16 Маусым, 2015

Серағаның қамшысы мен Ғарифолланың домбырасы

429 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
акция Ұлтық музейге сый тарту 09 Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Ұлттық музейге сый тарту» атты шара өтті Қазақтың әрбір отбасында «атасынан қалған» немесе «баба­сының көзіндей» қимайтын, сары­майдай сақтаған қасиетті бұйымдары болады. Бүкіл бір әулеттің қадір тұтар ондай баға жетпес дүниесін иесі мемлекеттік мұражайға жайдан-жай тапсыра да салмайды. Қазекемнің мұндайда он ойланып, жүз толғанатыны бар. Бұған, бір жағы, қоғамдық мекемелерге деген қалыптасқан белгілі-бір сенімсіздік салдарының салқыны тиіп жататынын да жоққа шығара алмайсыз... Адам баласының күнделікті қолданысында жүрген заттарының «өмір сүру» ұзақтығы оның қалай, қайтіп пайдалануына байланысты. Дегенмен, қолданыста болмаған, қозғалысқа түспегенмен сондай «баба мұралары» 50-70 жыл ішінде толықтай жойылып, немесе бастапқы күйін жоғалтып, жарамсыз болып қалады екен. Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының кіші залына тайлы-таяғы қалмай жиналған қауымның, яғни, қазақтың кешегі бетке ұстар азаматтарының ұрпағының алдында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай ғылыми тұрғыда дәлелденген осынау ақиқаты басым деректі дүйім жұрттың алдына жайып салды. Қазақ халқына ортақ жоғарыда айтылған отбасылық немесе жеке тұлғаның қолындағы тарихи құнды заттар мен бұйымдарды қаз-қалпында сақтауға бүгінгі қазақ мемлекетінің қауқары да, шамасы да жетеді. Ұлт мүддесі үшін жарғақ құлағы жастық көрмей жүрген зиялы азамат ол үшін жаңа технологиялық талаптар мүддесіне сай салынған Астанадағы көлемі 74 мың шаршы метр ауқымды Ұлттық музей кешенінің кез келген ұлт мұрасын сан ғасырлар қойнауына жеткізіп сақтай алатынын да сөз арасына қосып қойды. Дүйім жұрт Дархан Мыңбай­дың сөзін ұйып тыңдады. Залда қазақ халқының кіл бетке ұстар, біртуар азаматтарының бүгін­гі ұрпағы отырды. Ілияс Жан­сүгіров, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Өзбекәлі Жәнібеков, Тахауи Ахтанов, Серке Қожамқұлов, Әзілхан Нұр­шайықов, Еркеғали Рахмадиев, Ғарифолла Құрманғалиев, Кәукен Кенжетаев... Танымал есімді ұзын-сонар тізім осылай жалғасып кете береді. Сахнаға шығып сөз сөй­ле­ген арыстарымыздың ұрпақ­тары Дархан Мыңбайдың азамат­тық бас­тамасына шын көңілмен риза­шы­лықтарын біл­діріп, ата-баба­ла­рының тарихи мұраларын ресми түрде оның өз қолына табыстай бас­­тады. Бұл қадамға әр отбасы өз хал-қаде­рінше жауапкершілік жү­гін арқалай келгені де олардың бет-әлпе­­­тінен айқын аңғарылып тұрды. Атақты әнші әрі актер Ға­ри­фол­ла Құрманғалиевтің ұрпағы өнер майталманының өмірінің соңына дейін қолынан түспеген қара домбырасын сахнаға ду қу қол шапалақ ұрғызып алып шықты. Қызықты көрініс, салтанатты сәт! Әлдебір қуанышты көңіл желпінісінде қол шапалақтап отырған қауым арасынан қазақтың арыс ұлдары мен қыздарының ұрпағының кескін-келбетін жазбай тануға болар еді. Осынау өнер­дегі қара шаңырақтың негізін қалағандардың бірі әрі бірегейі Серке Қожамқұловтың аузынан түскендей қызы Рената Қожам­құлова атақты актер туралы үлкен фотоальбом мен Серағаңның Еспен­бет рөлін ойнағанда қолынан түспей­тін бұзау тіс қамшысын музей директорына тарихын тәптіш­теп айтып тұрып сыйлады. Сахнаға Ораз Жандосов, Ер­­мұхан Бекмаханов, Мәлік Ғаб­дуллин, Шафих Шөкин, Қалтай Мұхамеджанов, Қалижан Бекхо­жин, Сафуан Шәймерденов, аға­йынды Қожықовтар және басқа­ларының ұрпақтары бірінен кейін бірі шығып жатты. Олардың бар­лығының да жүздерінен ата-баба­ мұрасын сенімді қолға табыс­тап жат­қандағы ризашылық сезімде­рі мен көңіл-күйлерінен байқалғандай. «Ұлттық музейге сый тарту» шарасы осындай леппен жыл аяғы­на дейін созылады. Күн санап саны ұлғайған экспонаттарды, жәдігер­лерді көруге ынты­зар қауым оны тек қана әсем Аста­наның бірегей Ұлттық музейінен ғана тамашалай алады. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.