Қоғам • 01 Қазан, 2024

Аға буын – қоғамның ақылшысы

96 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өркениет көшіндегі өрелі жұрттың қариясы да қадірлі болатыны рас. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейтін қазақы таным-түсінікте үлкенді құрметтеп, төрден орын беру – бұлжымас қағида. Мемлекет те қарияларымыздың қамсыз өмір сүруіне барынша жағдай туғызып келеді.

Аға буын – қоғамның ақылшысы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Елімізде жасы жүзден асқан­дар­дың саны – 423. Солардың ішінде ең егдесі – Ұлытау облысының тұрғыны. Ол биыл 114 жасқа толыпты. Павлодар, Түркістан облыстарын­да да 110 жастан асқан қариялар бар. Статистикалық дерек­терге үңіл­сек, ұзақ өмір сүретін қария­лар елі­міздің оңтүстік өңірінде көбірек екен. Мысалы, Түркістан облы­сында 100 жас­тан асқан 64 қария бар. Ұзақ өмір сүре­тін азаматтардың көрсеткіші жөні­нен екінші орында – Алматы қаласы. Қазір қалада 100 жастан асқан көзі тірі 48 қарт кісі тұрады. Үшінші орында – 100 жас­­тан асқан 38 қариясы бар Алматы облысы.

Бүгінде елімізде 2,4 миллионнан ас­а зей­нет­кер ғұмыр кешіп жатыр. Қария­лар­ды әлеу­меттік қолдау іс-шаралары мем­­лекеттің назарынан тыс қалған емес. Мем­лекет аға буын өкілдерін әлеу­мет­тік қор­ғауға, зейнетақымен қамсыз­дан­дыру жүйесін жетілдіруге басым­дық бере­ді. Еліміздің зейнетақы жүйе­сін одан әрі жаңғыртудың 2030 жыл­ға дейінгі тұ­жы­рым­д­амасына сәйкес, база­лық зей­­нет­ақы мөлшері жыл сайын инфл­я­­ция деңгейіне, ал ынтымақ­ты зей­нет­­ақы мөлшері инфляция деңгейі­нен 2%-ға іл­гері индекстеледі. Мыса­лы, биыл 1 қаң­тардан бастап ынтымақ­ты зей­­нет­ақы­лардың мөлшері 9%-ға ұл­ғай­ды. Әрі ең төменгі күнкөріс деңгейі кө­­ле­мі­­нің өзгеруіне байланысты база­лық зей­нет­ақының мөлшері артты. Иә, Мем­­ле­кет басшысының тапсырмасымен ба­за­­лық зейнетақының мөлшері кезең-кезеңі­мен жылдан-жылға көбейіп отырады.

па

Биыл қаңтардан бастап оның ең төменгі мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 60%-дан 65%-ға дейін, ал ең жоғары мөлшері 100%-дан 105%-ға дейін артты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарттарды қолдауға, оларға әлеуметтік қыз­­мет көрсету деңгейін арттыруға қоғам­дық өмірге жұмылдыруға ықпалдасады. Бүгін елі­мізде 92 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, жұмысын үйлестіріп отыр. Осындай орталықтарға жергілікті бюджеттен бөлінген қаражаттың жалпы сомасы биыл 5,9 млрд теңгеге жеткен. Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары «бір терезе» қағидатымен үш бағытта жұмыс істейді. Олар белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті, қоғаммен байланысқа назар аударады. Орталықтардың қызметі егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, өнімді, белсенді ұзақ өмір сүруді ынталандыруға, оның ішінде бос уақытты жүйелі ұйымдастыруға, қарттардың еркін­дігін қамтамасыз етуге бағытталған. Зейнет­керлер осындай орталықтарда йога, скан­дина­виялық жүріспен айналысып, цифрлық сауат­тылықты арттыру, мотивациялық, кәсіп­керлік курстармен қатар, ағылшын тілі кур­сына қатыса алады.

Бүгіннен бастап елімізде Қарттар күніне орайластырылған айлық басталады. Айлық аясында облыс, қала мен аудандардың әкім­дері, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары аға буын азаматтарын әлеуметтік қол­дау мақсатында түрлі іс-шараларға тар­тады. Еңбек ұжымдарында кездесу, амбу­латориялық-емханалық ұйымдарда Ашық есік күндерінен бөлек, басқа да аға буын мен жастардың басын қосатын мән-маңы­зы жоғары кездесулер өтеді. Қарттар күніне орай Астана қаласында, Ақмола (ең төмен­гі зейнетақы алушыларға), Қарағанды (75 жас­тан асқан азаматтарға), Павлодар (ең төменгі зейнетақы алушыларға, 80 жас­тан асқан азаматтарға), Шығыс Қазақ­стан (90 жастан асқан азаматтарға), Маңғыстау (70 жастан асқан азаматтарға, Түркістан (жалғызбасты зейнеткерлерге, 100 жастан асқан азаматтарға) облыс­тарында, сондай-ақ Ұлытау облысында ­(70 жастан асқан азаматтарға, мүгедектігі бар адамдарға) 235,8 мың адамды қамти отырып, жалпы сомасы 2,7 млрд теңгеге біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.

Биыл жергілікті бюджеттердің мүм­кін­дігін ескере отырып, бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі аясында қарт кісілерді әлеу­меттік қолдауға 12,4 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалыпты (оның ішін­де жергілікті бюджеттерден – 11,8 млрд теңге, тартылған қаражат есебінен – 0,6 млрд теңге). Оның ішінде азық-түлік жиынтығын ұсынуға, жеңілдікпен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, тіс протездеуге, санаторийлік-курорттық емшараға, тұрғын үйді жөндеуге, отынмен қамтамасыз етуге, жеңілдікпен жол жүруге, басқа да көмекке қаражат берілген.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ұсынған ақпаратқа назар аударсақ, зейнет жасына толуына байланысты БЖЗҚ-дан берілетін орташа айлық төлем 33 817 теңгені құрапты. Ал зейнеткерге аударылатын ай сайынғы төлемнің ең жоғарғы сомасы – 945 752 теңге. Биыл қыркүйекке дейінгі мерзімді қоса алғанда отандастардың БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарындағы зейнетақы активтері 20,9 трлн теңгеден асқан. Жыл басынан бергі 8 ай ішінде 3 трлн теңгеге жетіп, 17 пайыз өскен. Зейнетақы жинақтарының жылдық өсімі – 4,1 трлн теңгені құрайды. Жинақтардың 96,25 па­йыз мөлшері Міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан. Міндетті кәсіптік зейнетақы жинақтары – 627 млрд теңгеге жетсе, ерікті зейнетақы жарналары жөніндегі жинақтар 7 млрд теңгеге өскен.

1 қаңтардан бастап салымшылардың (алу­шы­лардың) зейнетақы шоттарына жұмыс беру­ші­нің міндетті зейнетақы жарналары түсіп жатыр. Қыркүйекке дейін жұ­мыс берушілерден түскен зейнетақы жинақтары – 148,9 млрд теңгеге жеткен. Жинақ көлемі зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс түріндегі кіріс ағын­дары есебінен ұлғаяды. Қаңтар-тамыз ара­лы­ғында салымшылардың шоттарына түс­кен зейнетақы жарналары шамамен 1,78 трлн теңге болған. Өсім былтырмен салыс­тыр­ғанда 406,01 млрд теңгеге артық. БЖЗҚ салым­шыларының жеке, шартты зейнетақы шот­­та­рына есептелген таза инвестициялық кіріс жыл басынан бері 1,9 трлн теңгені құра­ған.

8 айда БЖЗҚ-дан жарналардың бар­лық түріне жасалған төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар түріндегі шығыс ағындары 740 млрд теңгеге жетті. Бұл былтырғы сәйкес кезеңдегі төлемдердің көлемінен 2 есе көп. Мысалы, тұрғын үй жағ­дайларын жақсартуға, емделуге арнал­ған біржолғы зейнетақы төлемдері – 322,6 млрд теңге. Ал зейнет жасына толуына бай­ланыс­ты төлемдер шамамен 130,6 млрд теңге. Бұл былтырғы көрсеткіштен 26 пайыз­ жоғары болып тұр. Мүгедектігі бар азамат­тардың төлемі 2 млрд теңгеден асса, сақтан­дыру ұйымдарына 212 млрд теңгеден астам сома аударылған. Елімізде зейнетақы жүйе­сінің базалық, ортақ, жинақтаушы деп аталатын үш деңгейі бар. Мұның ішінде базалық, ортақ бөліктерді мемлекет республикалық бюджет есебінен төлейді. Базалық зейнетақыны зейнет жасына толған барлық зейнеткер алады. Бірақ оның көлемі 1998 жылға дейінгі еңбек, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты. Биыл базалық зейнет­ақы төлемінің ең төменгі мөлшері 28 215 теңге болған. Егер азамат жинақтаушы зей­нет­ақы жүйесіне 30 жыл, одан көп уақыт қа­тыс­қан болса, оған ең жоғарғы 45 578 тең­ге мөл­­шеріндегі базалық зейнетақы тағайын­да­лады.

Ортақ зейнетақы төлемінің мөлшері еңбек өтілімен айқындалады. Оны 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі кемінде алты айды құрайтын адамдар алады. Әрі зейнетақы есептелген кезде азаматтың үш жыл қатарынан орташа айлық табысы ескеріледі.

Зейнетақы төлемінің мөлшері азаматтар аударатын зейнетақы жарналарының тұрақтылығына, мөлшеріне, сондай-ақ осы зейнетақы жарналарын түрлі қаржы құралдарына инвестициялаудан түсетін кіріс­ке тікелей байланысты. Міндетті зейнет­ақы жарналарын заңды, жеке тұлғалар, жеке кәсіп­керлер, шағын бизнес субъектілері, шаруа қожалықтары, шетелдерде жұмыс істейтін ел азаматтары төлейді. Оның мөл­­шері айлық табыстың 10 пайызы көле­­мінде. Тағы бір айта кететін жайт, еңбек жағдайлары зиянды өндірістерде жұ­мыс істейтін азаматтардың пайдасына 5 пайыздық міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары белгіленгенін білетін боларсыздар. Сосын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары жылдың басында енгізілді. Жарнаның бұл түрін жұмыс беруші өз қаражаты есебінен 1975 жылы, одан кейін туған азаматтардың пайдасына аударып отырады. Биыл оның мөлшері қызметкер табысының 1,5 пайызын құраса, 2028 жылға дейін біртіндеп 5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Яғни зейнет жасына дейін түрлі салада аянбай еңбек етіп, елдің экономикалық дамуына үлес қосқан қариялар еңбегіне қарай жоғары зейнетақысын алады, әлеуметтік қолдаудан да қалыс қалмайды.