Білім • 01 Қазан, 2024

3-сынып оқушылары үшін «Еңбекке баулу» оқулығы жаңарды

333 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылдан бастап үшінші сынып оқушылары «Еңбекке баулу» пәнін жаңа оқулық арқылы меңгереді. Бұл оқулық балалардың шығармашылық қабілетін шыңдап, ұлттық құндылықтарды дәріптейді.

3-сынып оқушылары үшін «Еңбекке баулу» оқулығы жаңарды

Жаңа кітаптың негізінде оқушылар теориялық білім алып қана қоймай, күнделікті өмірде жиі қолданатын тұрмыстық зат үлгілерін жасауды үйренеді. Мысалы, «Сәндік-қолданбалы өнер» тақырыбы бойынша  балалар  қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің тарихымен, оның түрлерімен,  ерекшеліктерімен танысады. Одан соң қазақы оюларды ойып, қоржын, кілемше жасайды.     

Сабақ барысында оқушылар аталған заттарды жасауға қандай құралдар қажет екенін анықтап, тұрмыстық заттардың қандай материалдардан тұратынын  оқып, үйренеді. Кітаптағы үлгілерге сәйкес балалар матаны бүктейді, қияды, оған кесте салып, инемен жұмыс істеуге машықтанады. Кейін жасаған сөмке, қоржындарына «Мүйіз», «Қошқармүйіз», «Гүл», «Өркеш» сияқты  ұлттық оюларды салады. Оны моншақ пен зер сияқты әшекейлермен безендіреді. Оқушылар матаны немесе қағазды қию, жабыстыру барысында қолдары, саусақтары икемді бола түседі. Еңбекке қабілеті артып, шыдамды, тыңғылықты болуға, қажет нәрсені өзі жасап алуға және айналасын таза ұстауға дағдыланады. Қандай да бір затты сәндейтін бояуларды таңдау, оюларды дәл қажет тұсына орналастыру арқылы оқушылардың қиялы дамиды, суреткерлік талғамы мен түрлі түстерді сезіну қабілеті артады.

1

Еңбекке бейімділікті арттырумен қатар, балалар ұлттық құндылықтарға, халқымыздың мәдениетіне құрметпен қарауға  дағдыланады.  Бірлесе отырып оюлы заттарды жасау кезінде балалар жұп және топ болып жұмыс істеуге үйренеді. Бір-бірімен пікір алмасады. Жасаған заттарын отбасына, достарына тарту етіп, сабақ барысында алған әсерлері  мен білімдерін бөліседі.

Айта кетейік, оқулықта қосымша тапсырмаларды қолжетімді ететін әрі оқу материалын игеруге мүмкіндік беретін QR-кодтар орналасқан. Бұдан бөлек, сабақ аясын кеңейтуге мүмкіндік беретін және кілемше мен қоржын сияқты бұйымдарды жасаудың шығармашылық барысын көрсететін оқулықтың электронды нұсқасы қоса берілген. Бұл – бейнероликтер көрсету, аудио жазбаларды тыңдату, түрлі интерактивті тапсырмаларды орындату арқылы оқытуды жан-жақты қызықты өткізуге септігін тигізеді.