16 Маусым, 2015

Тоғыз жолды түйістіретін жаңа бекет

339 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
– Астана-ІІ вокзалының құрылысы басталды «Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырына айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады», – деп атап көрсетті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы Жол – болашаққа  бастар жол» атты Жолдауында. Ал бұл міндеттерді іс жүзіне асыруда теміржол бойындағы вокзал-бекеттердің рөлі зор. Ендеше, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған Астанада екінші жаңа вокзал салу – уақыт талабынан туған өрелі міндет. Вокзал-5   Астана қаласындағы жаңа вокзалдың құрылысы биылғы жаз маусымы бастал­ғаннан бері қызып сала берді. Құрылыс басындағы мамандардың айтуынша, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің бетке ұстар айшықты нысандарының біріне айналуы тиіс теміржол көлігіндегі жолаушылар қақпасында суық түскенше біраз негізгі жұмыстардың басын қайырып үлгеру қажет. Ағымдағы жағдайға келсек, елорда­дағы жолаушылар тасымалының екінші тынысын ашуға тиіс қазіргі заман беке­тінің болашақ ғимараты орналасатын орынға жер төсемі мен топырақ үю істерінің межесі 2690000 текше метр болса, бүгінде соның 56 пайыз жұмысы орындалған. Ал вокзал кешенінің бас ғимаратының астындағы қадаларды қағу қимылдары қазір толық аяқталып біткен. Ғимарат іргетасы мен қаңқасын монолиттік темір-бетоннан түзуде 83781 текше метр монолит қондырғылар орнатылған. Сонымен бірге, шойын жол эстакадасына байланысты жұмыстар да қызу жүргізілуде. Металл аралықты монтаждауда әзірге 27000 тонна қажетті заттың 1698 тоннасы қойылыпты. Жалпы, еңбек көрігі қызған маңызды нүктеге, бүгінгі нысанның құрылыс алаңына 850-ден астам маман мен құрылысшы және 72 ірі техника тартылған. – 2013 жылы арнайы келісімшартқа сәйкес, «Көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институты» ЖШС жасаған техникалық-экономикалық негіз­демеге сәйкес мемлекеттік сараптаудың жағымды қорытындысы қолға тиген соң, жан-жақты талдаудың нәтижесінде жаңа вокзалға қолайлы аймақ ретінде Өнеркәсіптік тұрғын алабының оңтүс­тігіне қарай өрілген «Мыңжылдық» аллеясының бойы таңдалды. Былтыр, 1-ші кезектегі іске қосу кезеңіне орай, кешенді жұмыстарды бастау жөніндегі уағдаластыққа отырдық. Қазіргі кезде жылы маусымды барынша пайдалана отырып, ғимаратты толыққанды «қымтап» алуға күш салудамыз. Жоспарлы кесте­ден кешікпей, көзделген мақсаттар тиісті деңгейде іске асырылуда. Енді инженерлік-коммуникациялар тартылады. Тапсырыс беруші «ҚТЖ» ҰК» АҚ-пен жемісті ынтымақтастықпен жоғары жағдайда жұмыс жүргізіп жатырмыз, – деді маңызды құрылысты салушы «Сембол» компаниясының өкілі Вагиф Исаев. «Көпір жасағы-8» ЖШС-нің бас маманы Михаил Матвеевтің айтуынша, бұл кәсіпорын бас мердігер «Жол жөндеуші» компаниясымен бірге игілікті істерге білек сыбана кіріскен. Содан, бірден қарбалас іс-қимыл алаңына қуатты техника, заманауи құрал-жабдық, уақытша тұратын вагондар жеткізілген. Неғұрлым жайлы да ыңғайлы өндірістік ахуал үшін кішігірім ауысымдық қалашық бой көтеріп, онда құрылысшылардың жатын орны, кеңсе, қойма, асхана орналастырылған. – Эстакаданың өзіне келсек, оның ұзындығы 2550 метр, 3 жол торабы сыйып кетеді. Тіреулер саны 88 бірлік болса, тиісті аралық бағандар 18-ді құрайды. Алдыңғы жағы шудан қорғайтын экранмен жабылған. Қадалар қағылып, монолиттік діңгектерді орнату жүргізілуде. Өткен жылғы мамыр айынан бері қазіргі уақытқа дейін бірқатар жұмыс атқарылып, межелі бағдарлар еңсерілді. Биылға көзделген көлемнің жартысы жүктелуде. Қарағанды қаласындағы «Имсталькон» АҚ пен Ресейдің Түмен қаласындағы «Тюменьстальмост» ЖШК металл құрылғылары зауыттарын аралап, мүмкіндіктерін, дайындалатын өнім сапасын таразылаған соң, «Қазақстан темір жолы» компаниясының келісімі бойынша 26000 тонна металл құрылымдарын алуға шарт жасалды. Оның 6 мың тоннасы «Имсталькон» АҚ тарапына тиесілі, – деп тарқатты әңгіме тиегін Михаил Павлович. Вокзал құрылысын салу нәтижесінде мемлекетаралық және аймақаралық байланыстағы жолаушылар қатынасы оңтайландырылып, ұлттық экономиканың дамуын еселей арттыруға ықпалы зор көлік жүйесі қалыптасады. Ал өткізу әлеуеті жол жүру бағыттарына жолаушыларды жөнелтудің ықтимал көрсеткіштері тұрғысында анықталған. Астана стансасына келіп түйісетін Тобыл, Көкшетау, Қарағанды, Павлодар бағыттарындағы жол тораптары бойынша тұтынушыларға қызмет көрсетіледі. «ҚТЖ» ҰК» АҚ – Ірі жобаларды жүзеге асыру дирекциясы филиалынан алынған мәліметке жүгінсек, вокзал кешенінің құрылымы жоғары өнімді технологиялар ұстанымына бейімделген инновациялық озық тәсіл­дерден тұрады. Бұл ретте жедел бас­қару­ды қамтамасыз ету көзделіп, Арқа­ның қатал да құбылмалы ауа райы мен жергілікті жағрапиялық жағдай толық ескеріліпті. Болашақта бой көтеретін жаңа вок­залдың еңселі ғимараты 6 қабаттан тұрады. Осы орайда мұнда 6 тұйық түрдегі қабылдап-жөнелтуші жол торабының тоқтаусыз жұмыс істеуі мақсат етілген. Вокзалдың ішіне бірден 3000 жолаушы сыяды делінсе, өткізу қабілетіне қатысты тәртіпте тәулігіне кем дегенде 35 мың адам еркін қозғалады. Болашақ нысанның жалпы аумағы 119 709 шаршы метрді құрайды. Әсем көркі көз сүйсіндірерлік қала келбетімен Астана жаңа вокзалы ғимаратының заманауи сәулет өнері үйлесім таппақ. Вокзал нысанының сәулет жобасында да қазақтың маң даласын түрлі түске бояған кемпірқосақ, ер-тоқымның доғал қыр арқасы және кереге сияқты қызықты заттар жұмбақталған. «Вокзал-көпір» деп сипатталатын архитектуралық туындының техникалық-экономикалық көрсеткіштеріне келсек, тек вокзал ғимаратының жалпы аумағы 33670 шаршы метрді алып, автотұрағы бар вокзал маңы 137134 шаршы метрді құрамақ. Коммерциялық мақсаттағы бөлігі 15302 шаршы метрді иеленбек. Жарас СӘДУАҚАСОВ. Суреттерде: жаңа вокзалдың құры­лыс алаңындағы қауырт қимыл.