Қарағанды облысындағы Спасск оқу-жаттығу орталығы полигонында
«Айбын» республикалық тұңғыш әскери-патриоттық жиыны отті
Аймақтардағы әскери мектептер мен интернаттардың, республикалық «Жас ұлан» әскери мектебі мен «Арыстан» лицейі тәрбиеленушілерінің, әскери-патриоттық клубтар мүшелерінің, жоғары оқу орындары әскери кафедралары студенттерінің арасында еліміз тарихында бірінші рет ұйымдастырылған бұл шараға 800-ден астам жастар қатысып, далалық жағдайда әскери-қолданбалы спорт түрлерінен үш күн бойы сайысқа түсті. Жарыс бағдарламасы бойынша дене даярлығын айқындайтын негізгі күштік жаттығулармен бірге АК-74 қаруынан 100 метр қашықтықтағы нысана көздеу, пневматикалық мылтықтан ату, газтұмшаны жедел кию, қару-жарақты толық асынып жүгіру, күтілмеген қиындықтарды еңсеру және медициналық жәрдем көрсету сияқты сынақтар жарыс көрігін қыздырды. Жиынның басты мақсаты – Қарулы Күштер қатарындағы жауынгерлік қызметке даярлау, азаматтық парызды өтеу кезінде қажет дағдылар мен ептілікті қалыптастыру орындалды.
Жиынның жабылу рәсімінде Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың жастардың «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жиынына қатысушыларға жолдаған хатын оқып, құттықтауын жеткізді. «Қазақстанның әскери-патриоттық клубтарының үздік өкілдеріне, әскери мектептердің оқушылары мен жоғары оқу орындарының әскери кафедралары студенттеріне шын жүректен ыстық ықыласымды білдіремін. Елімізде жас ұрпақты Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарындағы жауынгерлік қызметке даярлап жатқан 2 мыңға жуық әскери-патриоттық ұйым бар. Отанымызды – Мәңгілік Елді қорғау және әскер қатарында қызмет ету – әр қазақстандықтың қастерлі борышы. Кәсіби Отан қорғаушы болу – жоғары патриотизмнің көрінісі.
Сіздер халқымыздың даңқты тарихының лайықты мұрагерлері ретінде бұдан 70 жыл бұрын Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен батырлар ерлігін әрдайым есте сақтайды деп сенемін. Әскерге, оның заманға сай қарулануы-на және әскери дайындығына қамқорлық – Қазақстанды нығайту жолындағы 100 нақты қадамның – Ұлт Жоспарының маңызды бөлігі. Оны жүзеге асыру ісі басталып та кетті.
Жастардың «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жиынына қатысушыларға төзімділік, мықтылық, әскери бейімдік, командалық рух және өзара жолдастық көмекке адалдық тілеймін!» делінген хатта.
Әскери-қолданбалы спорт түрлерінен қалалық және облыстық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері күш сынасқан сайыстың ойын нәтижелері бойынша жалпыкомандалық бірінші орынды әскери-патриоттық клубтар, ЖОО әскери кафедралар және республикалық әскери – мектеп-интернаттары арасында Астана қаласындағы «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубы, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, Т.Бигелдинов атындағы Қарағанды республикалық әскери-мектеп-интернатының командалары иеленді. Сондай-ақ, әскерилендірілген эстафета қорытындысында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университет, Ақмола облысының «Айбын» әскери-патриоттық клубы, Шымкент қаласындағы С.Рақымов атындағы республикалық әскери-мектеп интернат өкілдері жеңіс тұғырына көтерілді. Жеңімпаздарға арналған кубоктар мен дипломдарды Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов, Халық Қаһарманы, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев, облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков табыс етті.
Аталған жиын қатысушылардың қай-қайсысы болмасын үлкен азаматтық әсерге бөледі. «Біз осы жарыстарды асыға күттік. Дайындығымыз да жақсы болды. Барлық қабілетімізді танытуға мүмкіндік берілді. Әрине, жеңіске жету оңайлыққа соққан жоқ. Мен парашютпен жайлап қона білгенім үшін арнаулы белгіге ие болдым. Оны Қорғаныс министрінің өзі кеудеме тағуына қуаныштымын.Бұл маған қанат бітірді, десантшы болуға деген арманым үлкейді. Болашақта Қазақстанның Аэроұтқыр әскерінде қызмет еткім келеді», – деді Шымкенттегі «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Мұхаммед Ақашев. «Ал мен жастайымнан қалаған кәсіби әскери мамандықты меңгеруге бір табан таяумын. Екі жылдан соң әскери мектебіміздің түлегі ретінде арнаулы оқу орнында білім тереңдетпекпін. Жиын бәріміз үшін шыңдалу мен тәрбие сынағы болды. Осы шара тұрақты өткізіліп тұрса нұр үстіне нұр. Бар байлықтан қымбат тәуелсіздігіміздің қалқаны, оны қызғыштай қоритын азаматы болуға, Отанымыз, еліміз болашағы үшін аянбай еңбек етуге дайынмын», – деген Т.Бигелдинов атындағы Қарағанды республикалық әскери-мектеп интернатының тәрбиеленушісі Нұрбатыр Қаскейдің пікірі де тұрғыласы Ақашев ой-тілегімен бірдей шықты.
Жиынның аяқталуы салтанаты соңында оған қатысушылар әскери шоуды тамашалады. Көк жүзіне самғап, аспан төріндегі шеберліктерін ұшқыр ұшақтары арқылы өрнектер салумен танытқан ұшқыштар, тікұшақтан тобымен төгіле төмен қалқып, Көк туды ортада желбіреткен қалпында бәрі бірдей бір нүктеге қонған парашютшілер, ор текедей қырдан-қырға, ойдан-ойға орғыған мотоциклистер, қолма-қол айқас тарландары өнері осындай саңлақ сарбаздар сапына қосылуға талаптылар мұратын өсірді.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Қарағанды облысы.