Жуырда осы ауылда «Ауыл аманаты» жобасымен наубайхана, кондитерлік, жартылай дайын өнім цехтары, жұмыс қолғабы, шұлық, пластик ыдыстар, сабын, ағаш бұйымдары өндірістері, «Абай-Дәулет» серіктестігінің бастамасымен фри зауыты өз жұмысын бастады. Кез келген қалаңызда кездесе бермейтін «Қызылорда» супермаркеті мен дәмхана тұрғындарға жоғары сапалы қызмет көрсетуге дайын.
Өңірдегі агросала өкілдері жиналған өндіріс орындарының ашылу салтанатында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауыл тұрғындарын құттықтап, «Абай-Дәулет» серіктестігінің директоры Мұрат Сәрсенбаевқа берекелі бастамасы үшін алғыс білдірді.
«Халқымызда «Ауылын көріп, азаматын таны» деген қанатты сөз бар. Туған жерді дамытуға, оны көркейтуге салынған инвестиция еселеп қайтады. «Абай-Дәулет» серіктестігінің директоры Мұрат Абайұлына осы іске қосқан зор үлесі үшін ризашылығымызды білдіреміз. Өндіріс орындары өркендей берсін, кәсіптеріңізге береке, табыс тілейміз. Басқа шаруашылықтар да осы тәжірибені енгізіп, елді мекендерді қолдауға, халықтың әл-ауқатын арттыруға атсалысқаны жөн. Өңірдегі барлық ауылда шағын өндірістік алаңдар құрып, бизнес-инкубаторлар салуға мүмкіндігіміз бар. Мемлекет қолдауын пайдаланып, аудан басшылары кешенді жұмыс жүргізуі қажет», деді аймақ басшысы.
Іс-шарада ұзақ жыл ел қызметінде болған қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев жерлестерін құттықтап, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» бағдарламасын Сыр өңірінде жүзеге асыруға атсалысқан «Абай-Дәулет» серіктестігінің қызметкерлері, ортақ іске үлес қосқан ауыл тұрғындары марапатталды. Жиынға қатысушылар жаңартылған «Адал адам» мәдени орталығының жұмысымен танысып, көрермен залында концерт тамашалады.
Серіктестік ауылды көркейту, көгалдандыру, күрделі жөндеу жұмысына соңғы жылдары 730 млн теңгеден астам қаржы бөліпті. Шаруашылық есебінен ауыл әкімдігі, мектеп, балабақша, мешіт ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілген. Биыл мәдениет үйіне күрделі жөндеу, орталық алаңға қайта жаңғырту жүмысы жүргізіліп, жаңа өндіріс орталығы бой көтерді.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында тұрғындар да қолдаудан кенде емес. Өткен жылы шаруашылықтың кепілдігімен «Сыр құсы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, бесарықтағылар 27,6 млн теңге несиеге қол жеткізді.
Биыл ауылда 1 мың шаршы метрлік шағын өндіріс орталығы салынып, 13 кәсіпкер өз кәсібін бастауға мүмкіндік алып отыр. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 4 жоба, Өңірлік инвестициялық орталық арқылы 5 жоба, шаруашылықтың өз қаражаты есебінен 4 жоба жүзеге асып, жаңадан 25 жұмыс орны ашылды. Бұл жобаларға 960 млн теңге инвестиция тартылып отыр.
Қызылорда облысы,
Сырдария ауданы