Салтанатты іс-шараның құттықтау сөзін музейдің ғылыми хатшысы Саялбек Ғиззатов жеткізді. «Тілеужан Батанов жеке көрмесін «Сезім» деп атауы тегін емес деп ойлаймын. Өйткені әйгілі испан суретшісі Пабло Пикассо «Нағыз суретші көргенін емес, сезінгенін жазады», дейді. Тілеужан ағамыздың туындыларына көңіл көзімен назар салу керек. Сонда ғана туындының пәлсапалық мәні ашылып, көрушінің көңіліне сәуле түсіреді», деп ізгі ілтипатын білдірді.
Иә, олай айтуы заңды. Себебі Тілеужан Батанов абстракциялық композицияларын ұлттық рәмізге негіздеп, оған фигуративтік құбылыс элементтерін жиі қосады. Осы әдіспен бүгінгі қоғамның драмалық жағдайын жақсы бейнелейді.
Туындыгер кескіндемемен қатар декоративті және қолданбалы өнерде өзінің қолтаңбасын қалыптастыра білген шебер. Ол туралы суретші, этнограф Қалиолла Ахметжан былай деп пікір білдірді: «Өткен ғасырдың 80-жылдары біздің өнер кеңістігімізде үлкен өзгеріс болды. Сол кезде кескіндеме, сұңғат саласында жүріп жатқан ізденістермен бірге қолданбалы өнер саласының жаңа түрлері іргелене бастады. Соның ішінде керамикамен жұмыс істеудің асыл арнасын жасаған әріптесіміз – Тілеужан Батанов. Оның бұл саладағы үлкен жемісті нәтижесі – портреттік бейнелерді керамикада қашай білгені еді. Соның арқасында жас суретшілер керамикаға бет бұрып, тұтас мектеп қалыптасып келеді».
«Менің туған жерім – Алматы облысындағы Көлсай деген жер. Табиғаты тұмса, сұлулығы таңдай қақтырарлық. Көкпеңбек аспан, мөп-мөлдір көл, ағып жатқан асау өзен менің суреткерлік көзқарасымды қалыптастырған табиғат сыйлары еді», дейді суретшінің өзі. Бүгінде суретші жеке шығармашылықпен қоса, ұстаздықпен де айналысып жүр.
Ашылу салтанатының қорытынды бөлімінде Көркем сурет академиясының вице-президенті Асқар Әжібекұлы әріптесі Тілеужан Батановты бейнелеу өнеріне айрықша еңбек сіңіргені үшін Құрмет грамотасымен марапаттады.