Үндістанның солтүстік бөлігіндегі Аули қаласы маңындағы «Сурья» оқу-жаттығу орталығында оқу-жаттығудың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оқу-жаттығуға қатысушыларды Қазақстан әскери қызметшілер атынан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, полковник Нұрлан Кәрібаев құттықтады.
Оқу-жаттығу барысында екі елдің әскери қызметшілері тау даярлығы шеңберіндегі бірлескен жұмыс пен терроризмге қарсы қауіпсіздік бойынша практикалық сабақтарға қатысады. Қазақстан десантшылары үнділік әріптестерімен бірлесіп, таулы жерде парашютпен секіреді.
– Күнделікті қызметі тау даярлығынан тұратын әскери қызметшілер үшін оқу-жаттығуға қатысу жауынгерлік дағдыларды арттыруға едәуір ықпал етеді. «ҚазҮнд-2024» оқу-жаттығуын өткізу Үндістан мен Қазақстан Қарулы күштері арасындағы берік байланыс пен достықты көрсетеді, – дейді Қазақстан контингентінің командирі подполковник Арман Сабыров.
Алғаш рет қазақ-үнді әскери қызметшілерінің бірлескен оқу-жаттығуы 2018 жылы өткен. Содан бері аталған жаттығу екі елдің полигондарында кезекпен ұйымдастырылып келеді.
– Бірлескен тактикалық оқу-жаттығуы Үндістан мен Қазақстан Қорғаныс министрліктері арасындағы екіжақты ынтымақтастық жоспарын іске асыру шеңберінде өткізіледі. Оқу-жаттығу аймақтағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау үшін маңызды әрі біз оның қауіпсіздігімізге ықпал ететініне сенімдіміз, – дейді Үндістан контингентінің командирі полковник Яогеш Упадхай.