Фото: freepik.com
Келелі кеңеске қатысушылар өзекті мәселелерді, соның ішінде елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі атом энергетикасының рөлін, сондай-ақ атом өнеркәсібін дамытудың экономикалық және әлеуметтік аспектілерін, атом энергетикасындағы заманауи технологиялар мен қауіпсіздік стандарттарын талқылады. Сарапшылар қуат көзіне деген сұраныстың күн санап артып бара жатқанын тілге тиек етіп, аталған қажеттіліктерді қанағаттандыруға қабілетті ең тұрақты және экологиялық таза бірден-бір энергия көзі атом энергетикасы екенін баса айтты.
«Ұлттық ядролық орталық» РМК Астана филиалының директоры Майра Мұқышеваның айтуынша, әлемнің дамыған озық елдері атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды жеделдетіп жатыр. Ұлттық ядролық орталықтың (ҰЯО) негізгі құзыреттерінің бірі – атом энергетикасының қауіпсіздігіне қатысты тың зерттеулер жасау.
Орталық ғалымдары жүргізген зерттеулердің нәтижесі ядролық технологиялардың ірі өндірушілерінде үлкен сұранысқа ие. Мысалы, CORMIT жобасы аясында алынған ғылыми деректер Жапонияда жұмыс істеп тұрған АЭС-те белсенді аймақтың арнайы балқыту тұзақтарын салу кезінде сәтті іске асырылды. Ядролық орталық IV буын реакторларының қауіпсіздігі саласында таяу болашақта атом энергетикасының негізіне айналатын сұйық металмен салқындатылған жылдам нейтрондардағы реакторлардың үлкен көлемін анықтауда ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр.
Кездесу барысында жас ғалымдар ядролық физика саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижесімен танысып, елдегі атом энергетикасын дамытуға бағытталған өз идеяларымен және тың жобаларымен бөлісті.
«Қазір «Ядролық физика институтында» білікті және тәжірибелі мамандар, инженерлік-техникалық персоналды иондаушы сәулелену көздерімен жұмыс істеуді ұйымдастыру әдістеріне, атом энергиясын пайдалану саласындағы қолданыстағы нормалар мен қағидаларға сәйкес иондаушы сәулелену көздерімен қауіпсіз жұмыс істеу қағидаларына және радиациялық жағдайдағы жұмыстарды бақылауға оқытатын Радиациялық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар 2016 жылы Үкімет бастамасымен АҚШ Энергетика министрлігінің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық әкімшілігінің қолдауымен институт базасында Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы ашылған. Бұл орталық МАГАТЭ ядролық физикалық қауіпсіздік саласындағы оқыту және қызметке жәрдемдесу орталықтарының халықаралық желісіне кіреді», деді «Ядролық физика институтының» аға ғылыми қызметкері, PhD докторы Дмитрий Шлимас.
Мысалы, «Ядролық физика институтының» Астана филиалында ядролық жол мембраналарын өндіру үшін бастапқы материал ретінде пайдаланылатын сәулелендірілген полимерлі пленка өндірісі жолға қойылған. Ол жоғары технологиялық өнімдерді өндіруге негіз болады. Олар көпфункционалды, тіпті медицина және нанотехнология саласында да жиі сұранысқа ие. Институт сонымен қатар радиофармацевтикалық препараттардың бірнеше түрін шығарып, республикалық емдеу мекемелеріне жеткізеді. Аталған іс-шарада жастар жағы «Атом электр стансаларын салу және пайдалану үшін еліміздегі мамандардың тәжірибесі жеткілікті ме?», «Кадрларды оқыту қалай жүзеге асады?» деген сауалдар қойды.
«Еліміздің бұл салада өте үлкен ғылыми және кадрлық әлеуеті бар. «Ұлттық ядролық орталық» және кәсіби ортада көпке жақсы таныс «Ядролық физика институты» табысты жұмыс істейді. Оның айналасында ғылыми зертханалар мен зерттеу орталықтары шоғырланған. Атом саласы үшін мамандарды төрт жетекші жоғары оқу орны дайындайды. 2010 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы аясында «Атом өнеркәсібі», «Атом ядросы мен бөлшектерінің физикасы», «Техникалық физика» (Атом электр стансалары мен қондырғылары), «Ядролық инженерия» мамандықтары бойынша мамандар даярланды», деп жауап берді жастардың сұрағына «Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС жетекші инженері Асуан Сиябеков.
Сондай-ақ жастарды қауіпсіздік мәселелері, ядролық қалдықтар және қолданылатын реакторлық технологиялар сынды сауалдар қызықтырды. «Қазақстандағы атом энергиясы: қазіргі жағдайы мен алдағы перспективалар» тақырыбында баяндама жасаған Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті «Ядролық физика, жаңа материалдар және технологиялар» кафедрасының докторанты Солтанбек Нұргүл аталған жоғары оқу орнында Ядролық физика кафедрасының жұмыс істеп жатқанына 15 жылдан асқанын айтып, онда 600-ге тарта бакалавр, 200-ден астам магистрант, 100-ге тарта докторант даярланғанын тілге тиек етті.
«Біздің кафедраның өзгелерден ерекшелігі – бакалавр студенттер 4 жыл емес 5 жыл бойы білім алады. Себебі соңғы курста арнайы бағдарлама арқылы Ресейдің Дубна қаласындағы жоғары оқу орнына барып, білімін толықтырады. Сөйтіп, біздің бакалаврлар екі жоғары оқу орнының дипломын қатар алып шығады. Елімізде ядролық физика саласының қаншалықты маңызды екенін, әл бүкіл әлем елдерінде осы сала мамандары үлкен сұранысқа ие екенін осыдан да көруге болады. Сондықтан әрбір отандасымыз бейбіт атом – болашақтың сенімді энергия көзі екенін терең түсініп, ұққаны дұрыс», деді докторант.
Іс-шара қорытындасы бойынша жиынға қатысушылар бейбіт атом еліміздің дамуында маңызды рөл атқарады және елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін орасан зор әлеуетке ие деген пайымға келді.