16 Маусым, 2015

Айыпсыз айыпты болғандар...

402 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Маи-01 Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2013 жылдың қыркүйек айында «Егемен Қазақстанда» «Обал» деген мақаламыз жарияланған болатын. Бұл мақалада екі полиция қызметкеріне жасалған қиянат туралы айтқан едік. Арада екі жыл өткенде сол облыста (Маңғыстау), дәл сол қалада (Жаңаөзен) дәл сондай оқиға орын алды. Өздерінің міндеттерін адал атқарып, кейбір лауазымды шенеуніктердің құқық бұзушылықтарының алдын кесеміз деп жүріп, арандап қалған жас жігіттердің өздерінің бастарына күн туыпты. Заңдылықты сақтаймыз деп жүріп, заңсыздықтың құрбаны болған бес полиция қызметкеріБ.Бисекеш, К.Айнаханов, Е.Нұрқабылов, А.Төлесбаев, Ф.Жармағанбетов «Егеменге» арыз жазыпты. «2015 ж. ақпан айының 1-інен 2-сіне қараған түні мен, полиция сержанты Б.Бисекеш серіктесім К.Әлібаевпен бірге қызметте болып, мем. № 445-АХ-12 «КИА-Сорета» маркалы автокөлігінің жүргізушісі 1-ықшам ауданда орналасқан бағ­дар­шамның қызыл түсіне өтіп кет­кендігін байқадым. «Тоқтаңыз» деген ескертуіме автокөлік жүргі­зушісі мән берген жоқ, мен дабылды қосып, жол ережесін бұзған жүргізушінің ізіне түстім. Оған қоса, бірнеше рет дауыс зорайтқыш арқылы тоқтауын сұрадым, жүргізуші оған да құлақ асқан жоқ. Тек 4-ықшам ауданда жол ережесін бұзған жүргізушіні жолдың жиегіне қыстық, сол кезде ол амалсыздан тоқтады. Содан соң автокөліктен өзін Жаңаөзен қаласы прокурорының кө­мекшісімін деп таныстырған жол ережесін бұзушы С.Еңсеп шы­ғып, соңына түскенімізге дөрекі түрде­ наразылық танытып, мені балағат­та­ды. Прокурордың көмекшісі С.Ең­сеппен болған әңгімені біз бейне­ка­мераға жазып алдық, бейнежазбадан сөзбе-сөз: «Кім старший... Неге әдейі қуасыңдар... Неге танымайсың... Кімсің мені тоқтататын... Давай тай... Кімсің сен...» (Бейнежазба бар). Прокурор көмекшісі С.Еңсеп менің «өзіңізді сыпайы ұстаңыз, балағат­та­маңыз, өйткені, мен қыз­метте жүрген билік өкілімін» деген сөзіме назар аудар­ған жоқ. Содан соң прокурор көмекшісі Еңсеп көлігіне отырып, кетіп қалды. Осылайша мен Жаңаөзен қаласы прокуратурасының қызметкері бол­ған­дық­тан, өз қызмет бабын пайдаланып, ҚІІБ ӘТБ қызметкері ретінде маған бағынбай, мені балағаттап, оқиға орнынан өз бетінше кетіп қалған, жол ережесін бұзған прокурор көмекшісі С.Еңсепке қа­тысты қажетті хаттаманы толтыра алмадым. Сол күні 4 сағат 30 минутта біз, по­ли­ция қызметкерлері Б.Бисе­кеш пен Ф.Жармағанбетов Жаңа­өзен қаласының сыртында, мұнай кәсіпшілігі аумағында орналасқан «Перекачка нефти» бекетіне ша­қыр­ту бойынша шықтық. Келген бойда күзетшілер Н.Асанов пен Е.Күнебаевтан білгеніміз, күзетілетін мұ­най объектісіне мем. №КЗ-182ВИА-12 «Хюн­дай Санта Фе» мар­калы авто­көлігімен бейтаныс ер адам келіп, дөрекі түрде қақпаны ашуды талап еткен. Олар автокөлік тіз­гі­нін­де мас күйінде түнгі ауысымда жұмыс істейтін таныс қызына келген Байкулов Олжас Баймұратұлының отырғанын анықтайды. О.Байкулов мас күйінде дөрекілік танытып, күзетілетін мұнай аумағына кіруге тал­пынғандықтан, күзетшілердің ескер­туіне құлақ аспағандықтан, олар полиция шақыруға мәжбүр болған. Біз өзімізді таныстырып, Байку­лов­тың құжаттарын талап еттік. Сол уақытта Байкулов сабасына түсіп, өзін жақсы ұстады. Жаңаөзен қаласы прокурорының көмекшісі С.Еңсеп­пен бірге спирттік ішімдік ішкенін мойындады, құрбысына келгенін, бірақ оған күзетшілер тосқауыл болғанын айтты. Ол бұрынырақ көлік жүргізу куәлігінен айырылғандығын, мас күйінде автокөлік жүргізгені және жаяу жүргіншіні қағып кеткені үшін екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығын да мойындады. Содан соң біз наркологиялық куә­лан­дыру жүргізу үшін О.Байку­ловты Жаңа­өзен қала­лық уақытша бейімдеу орта­лы­ғына жеткіздік, онда бас дәрігер М.Тәуекеловтің өзі кезекші екен. Байку­ловты көрген бойда бас дәрігер Тәуекелов жеткізілген азаматты танитындығын, ол қалалық прокурордың көмекшісі Ең­сеп­тің досы екендігін айтып, менен оны «бейбіт» түрде жіберуді сұрап, оған «мас емес» деген қорытынды бере­тінін айтты. Тәуекеловтің іс-әрекеті түсінік­сіз, Байкуловқа деген көз­қарасы «жұм­сақ» көрінді, сырты­нан оның Бай­куловқа бұл жағдайдан таза шығуға көмек­тескісі келетіні байқалып тұрды, Тәуекелов Байкуловпен ұзақ сөйлесті, олардың әңгімелері жеке, қызмет бабынан тыс болды. Тәуекеловтің Байкуловқа көмектескісі келетіні сондай, ол менің куәландыру бөлме­сінен шығуымды сұ­рады, Байку­ловпен жеке қалып, 10 минуттай сөйлесті. Содан соң Тәуе­ке­лов өз ұялы телефонынан про­ку­рордың көмек­шісі Еңсепке қоңы­рау шалып, Бай­куловқа да таныстарына қоңырау шалуға мүмкіндік берді. Мен, яғни, Б.Бисекеш бірден бас тартып, арызданатынымды айттым. Сол кезде бас дәрігер Тәуекелов Байкуловтың күйін алкотестерде тексеріп, қажетті хаттаманы толтырып, Байкуловтың қанында АТ-0,1-0,2 пайыз алкоголь бар екендігі, ол «жеңіл дәрежеде» мас екендігі туралы №223 қорытынды шығаруға мәжбүр болды. Бас дәрігер Тәуекеловтің Бай­ку­ловтың жеңіл дәрежеде мас екендігін растайтын №223 қорытындыны өз қолымен толтырғандығын қайталап айтамын, бірақ белгісіз себептермен оны Байкуловқа қол қоюға бермей, біреуді күтіп отырды. Сонда мен Тәуекеловтің куәландыру қорытындысын бұрмалағысы келіп тұрғандығын түсініп, тез арада ұялы телефонымның бейне­жазбасын қосып, №223 қоры­тындыны жазып алдым, нәти­жесінде менің қо­лымда бас дәрігер Тәуекеловтің заңға қайшы әрекетінің бейне және фото­айғағы бар (қорытындының бей­не көшірмесі бар). Әрі қарай Тәуекелов Байку­лов қоры­тындыға қол қоюдан бас тартып жа­тыр, соған сәйкес хаттама толтыру керектігін, оған екі куәгер қажет екен­дігін мәлімдеді. Мен куәгерлерді із­деуге шығып кеткенімді пайдаланып Байкулов көшеге шығып кетіп, жасырынып қалуға тырыс­ты. Бірақ мен оны қуып жетіп, қайтадан УБО-ға жеткізіп, оған серіктесім Жармағанбетовты күзетші етіп қалдырып кеттім. Мен «Перекачка» объектісіне барып, күзетшілер Асанов пен Күне­баевты куәгерлер ретін­де алып келдім, сол кезде бас дәрі­гер Тәуекелов оларға: «хат­та­маға қол қойсаңдар, сен­дерді сот­қа сүйрейді, полиция­мен байла­нысқандарыңа өздерің өкі­ніп­ қаласыңдар» деп ашық­тан-ашық қысым көрсетті. Тәуеке­ловтің бұл сөздері күзет­ші-куә­гер­лерге әсер етіп, олар бұл іске араласудан бас тартып, кетіп қалды. Біраз уақыттан кейін УБО-ға мем.№877-ВЕА «Лада-Приора» маркалы автокөлігімен Байкуловтың танысы (тұлғасы анықталған жоқ) келді. Ол өзін тек Байкуловтың қыз­меттесімін деп таныстырып, оны не үшін ұстағанымызды сұрады. Біз болған жайтты талқылап жатқа­нымызда Байкулов «Лада-Приора» автокөлігінің тізгініне отырып, кетіп қалды. Біз сол арада оны қудық. Байкулов қашып құтыла алмайтынын түсініп, «Мұнайлы» ықшам ауданының 5-көшесінің аумағында орналас­қан жер үйдің ашық ауласына кіруге мәжбүр болды. Байкулов автокөлік салонын бекітіп алып, өз таныстарына қоңы­рау шала бастады, үздіксіз көліктің дабылын басты, оған сол маңдағы үй иелері оянып кетіп, таң атпастан олардың мазасын алып жатқанымызға наразылық білдірді. Мен рация арқылы болған жағ­дайды ҚІІБ жедел кезек­шісіне хабарлап, көмек сұра­дым. Маған көмекке полиция аға сержанты К.Айнаханов бастаған «Тұлпар-27» экипажы келді. Айнаханов Байкуловты бейбастақтықты доғарып, дабылды баспауға көндіріп көрді, бірақ ол оған құлақ аспай, дабылды баса берді. Содан соң Ай­наханов автокөліктің шеткі терезесін сындырып, біз Байкуловты салоннан шығарып, оны қайтадан УБО-ға жеткіздік. Біраз уақыттан кейін УБО-ға прокурордың көмекшісі С.Еңсеп келіп (оны Тәуекелов пен Байкулов шақырған), бізге, яғни, полиция қыз­меткерлеріне Байкуловты заң­сыз түрде ұстадыңдар, оған дене жа­рақатын келтірдіңдер деп наразылық танытты. Полиция қызметкерлері заң шеңберінде әрекет етті деген жауабымызға прокурор көмекшісі Еңсеп пысқырған да жоқ, Байкуловты өзі­мен бірге алып кететінін мәлімдеді. Оған мен (Б. Бисекеш) қарсы болдым, Байкулов заңбұзушылық жасады, ол үшін заң бойынша жауап беруі тиіс дедім. Прокурор көмекшісі Еңсеп жол ережесін бұзғаны үшін менің түнде оның ізіне түскен алғашқы жағдайды есіме салып, менің үстімнен қылмыстық іс қозғаймын деп ашық түрде қоқан-лоқы көрсетті. Мен қайтадан заң шеңберінде әрекет етіп жатқанымды айттым. Прокурор көмекшісі Еңсеп Бай­ку­ловты алып кете алмайтынын түсініп, бастығымыз – ҚІІБ ӘЗБ бастығы Н.Келма­ғанбетовке қоңырау шалып, оны УБО-ға шақырды. Келма­ғанбетов келген кезде Еңсеп онымен жеке сөйлесті, содан соң мені шақырды. Еңсеп «Вольф Кар» маркалы қызметтік кішкентай бейнетір­кеуішімді өшіріп тастауымды талап етті, мен бас тарттым. Сол кезде менің тікелей бастығым Келмағанбетов бейнетіркеуішті беруімді талап етті, ауысым кезінде бұл бейнетіркеуіш менің атымда екенін, ауысымым әлі аяқталмағандықтан, бұл талаптың заңсыз екенін білсем де, оның бұйрығын орындап, бейнетіркеуішті беруге мәжбүр болдым. Әрі қарай Еңсеп пен Келма­ған­бетов мені Байкуловты бейбіт түрде жіберуге көндіре бастады. Еңсеп нарколог Тәуекеловпен өзі сөйлесетінін, тек мен келісім берсем болатынын айтты, мен үзілді-кесілді бас тарттым. Көшеге шыққаннан соң мен екі экипаждың басқа мүшелеріне прокурор көмекшісі С.Еңсеп пен тікелей бастығымыз Келмаған­бетовпен болған әңгімені баян­дап бердім, біз­ді ақымақ қы­лып, тағы да «лақ­ты­рып» кет­кен­дерін, барлық құ­жат­тар мен автокөліктің кілтін бе­ру­­ге мәжбүр болғанымды айт­­тым. Экипаждың барлық мүшелері бұл әділетсіздікке наразы­лық­тарын біл­дір­ді, нәтиже­сінде біз, полиция­ның 7 қызметкері ішкі істер органдары­нан кету тура­лы баянат жазып, оны­ ҚІІБ кадрлар жөніндегі бас­ты­­ғы орынбасарының өз қолына тап­сыр­­дық. Баянатта кету себебі­мізді жаздық. Қазіргі кезде білетініміз, проку­рор көмекшісі С.Еңсеп өз дегеніне жетіп, заңсыз жолмен О.Байкуловтың «мас емес­тігі» туралы №223 заңсыз қоры­тындыны алып, бізді, полиция қызметкерлерін кінәлі етіп, қыл­мыстық іс қозғайын деп жатыр. Осы мақсатта Байкулов сол күні кешке тіс дәрігеріне барып, жағы сынғаны, бірнеше тісі түсіп қалғандығы туралы анықтама және Жаңаөзен қала­лық мәслихатының депута­ты екендігі туралы қағаз алып алған. Тіс дәрігерінің тарапынан ҚІІБ-ға Байкуловтың жарақаты крими­налды сипатта екендігі туралы ақпарат келіп түскен, оның нәтижесінде қылмыстық іс қозғал­ған, бірақ оның қай бағыт­та зерттелетіні бізге белгісіз. Сонымен қатар, проку­рор кө­мекшісі Еңсептің Жаңа­­өзен қалалық УБО куәлан­дыру есеп журналын алып кет­ке­нін білдік. Жаңаөзен қала­лық прокуратурасы бізді кінә­лі етеді деп күдіктенеміз, олар­­дың бұл тұрғыда мол тәжіри­бесі бар, біздің алдымыз­да осындай жағдайда біздің қызметтес­теріміз, ҚІІБ қызметкерлері Г.Сабеков, Б.Тұрғынбаев және К.Телқозиев заңсыз сотталған болатын. Осылайша, прокурор көмек­шісі С.Еңсеп пен УБО бас дәрігері М.Тәуекеловтің іс-әреке­тінде заң­мен қудаланатын қылмыс­тық іс-әрекеттер анық көрініс тапқан, өйт­кені, О.Байку­­ловқа қатысты №223 қоры­тын­дының бір-біріне қарама-қайшы екі нұсқасы бар, сондай-ақ, жоға­рыда аты аталған үштік жинаған басқа да құжаттардың барлығы бұрмаланған деп күдіктенеміз». Шарафаддин ӘМІРОВ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ – АҚТАУ – ЖАҢАӨЗЕН – АЛМАТЫ. ...Дәл осындай оқиға осыдан екі жыл бұрын да болған. Сол кезде әділетсіздіктің құрбаны болған полиция қызметкерлері Г.Сәбеков, Б.Тұр­ғынбаев, К.Тел­қо­зи­ев өздерінің ар-намы­сын қорғау үшін әлі күнге дейін сот­тасып жүр. Олардың негіз­гі үміті, өздеріне қатысты қозғал­ған істегі барлық айыптаулар­дан Бас Про­кура­тура­ның бас тар­тып отырғанында екен. Ал бес полиция қызмет­ке­ріне қатысты істе де оң өзге­­рі­с- ­­­­тер көрі­неді. Мәселен, осы оқиғаның негізгі кейіпкері прокурор көмекшісі С.Ең­септің қыз­метінен кетуі, О.Бай­ку­лов­қа қатысты әкімшілік іс қозғалып, оның 20 күнге сотталуы полиция қызметкерлерінің үмітін оятқандай болды. Себебі, олар осы екі азаматпен (рөлді мас күйінде басқарған) айқасып жүріп, өздері айыпты болып қалған еді. Бес жігіттің ендігі үміті Ішкі істер министрінде. Айыпсыз айыпты болған жігіт­тер өз жұмыстарына қайта орал­ғы­лары келеді.