Көрме үш бөлімнен тұрады. «Көне Түркістан тарихы» деп аталатын бірінші бөлімде қола дәуірі ескерткіштері Шербай, Шпан қорымдарынан табылған қыштан жасалған құмыра, саптыаяқ, қазан тектес
ыдыстар қойылған. Сонымен қатар, көне Түркістан тарихынан сыр шертетін Шауғар-Шойтөбе, Ясы-Күлтөбе қалаларының тарихи жәдігерлері де ерекше көз тартады.
«Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен мұрасы» атты екінші бөлім Ясауи мұрасы мен ілімі жөнінде кең мағлұмат береді. Ал «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деп аталатын үшінші бөлімде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің салыну тарихы, оның сәулет ерекшеліктері, кесене ішіндегі баға жетпес жәдігерлер туралы мәлімет берілген.
«Киелі Түркістан топырағынан жеткен көне жәдігерлерді көріп, таң-тамаша болып жатқандар көп. Өңіраралық мәдени байланыс жобасы аясында осындай құнды жәдігерлерді әкеліп, Тобыл өңірі тұрғындарын көзайым еткен «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени мұражай-қорығының ұжымына шын жүректен алғыс білдіреміз», дейді музей басшысы Гүлжан Ермашқызы.
Қостанай облысы