Әдепкіде жылына 12,7 млн шаршы метр керамогранит шығарылады. Жобаның екінші кезеңінде зауыт толық қуатына көшіп, жылына 25,4 млн шаршы метр керамогранит өндіріледі. Кәсіпорында 350 жаңа жұмыс орны ашылады. Бірінші кезеңде отандық нарықтағы сұраныстың үштен бірі қанағаттандырылса, екінші кезеңде ішкі нарық аталған құрылыс материалымен толық қамтамасыз етіледі. Сұраныстан артылған тауарды алыс-жақын шетелге экспорттауға да мүмкіндік туады.
«Зауыт – мегаполис экономикасының ауқымды инвестициялық жобасының бірі. Өндіріс орнының есебінен алдағы кезде бюджеттің табыс салығы артады. Қаншама адам жұмысқа алынады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, инвестор тартып, оларға қолайлы жағдай жасау – атқарушы биліктің басты міндеті», деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
«Осыған орай инвесторлардың қасынан табылып, жобаларына жан-жақты қолдау көрсетуге жергілікті әкімдік бірінші кезекте мүдделі. Президенттің тапсырмасын орындауға бар мүмкіндікті жұмсап келеміз. Бұл күнді шын мәнінде тарихи сәт десек болады. Себебі керамогранит шығаратын мұндай ауқымды өндіріс орны Орталық Азияда тұңғыш рет Шымкентте ашылып отыр. Келіп жатқан инвесторларға тек қуануымыз керек. Жуырда Қытай елінің Сиань қаласына іссапармен барып қайтқан едік. Сонда көптеген инвестициялық келісімге қол жеткіздік. Қытай инвесторларымен әріптестік байланысты әрі қарай да күшейтеміз. Соның бір мысалы, келешекте мегаполисте Қытай инвестициясына қоқыс өңдейтін үлкен зауыт салынады», деді ол.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы берген мәліметке сүйенсек, зауыттың құрылысы 2023 жылғы наурызда басталған. Кәсіпорын қысқа уақыт ішінде салынып бітті. Жоба экспортқа негізделгендіктен, өндірілетін тауар ішкі нарықтан бөлек шетелге де шығарылады. Керамогранит зауытынан басқа биыл «Жұлдыз» индустриалды аймағында тағы екі кәсіпорын құрылады. Ол – темір-бетон конструкциялары мен есік-терезе профильдерін шығаратын зауыттар. Жалпы, «Жұлдыз» өндіріс алаңында келешекте қырыққа жуық жоба іске асады. «Wan Sheng Ceramic» өндіріс орны – сол жобалардың алғашқысы.
Керамогранит өндіретін кәсіпорынға тиесілі аумақ 30 гектардан асады. Жаңа зауыт сол жердің жартысын алып жатыр. 2025 жылы жобаның екінші кезеңі іске асса, қалған 15 гектардай жерге тағы да зауыт салынады. Өндіріс орны толық қуатына көшкен сәтте жұмысшылар саны 700-ден асады. Ең маңыздысы жұмысшылардың денін жергілікті тұрғындар құрайды. Айта кетейік, «Wan Sheng Ceramic» – шаһардағы керамогранит өндіретін екінші зауыт. Алғашқысы «Зерде-Керамика» серіктестігі деп аталады. Алайда жергілікті кәсіпкерлердің қаржысына ашылған бұл кәсіпорынның өндірістік қуаты төмендеу.
Жаңа керамогранит өндірісі жобасына тікелей қаржы құйған қытайлық инвестор Ху Джен Гоның айтуынша, ТМД елдерінде оның компаниясының жүзеге асырып жатқан жобалары өте көп.
«Шымкент қаласы әкімдігімен арада болған инвестициялық келісімнің нәтижесінде, республиканың үшінші мегаполисінен осы кәсіпорынды салуға ниет білдірдік. Сондай-ақ бізді инвесторларға жасалған түрлі салық жеңілдіктері, инфрақұрылым қолдаулары қызықтырды. Алдағы уақытта қала әкімдігі зауытқа теміржол тұйығын салып беруді ойластырып жатыр», деді Ху Джен Го.
Қытай елінің шаһар экономикасына жұмсап отырған инвестициясы өте қомақты. Келесі жылы шығыстағы көршіміздің инвестициясына мегаполистен желатин өндіретін жаңа зауыт салынады деген жоспар бар. Бұдан басқа да бірлескен жобалар жетіп артылады. Осыған қарап Шымкентте жүзеге асып жатқан бизнес бастамалардың ішінде Қытай инвесторларының алар үлесі жоғары деп айтуға болады.
ШЫМКЕНТ