Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Константин Канин бұл шаралар «Қауіпсіздік үшін – бірге», «Көмек қолы» деген атауға ие екенін айта келіп, былтырғы жылыту маусымында тұрғын үй секторларында 231 өрт шыққанын, 6 адам көміртегі тотығымен, тағы 5 адам табиғи газбен уланғанын еске салды.
«Бірінші кезекте мұқтаж отбасылар, сондай-ақ қарт адамдар жалғыз тұратын үйлер тексеріледі. Біздің ерекше бақылауымызда көмірмен жылытылатын 727 жеке үй бар. Бұл жұмысқа жеке құрамның 100-ден астам адамы жұмылдырылған. Үйлерді тексеру қорытындысына сүйеніп, демеушілік қаражат есебінен көміртегі тотығы датчиктерін орнатамыз. Жалпы, 2018 жылдан бастап ХӘОТ санатындағы 1,4 мыңға жуық отбасы үйі көміртегі тотығы датчиктерімен жабдықталған», деді К.Канин.
Маман көміртегі тотығымен уланудың алдын алу шараларына ерекше назар аударылатынын атап өтті, өйткені оны тек сенсорлардың көмегімен анықтауға болады.
«Көміртегі тотығы табиғи газ толық жанбаған кезде пайда болады. Оның түсі де, дәмі де, иісі де жоқ болғандықтан, тек сенсорлар мен газ анализаторларының көмегімен анықталады. Құрамында көміртегі тотығы бар ауаның 2-3 тыныс алуы улануға, одан да ауыр зардаптарға әкеледі», дейді Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы.
Мамандар баспасөз жиынында көміртегі тотығымен уланудың алдын алуға қатысты ақыл-кеңестерін берді.
15 тамыздан бері қалада халықтың әлеуметтік осал топтарына бағытталған «Қауіпсіздік үшін – бірге», «Көмек қолы» акциялары жалғасын тауып, 152 911 жеке тұрғын үй есепке алынды, оның ішінде қатты отынмен жылытылатын 727 жеке үй ерекше бақылауда тұр. Тұрғын үй ұйымдарының (МИБ, ПИК, т.б.) өкілдерімен бірлесіп жиналыстар өткізіледі, жылыту пештерін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы туралы СМС хабар таратылады.
Дегенмен ТЖД тұрғын үй секторында мемлекеттік өрт бақылау қызметі жүзеге асырылмайтынын, өрт қауіпсіздігіне азаматтар оны саналы түрде сақтаған жағдайда ғана қол жеткізетінін қаперге салды.
«Көміртегі тотығы – үнсіз жан алғыш, ол иіссіз, түссіз, сондықтан оны тек датчиктер мен дабылдардың, газды бақылау құралдарының көмегімен анықтауға болады. Көміртегі тотығымен улану көбінесе түтін тартатын мұржалардың, жел айдайтын каналдардың болмауы, байланыстырушы құбырлардың тығыздалмауы, газ аспаптарын пайдалану кезінде терезелердің жабық болуынан орын алып жатады», дейді мекеме мамандары.
АЛМАТЫ