Ғылыми басқосуда Гирудомед медициналық орталығы желісінің директоры әрі Қазақстан бойынша гирудотерапевтер қауымдастығының төрайымы, сүлікпен емдеуші дәрігер С.Серікбаева ковид пандемиясынан кейін адамдардың көпшілігінде постковидті синдром қалып қойғанын жеткізді. Оның басты белгісі – қанның қоюлануы, соның салдарынан түрлі кесел пайда болады. Ал сүліктің құрамындағы гирудин сол қоюланған қанды сұйылтатын қасиетке ие. Сондықтан емханалардағы жалпы тәжірибелік дәрігерлер халықтық емге де көңіл бөлгені дұрыс деген пікір айтты. Сонымен бірге алдағы уақытта ОҚМА мен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да сүлікпен емдейтін дәрігер-мамандарды даярлау мәселесін қарастыру қажеттігін мәлімдеді. Одан бөлек, елімізде халық емшілігінің академиясын ашу ойда бар екен. Оған сонау Қытайдан мықты мамандар шақыртылмақ. Сондай-ақ С.Серікбаева емханалардағы жалпытәжірибелік дәрігерлер балаларды дәрімен емдей бермей, халық емін де қолданып, иммунитеттерін көтеруге атсалысулары керек деді. Өйткені химиялық әдіспен жасалатын дәрілік препараттардың кішкентай организм үшін пайдасынан гөрі зияны көп көрінеді.
Конференцияда халық емшілігі саласында еңбек етіп жүрген тәжірибелі мамандар мен ғалымдар сөз сөйлеп, оның артықшылықтары туралы айтып берді. Мәселен, медицина ғылымдарының докторы, Ресей мен бүкіл әлемде ең бірінші гирудотерапия кафедрасын ашқан ғалым А.Крашенюк сүліктің көмегімен постковидті синдромнан толық айығуға болатынын баяндады. Оның айтуынша, ковид ауруы бірінші орталық жүйке жүйесін, ондағы тамырларды зақымдайды. Мидағы серотониннің бөлінуін тежейді. Серотонин – бақыт гормоны. Сондықтан оның азаюы адамды депрессияға алып келеді. Ал уайымшылдық постковидтік синдромның ең басты белгісі екен. Сүлік мидағы серотониннің дұрыс бөлінуін қалпына келтіреді. Ғалымның мәлімдеуінше, қансорғыш құртпен мидағы ісікті де тежеуге болады. Мәселен, невринома деген кеселдің жалғыз емі – гамма пышақпен немесе ашық операциялық әдіс арқылы мидағы ісікті алып тастау. Ал сүлік невриноманың үлкеюін тоқтатып, ісікті өсірмей ұстап тұрады. Ғалым бұл жәндіктің бірнеше қасиеті барын айтты. Ол қан сұйылтады, антибактериалды, вирусқа, паразитке қарсы емдік күші бар. Антибиотиктер адам ағзасына кері әсер етсе, сондай-ақ қайта-қайта қабылдай беру де оның микробтарға қарсы күшін азайтады, сүлікте керісінше антимикробтық қуаты ешқашан төмендемейді әрі адам ағзасы оған үйреніп қалмайды. Ғалым қызықты бір оқиғаның болғанын баяндады. Бір науқас бала кезінде талма ауруына ұшырап, 11 жыл қатарынан күшті дәрілер қабылдаған. Оған сүлік салғанда, құрттар шетінен өле берген. Сөйтсе, ұзақ жыл ішкен дәрілерден кейінгі токсиндер қанға өтіп, сүліктер содан қырыла берген. Алайда халық емін тоқтатпай жалғастырып, бойдағы токсиндер толық жойылғанда сүліктер де өлуін тоқтатқан. Сондықтан ағзаны токсиндерден тазарту үшін сүлік салдырып тұру керек деді профессор. Ғалым болашақ нәресте энцефолопатия, яғни миында ақаумен туылмас үшін анасы құрсақ көтерер алдын сүлікпен емделудің курсынан өтіп алған жөн деген кеңес берді.
Жиында баяндама оқыған тағы бір маман А.Иманғалиева халық емінің көмегін ауыр науқасты аяғына тұрғызғанын мәлім етті. Дәрігердің айтуынша, оның клиникасына плеврит, яғни өкпесіне су жиналған науқас ауыр халде көмек сұрап келген. Ол мемлекеттік ауруханада бірнеше рет жатып, тиісті антибактериалдық ем түрлерін қабылдаған. Бірақ ешқандай нәтиже бермепті. Дәрігер пациентті сүлікпен, арамен емдеп, бір ай ішінде өкпесінде жиналған 150 мл суды толық кетірген. Қазір науқас жұмысқа шығыпты, бірақ клиниканың бақылауында екен. Науқас сүлікпен қоса прополис, гүл тозаңын, ара сүтін ішкен. Прополис ол – табиғи антибиотик. Гүл тозаңында В тобындағы барлық витамин жиналған. Ара сүтінің де емге пайдасы өте зор деді дәрігер.
Хирург, профессор, гирудотерапевт Қ.Жалымбетов адамның денсаулығында медицинаның үлесі 8-10 пайыз, қалғаны оның өз қолында екенін айтты. Дегенмен бүгінгі жалпытәжірибелік жас дәрігерлер науқасты емдеуде ортақ стандартты емдеу протоколынан басқа ешқандай ем жүргізе алмайтынын қынжылыспен жеткізді. Ондай ем біреуге жағып, басқаға жақпауы мүмкін. Бірақ оған қазір ешкім бас ауыртпайды. Бүгінгі жас дәрігерлер келген науқасты қолмен ұстап перкуссия, пальпация секілді тәсілдермен диагностикалауды жасамайтын болған деді ол. Дәрігердің пікірінше, оған маман емес, бірінші кезекте соларды даярлаған осы күнгі медициналық білім мен еліміздегі қазіргі медициналық жүйе кінәлі екенін баяндады. Дейтұрғанмен ертеңгі күні заңдық жауапкершіліктен басын аман алып қалу үшін де жалпытәжірибелік жас мамандар белгілі бір шаблонның ішіндегі медициналық протоколдан асып қандай да бір емдік шара жүргізуден қорқады. Соған қарамастан профессор жас мамандарға халық емін қолданып көруге мүмкіндік беру керек деген пікір айтты.
ШЫМКЕНТ