Шырайлы Шымкент сахнасында бекзат өнердің бөлек болмысын көрсеткен «Астана опера» әртістерін жергілікті театрсүйер қауым ерекше ықыласпен қарсы алды. Құрамында сахна шеберлері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жұпар Ғабдуллина, Жанат Шыбықбаев, Мейір Байнеш, Бибігүл Жанұзақ, Бағдат Әбілханов, Раушан Бескембирова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Гүлдана Алдадосова, Талғат Ғалеев, Болат Есімханов, Талғат Аллабиринов бар елордалық ұжым халықтың қошеметіне тәнті болып, шабыттана өнер көрсетті.
Әсіресе өнер кешін ел композиторлары туындыларының шебер орындалуы көріктендіре түсті. Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан Шегенің ариясы мен М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан айтыс сахнасы сынды ұмытылмас сәттер тыңдармандарға үлкен әсер қалдырды. Бұл шығармалар, бір жағынан ұлттық музыкалық мәдениетті көрсетсе, оларды нақышына келтіре орындау – түп-тамырымызға оралуды білдіреді.
Ел композиторларының музыкасы А.Вивальди, П.Чайковский, А.Дворжак, Дж.Пуччини сынды әлемдік классиктердің арияларымен үндесіп отырды. Шабытқа толы өнер салтанаты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі «Астана опера» симфониялық оркестрі мен хорының сүйемелдеуімен өтті.
Бағдарлама соңында шырқалған Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әні әртістер мен көрермендерді отансүйгіштік сезім атмосферасында біріктірді. Өз елі үшін мақтаныш пен бірліктің рәмізі ретінде көпшілік бұл композицияны тік тұрып қосыла орындады.
«Бүгінгі кеш шынымен де таңғаларлықтай өтті. Осынау бірегей мәдени тәжірибені ешқашан ұмытпаймын. Біз М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіндегі әріптестерімізбен кездесуге Қазақстанға енді ғана келген едік, сөйтіп олар бізге операға баруға ұсыныс айтты. Мен мұндай дарынды әртістерді бір сахнада бұрын-соңды көрмедім және көрермендердің осыншалықты ыстық ықыласына куә болған емеспін. Бағдарламаны аяқтаған нөмір ерекше есте қалды, осынау үздік нөмірге зал ду қол шапалақ жаудырды. Бұл олардың дарынының күші мен өнердің адамдарды біріктіретінінің нағыз дәлелі болды», деді АҚШ-тан келген профессор Кристофер Джонстон.
Сондай-ақ гастрольдік бағдарламада жас тыңдармандарға да ерекше көңіл бөлінді. Оларға арнап «Музыка әлемі» танымдық концерті әзірленіп, әртістер оқушыларды опера дауыстарымен, аспаптармен таныстырды. «Астана операның» музыкатанушысы Сәуле Мәулетованың қызықты әңгімесінен кішкентай театрсүйер қауым опера мен классикалық музыка әлемі туралы көбірек ақпарат алды.
«Астана опера» театры қаламызға гастрольмен келетінін афишадан көргенде, бірден балаларға арналған концертке де, кешкі концертке де билет алдым. Бұл – күнде бола бермейтін маңызды оқиға. Балаларым музыка мектебіне барып жүрсе де, негізгі базаны білсе де, бүгін музыка әлеміне бойлап, онымен жаңаша танысқандай көрінді. Өйткені соның барлығын көзбе-көз тамашалау – мүлдем басқа тәжірибе. Баланың білім алуы бір бөлек те, оның жанды өнерді тамашалауы – бір бөлек», дейді көрермен Әйгерім Қожанова.
«Астана операның» Шымкенттегі шығармашылық сапары табыспен өтіп, нағыз мәдени оқиғаға айналды. Әртістер өздерінің келуін асыға күтетін шымкенттік көрермендердің сүйіспеншілігі мен ризашылығын арқалап жолға шықты. Мұндай музыкалық көш республиканың түкпір-түкпіріндегі ел тұрғындарын асқақ өнерге баулып, шекарасын кеңейтетіні сөзсіз.