Аймақтар • 03 Қазан, 2024

Түркістан облысында жаңадан салынған асфальт жарамсыз болып қалған

125 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысында жаңадан салынған асфальт опырылып қалды. Сарыағаш аумағында кеше ғана төселген жолдың бүгінгі күйі осындай деп күйінген көлік жүргізушілері әлеуметтік желіге жол сапасының жағдайы көрсетілген видеоларды жариялап жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістан облысында жаңадан салынған асфальт жарамсыз болып қалған

Олардың айтуынша, сапасы сын көтермейтін жол жақында ғана салынған. "ҚазАвтоЖол" өкілдері қазіргі таңда мәселе шешіліп, мердігер тарапынан толыққанды жұмыс жүргізілді деп сендірді.

- 2024 жылғы 29 қыркүйекте "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Түркістан облыстық филиал мамандары республикалық маңызы бар А-15 "Жызақ – Гагарин – Жетісай – Абай – Сарыағаш – Қапланбек – Жібек жолы" автожолының 74-220 шақырымы аралығындағы орташа жөндеу учаскесінде ақауларды анықтады. Бұл ақаулар автожолдың 212+600 шақырымында анықталды. Қалыпқа келтіру бойынша мердігер компанияға тапсырма берілді. Қазіргі таңда компания толыққанды жұмыстарды атқарды, – деді "ҚазАвтоЖол" ҰК ресми өкілі Сәкен Ділдахмет.

"ҚазАвтоЖол" мамандары мердігер мекемеге барлық анықталған ақауларды жою және сол жұмыстардың сапасы мен қорытындысын растау үшін арнайы аккредиттелген зертханалар мен институттардан растайтын құжатты ұсынуды тапсырған. Сондай-ақ келісімшартқа сәйкес мердігерге анықталған кемшіліктер бойынша айыппұл салынған.