16 Маусым, 2015

Меңдіқарадағы майдангердің Санкт-Петербургтегі немересі

312 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
IMG_2544атасы тұрған ауылға құны 13 миллион теңгелік балалар қалашығын салып берді Меңдіқара ауданында Михайловка деген село бар. Мұнда келген кісінің көзіне анадайдан ертегідей әсем балалар қалашығы түседі. Ауылдың бар баласы осында. Шахмат фигураларын елестететін айшықты карусельдер, әткеншектер, спорттық жабдықтар бала түгілі ересектерді ойынға шақырғандай қызықтырады. Қалашықтың дәл қасына Ұлы Отан соғысының ардагері Ан­д­рей Филатовқа ескерткіш тақта қойылған. Мұны, әрине, бір келген адам түсіне қоймайды. Соны білгендей, ауылдың кез келген тұрғыны: «Бұл балалар қала­шығын осы Андрей атайдың неме­релері салды» деп әңгімелей жөнеледі. Осы селодан 1941 жылы Андрей Фи­латов деген жігіт сұра­нып со­ғыс­қа аттанды. Майданда бір­не­ше рет жараланса да, әйтеуір құр сүл­дерін сүйретіп, түгін тартса майы шы­ғатын Михайловкасына қайта оралды. Отбасын құрды, балалы-шағалы болды. Ауылда азық-түлік қоймасының меңге­рушісі болып істеді. Оғаш мінезі жоқ, қарапайым адам балаларына да жақсы тәрбие берді. Бірақ майданнан алған жарақатынан өмірі ұзақ болмады, 1987 жылы қайтыс болды да, осы Михайлов селосында жерленді. Оның Василий деген тұң­ғышынан тараған немере­лері Санкт-Петербург қаласында тұрады екен. Өзінің құрметіне Андрей деп атаған немересі бүгін­­де «Н-Транс» көлік-инфра­құры­лым тобы директорлар кеңе­сі­нің мүшесі, Ресей шахмат феде­ра­циясының президен­ті, халықаралық шахмат федерация­сының вице-президенті екен. Ғалам­тор­дағы мәліметтер бойынша Андрей Филатов Globaltrans теміржол тобының бір бөлігіне ие және «Трансойл» акционерлерінің бірі. Ал Forbes журналының мәліметіне үңілсек, ол Ресейдегі ірі бизнесмендердің жүздігіне кіреді және әлемдік рингте 960- орынды иеленеді екен. Қалталы байдың да түр-түрі бар. Майдангер Андрей Филатов қарияның немерелері тек қалтасын ойламайтын, көкірегінде көзі бар, рухани жағынан бай адамдар болып шықты. Олар әкесі Василийдің әскери адам болуына байланысты атасынан бөлек өсіпті, оны көріп те жарытпапты. Бірақ әкесінің тәрбиесімен сыртынан атасына бала кезден құрметі күшті болса керек. Соңғы жылдары Андрей мен қарындасы Ирина атасы Андрей Алексеевичтің майдандағы жолдарын іздестіріпті. Оларға қостанайлық тарихшы Арман Қозыбаев көп көмек береді. Атасының майданда көрсеткен керемет ерліктерін дәлелдейтін құжаттарды табады. Сонымен немерелер атасы тұрған, оның бейіті жатқан Михайлов селосына келеді ғой. – Андрей мен Иринаның әжесі менің немере апайым болып келетін. Осындағы туысы біз ғана. Сондықтан Андрей мен Ирина атасына мерекелі жылы бір ұмытылмас ескерткіш қойғысы келді. Оның өртеніп кеткен үйінің орнына мемориалдық ескерткіш, атасының, әжесінің бейітіне тас қойды. Сосын бізбен ақылдасты. «Атаңның үйінің орнына балалар ойнайтын бір ауланы қоршап берсеңдерші, Андрей Алексеевич ұрпағының бейбіт заманы үшін соғысқан жоқ па?» деп кеңес бердім, – дейді Михайловка село­сының тұрғыны Галина Лугавая. Сонымен майдангердің ресейлік немерелері іске кірісіп кетіпті. Қорған қаласындағы маман-ұсталарға сұраныс беріп, шахмат фигуралары бейнеленген түрлі спорт жабдықтарын, балалар ойнайтын карусельдер, аттракциондар жасатыпты. Галинаның айтуынша, қорғандық ұсталар мұндай қымбат қалашық Қорған қаласында да жоқ екенін айтыпты. – Бұл ресейлік жігітке 12 миллионнан аса теңгеге түсті. Мен оның сұрауымен жер беруге, топырақ тасуға, басқа да ұсақ жұмыстарына көмектестім. Менен шыққаны 1 миллион теңгеден асады, – дейді осындағы «Восток-1» шаруашылығының жетекшісі Жамбыл Амантаев. Мұның сыртында балалар қалашығының дәл қасына Андрей мен Ирина 70 түп алма мен алмұрт ағашының көшетін отырғызып кетіпті. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Ирина Филатова 9 мамыр күні Санкт-Петербургтен артынып-тартынып келіп, осы балалар қалашығының тұсаукесерін өзі жасапты, шығынын да өз мойнына алыпты. – Михайловка селосында тұрған барлық майдангердің суре­тін альбом етіп әкелген, балаларға 700 дана шары бар, тәттілері өз алдына, – дейді Галина Лугавая. Жақсы тәрбиенің тағылымы осындай-ақ болар. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы, Михайловка селосы. Суретті түсірген Константин Вишниченко.