Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
«Бұл мүдделер қақтығысын болдырмауға мүмкіндік береді. Себебі бүгінде тексеру комиссиялары жергілікті бюджеттерден қаржыландырылады. Ал бұл жүргізілетін аудиттердің объективтілігіне әсер етуі мүмкін. Бұл ретте жергілікті өзін-өзі басқарудың маңызды рөлі сақталып қалады. Мәселен, мәслихат депутаттары Жоғары аудиторлық палатаның тиісті аумақтық департаменті басшылығының екі өкілін тағайындай алады. Олар жергілікті бюджеттің атқарылуы жөніндегі қорытындыны және өңірдің өзекті проблемалары бойынша аудит қорытындыларын тыңдауға, аудит жүргізудің жыл сайынғы жоспарына өз ұсыныстарын енгізуге құқылы. Жалпы, Жоғары аудиторлық палатаның өңірлік департаменттерінің мәслихаттармен өзара іс-қимылын «Жоғары аудиторлық палата – Парламент» моделі арқылы құру жоспарланды. Сондай-ақ мемлекеттік аудитор біліктілігін алуға үміткер кандидаттарды бірыңғай емтиханнан өткізуді ЖАП құзыретіне беру көзделіп отыр. Бұл мемлекеттік аудит органдарының кадрлық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді», делінген ЖАП порталындағы баспасөз баянында.
ЖАП төрағасы Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы мемлекеттік аудит жүйесін реформалау туралы бастамаға қолдау білдіргенін, бұл оның тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Қазір мемлекеттік аудит реформасын іске асыру жөніндегі Жол картасы әзірленіп, туындаған заңнамалық, ұйымдастырушылық мәселелерді шешу қолға алынған.
Әділі керек, осы проблеманы бұдан бірнеше жыл бұрын алтыншы шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаттары көтерген еді. Мәжілісмендер өңірлік мәслихаттардың жанындағы Тексеру комиссиялары мен Қаржы министрлігіне қарасты аумақтық Ішкі мемлекеттік аудит департаменттері бір-бірінің қызметін қайталайтын қосарланған құрылымдар екенін сынап, оларды оңтайландыруды ұсынған еді.
ЖАП-тың өңірлік Тексеру комиссияларын өз қарамағына алуы оларға қойылып отырған талапты күшейтіп, қаржы саласында тәртіп орнатуға ықпалын тигізетіні. Ал бұдан мемлекет қазынасы ұтпаса, ұтылмайтыны анық. Сондықтан мемлекеттік аудит жүйесінің реформасы – Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметті жетілдіріп, тиімді мемлекеттік аппаратты қалыптастыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес екені сөзсіз. Әйтсе де алдағы уақытта екі орталық мемлекеттік органның өңірлердің қаржы саласында заңнаманың сақталуын бақылайтын құрылымдары – ЖАП-тың аумақтық департаменті және Қаржы министрлігінің аумақтық ішкі мемлекеттік аудит департаменті қатар қызмет атқаратыны ойландырмай қоймайды.
Президенттің 2019 жылғы Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер саны 2021 жылы 15 пайызға қысқартылғаны мәлім. Бірақ «Қойшы көп болса, қой арам өледі» дегендей, бірқатар салада министрліктер мен өңірлік әкімдіктердің қызмет бабында бір-бірімен жағаласып жүретін шенеуніктері әлі де аз емес. Осы орайда қоғамда орталық және жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік биліктің бір тармағы, яғни біртұтас атқарушы билік болып саналатынына қарамастан, министрліктердің көпшілігі өздерінің аумақтық департаменттерін құрып, оларға бақылау-қадағалау функцияларын бергені, ал олар өңірлік басқармалардың қызметін қайталайтыны сыналып жүр. Мысалы, облыстық әкімдіктердің Ауыл шаруашылығы, Ветеринария, Жер қатынастары және Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармалары бар болғандықтан, Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық инспекцияларының қаншалықты қажеті бар? Егер аталған аумақтық инспекциялардың қызметі тиімді болса, онда олар осыған дейін шаруалардың жанайқайын шығарып келген субсидия бөлу ісінде неге тәртіп орнатпаған?
Облыстық әкімдіктердің Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармалары мен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциялары да бірін-бірі қайталайтын қызметтерді атқарады деген сын айтылып жүр.
Облыстық әкімдіктердің Білім басқармалары барда Оқу-ағарту министрлігінің өңірлердегі Білім саласындағы бақылау департаменттерінің қандай қажеттілігі бар? Олар еліміздегі білім беру деңгейін көтеруге үлес қосып жарытты ма? Айталық, жергілікті мектептерді аттестаттау олар беретін білім сапасын арттыра алды ма? Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда облыстарындағы Білім саласындағы бақылау департаменттерінің бұрынғы директорлары білім беру ұйымдарының басшыларынан пара алу кезінде ұсталып, сотталғандығынан сабақ алынды ма? Шынтуайтында, кейінгі жылдары білім саласында болып жатқан оң өзгерістерге мектептерді аттестаттау мен әртүрлі тексеру арқылы емес, «Педагог мәртебесі туралы» заңды қабылдау және педагогтердің жалақысын көбейту сияқты жүйелік шараларды қолдану арқылы ғана жол ашылғаны сөзсіз.
Облыстық әкімдіктердің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары мен Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармалары аздай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің аумақтық департаменттерін құру қандай қажеттіліктен туындаған?
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік бюджет қаражатын үнемдеуге басымдық беріп отырған Үкімет мемлекеттік органдарды одан әрі оңтайландыру мәселесіне тағы бір назар аударып, тиісті талдау жүргізіп көрсе, артық болмас еді.