Суретті түсірген – автор
Керілген кенептегі композициялық суретте арқар бейнеленген. Иір мүйізді тұяқты жануар ары қарап тұр. Картина бетіне жартастағы петроглифтерді түсіріпті. Қазақы қоңыр реңді полотно астарында нендей ой бар деп қарап отырғанымызда, суретші сырын өзі ақтарған.
– Тарбағатай тауларында бұрынғыдай мыңғырған арқар жоқ. Азайып кетті. Ол ненің әсерінен жоғалғанын білмейміз. Десе де, біздің ауданның белгісі ретінде арқар жануары қала бермек. Сондықтан да мынау арқарды кенепке түсірдім. Неге ары қарап тұр деген ой келетін шығар. Айтып өткендей, азайып кеткен жануар мүмкін адамзатқа ма, мүмкін табиғатқа ма өкпелі болуы мүмкін. Бұрынғыдай тау-таста ойнақтап жүрген олар жоқ. Ал бетіндегі петроглифтер біздің өңірде көп кездеседі, – дейді қылқалам шебері.
Белгілі суретші Еркебұлан Жәкішевтің Шығыс Қазақстан көлемінде қатыспаған көрмесі, пленэрі кемде-кем шығар. Жеке қорындағы картина қаншама. Жеткен жетістіктері де аз емес. Шәкірттері де көптеген байқауда топ жарып, ауданның намысын қорғап жүр. Жалпы, Тарбағатай өңірі – өнердің ошағы.
Ер азамат үй салып, ағаш отырғызу, ұрпақ өсіру керек болса, Еркебұлан үшеуін де орындады. Алдыңғы жылы екі қабатты үй тұрғызып, ішкі жиһазына дейін өз қолымен жасаған. Кең ауласы гүлмен көмкеріліп, бау-бақшасы жайқалып тұр. Өнер адамы сұлулыққа, табиғатқа жақын ғой. Қылқалам шебері тауықтың түр-түрін өсіруді де ермек қылған. Сабалақ жүндісі «брама», қоңыр түстісі орыстың «хохлатыйы» секілді тауықтар ауласында өріп жүр. Тіпті Түркиядан асыл тұқымды жұмыртқаға тапсырыс беріп қойыпты. Жұмыртқасын алғызса болды, үйіндегі инкубатормен санаулы күнде балапан шығарып алады.
– Баяғыда кептер де асыраған едім. Қазір түрлі тауық асырап жүрмін. Шынымды айтсам, жұмыртқасы үшін емес. Ет өндіруді де көздеген емеспін. Аулада қызылды-жасылды болып жайылып жүргендеріне қарап сүйсінемін. Тауық болғанымен, ерекше жаратылыс иелері. Қолға да үйреніп алған, – деп қоңыр балапанды білегіне қондыра қойды.
Сондай-ақ суретші тауық қана емес, тазы жүгіртуді де жақсы көреді. Ауласында шынжырсыз жүретін тазысы тауық көрсе, тұра қуатын иттердің қатарынан емес екен. Ал далалы жерде көзіне қоян я түлкі түссе, алмай қоймайды дейді.
– Қансонарда арнайы жолдама алып, аң қуып қайтамыз. Оған дейін тазыларымды баптаймын. Мына тазым қасқырға да түскен. Түлкі, қоян секілді аңдарды оп-оңай алады, – деп, есік пен төрдей болып созылып жатқан тазысын ысқырып шақырды.
Қызығы, бұл тазыны Еркебұлан күшік кезінде Өскемен тұрғынына сатып жіберіпті. Күндердің күні тамыр-таныстары қала көшесінде қаңғырып жүрген сол тазыны көріп қалып, Еркебұланға айтқан. Ит десе, ішкен асын жерге қоятын қылқалам шебері орталық қалаға ұшып жетіп, тазысын тауып алып келіп, баққан, баптаған.
Бекзат дәстүрді дәріптеп жүрген Еркебұлан Жәкішевтің өнері де бекзат. Кешегі Әбілхан Қастеевтерден қалған өнердің өрісінде тынымсыз еңбектеніп жүр. Өнер бағытындағы еңбегін үйіндегі қабырғаларға қарап-ақ байқайсыз. Төрінде майлы бояумен жазылған Шыңғыстай ауылының көрінісі тұрса, асүйінде натюрморт жанрындағы картиналар көз жауын алады. Қарап отырып, қандай жетістіктерің бар дейміз ғой әдеттегі сұраққа басып.
– Оқушылардың марапаттары мектепте. Өзім ІІІ халықаралық сурет сайысында пейзаж аталымы бойынша бас жүлде алғанмын. Ең үлкен жетістігім сол шығар. Одан басқа да марапаттар бар. Еске түсіп тұрғаны осы, – деді қарапайым кейіпте.
Е.Жәкішевтің Ұлан, Тарбағатай, Катонқарағай аудандарына пленэрге шығып, жүздеген этюд жазғаны көпшілікке белгілі. Картиналары сонысымен де құнды. Бояу жағудағы стилін де жазбай тануға болады. Қолтаңбасы ерекше шебердің жұмыстары Өскемендегі өнер музейіне де қойылған.
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы,
Ақжар ауылы