастырамын деп шештім. Осының барлығына Назарбаев Университетте оқу арқылы ие болғанымды ешуақытта ұмытпаймын. Мен бұл оқу орнын көтеріңкі көңіл-күй, үлкен рухпен бітіріп барамын. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, ұстаздарым мен ата-анам! Сіздерге ерекше алғысымды білдіремін. Елімнің маған жасаған жақсылығын жүз есе етіп қайтарамын деген сенімдемін», деді А.Айтбекова. Сөз кезегін алған Назарбаев Университеттің Жоғары бизнес мектебінің түлегі Қазыбек Әубәкіров те өз сөзін Елбасына, профессорлық-оқытушылар құрамына алғыс айтудан бастады. «Біздер бақытты Қазақстанның бақытты жастарымыз. Бізге жақсы білім беруге жандарын салып жұмыс істеген университет президенті Шигео Катсу мырза бастаған барлық оқытушылармен қатар, қолайлы жағдай жасаған әкімшілік қызметкерлеріне де үлкен рахмет. Біз сіздердің әлемге жіберіп отырған елшілеріңізбіз. Біз университет қабырғасында жүріп, ғылыми жұмыстармен шұғылдану мүмкіндігіне ие болдық. Жүрек ауруларын айқындап емдеуге арналған жаңа технологиялық құралды ойлап таптық. Енді ол өндірістік негізде шығарылатын болады. Құралда міндетті түрде «Қазақстанда жасалған» деген сөз тұрады. Сөйтіп, Назарбаев Университет оның қабырғасында жүріп-ақ кәсіптік тұрғыдан дамуымызға жақсы қолайлы жағдай туғызды. Сонымен қатар, қарапайым сөзбен айтсақ, осы университетті бітіріп отырған жастар да «Қазақстанда жасалған» деген брендке айналатындығына сенімім зор», деді Қ.Әубәкіров. Назарбаев Университет қазақ тілі, мәдениеті және әдебиеті  бөлімшесінің меңгерушісі профессор Гүлтас Құрманбай өз сөзін өлеңмен өрнектеді. Оның: «Менің елім ежелден-ақ қасиетке мән берген, Шыбық емес, бәйтерек деп орын тіккен бұл жерден. Терең тамыр, биік шынар үлгі болсын жастарға, Қасиетін ұмытпайық, киелі ғой бұл мекен.   Білім деген ғұмырыңның жанып тұрған шырағы, Туған жерің, туған елің жер біткеннің жұмағы. Әлемді иіп алдыңа әкеп, ғылым-білім үйреткен, Сендерсіңдер үміт артқан Елбасының ұланы», – деген шумақтары есімізде қалды. Шара Елбасының университет бітірген түлектермен бірге суретке түсуімен аяқталды. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.