Өнім • 05 Қазан, 2024

Сөредегі азық кімдікі?

110 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда Сауда және интеграция министрлігі елдегі азық-түлік өнімдерін өндіретін компаниялар арасында бірқатар сауал туын­датқан мәліметтерді жария етті. Аталған министр­лік елі­міздің шекаралас аймақтарындағы сауда орындары сөре­сінің 70-90%-ы отандық азық-түліктерден майысып тұр деп мәлім­деді. Ақиқатында солай ма? Мекеме жариялаған көр­сет­кіш­тер нақты жағдаймен сәйкесе ме?

Сөредегі азық кімдікі?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Шекаралас аймақ­тар­­дағы сауданы да­мыту, отандық өнді­ру­шілерді қолдау және ішкі на­рық­ты импорттық демпингтен қор­ғау мәселелеріне арналған жиын қорытындысы негізінде Үкі­мет сайтында әр аймақтағы им­порттық азық-түліктің сауда желі­леріндегі үлесі туралы ақпарат жа­рия­ланды. Алайда еліміздегі азық-түлік өнімдерін өндіретін қауым­­дастықтар бұл мәліметтерге же­дел үн қатып, азық-түлік пен қай­та өңдеу саласындағы импорт жө­­нін­­дегі деректер өте маңызды еке­­нін, алайда жарияланған ақпа­рат­­тың күмән тудырып отыр­ғанын жеткізді.

Министрлік шекаралас аймақ­тардағы сауда нарығында отандық өнімдер үлесі кей категорияларда 80%-ға дейін, тіпті одан да асатынын айтады. Ақтөбе облысындағы сауда сөрелерінде отандық сүттің үлесі – 83%, шұжық өнімдері – 78%, сары май – 67%, тауық еті – 60%. Мекеме мәліметіне сенсек, Батыс Қазақстан облысында шұжық өнімдерінің 71%-ын, күнбағыс майының 51%-ын, сары майдың 71%-ын, тауық етінің 90%-ын отандық өндірушілер қамтамасыз етеді. Ақмола облысында сүт өнімдері мен бидай ұнының үлесі 70%-дан жоғары, тауық еті 100%, шұжық өнімі 60% отандық өндірушілерден көрінеді. Қостанайда өзіміздің сүт өнімдері – 91%, Павлодарда 63% болса, екі өңірде де тауық етінің үлесі 80%-ды құ­райды. Сондай-ақ Павлодарда саты­латын шұжық өнімдерінің 73%-ы отандық өнімдерден тұра­тыны айтылған.

Алайда 2023 жыл қорытын­дысын­дағы ресми статистика елі­міздің бір жыл ішінде импорт­таған азық-түлік көлемі экспортталғаннан екі есе көп болғанын дәйектеді. Сонда 2024 жылдың ортасына қарай бәрі керісінше болып кеткені қалай? Азық-түлік өндірушілері Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке ресми хат жолдап, шекаралас аймақтардағы импорт үлесін зерттеу кезінде қандай әдістер қолданылғанын түсіндіруді сұраған болатын.

Сауда және интеграция министр­­­лігінің сала өкілде­рі­нің сауа­лына берген жауабына қара­сақ, «деректерді министр­ліктің аумақтық бөлім­шелер­дегі қыз­меткерлері көзбен шолып бақылау арқылы алған әрі өтінішке сәйкес фотоматериалдармен расталған».

«Қазақстан сүт одағының» дирек­­торы Владимир Кожев­­ни­ковтің айтуынша, министр­лік өте жағымды деректер береді, соған қарамастан «неге отан­дық өнді­рушілердің өнді­ріс­тік қуаты тек жартылай пай­да­­ланылып отыр?» деген сауал өзектілігін жоймайды.

«Сол себепті, ресми бағалау жасамас бұрын, жай ғана көзбен қа­рап емес, байыпты зерттеу жүргізу маңызды. Үкімет болса сауда сөре­леріндегі импорттық, отандық өнім­дердің үлесіне қатысты оң қорытынды жария­лап жатыр», дейді.

Оның пікірін «Қазақстан құс өсірушілер одағының» басшысы Руслан Шәріпов те қуаттайды.

«Мысалы, министрлік дерек­те­рінде Ақмола облысында отан­дық өндірістегі тауық етінің үлесі 100%-ды құрайды, ал біздің мәлі­меті­мізше, нарықта АҚШ-та өндірілген тауық сан еттері бар. Сонымен қатар Қытайда өндірілген үйрек етінің филесі де кеңінен сатылып жатыр, Қытай құс тұмауына байланысты жабық болғандықтан, ол контра­­бандалық жолмен әкелін­ген деп топшылаймыз. Біз бұл мәселені Ауыл шаруашылығы министрлігінде көтердік. Сондай-ақ 2024 жыл­дың қазан айының соңына дейін ресейлік жұмыртқаны әкелуге тыйым салынғаны туралы меморандум бар, бірақ қолы­мыздағы деректер Орал­да ресейлік өндірушілердің жұмырт­қа­лардың сауда­сы жүріп тұрғанын айғақ­­тайды. Бұл сатылымдар Сауда министрлігінің есе­бінде көрсе­­тіл­­меген, сондықтан олар объек­тивті деп саналмайды», дейді Құс өсірушілер одағының басшысы.

«Қазақстанның май-тоңмай одағы» қауымдастығының прези­денті Константин Невзоров та министрліктің бағалаулары мен елдегі азық-түлік сөрелеріндегі нақты жағдайдың сәйкеспейтініне назар аударуды сұрайды.

«Біз әлі сауда желілерінде отан­дық және импорттық өнім­дердің арақатынасына қатыс­ты тәуелсіз зерттеулер жүргіз­ген жоқпыз, бірақ кез келген қаладағы, әсіресе шекара маңын­дағы аймақ­тар­дағы дүкенге кіріп көру жет­кі­лікті – барлық санат­­та импорттық азық-түлік отандық өнімдерден көп», дейді Константин Невзоров.

Ішіп-жем тауарларын шыға­­рып отырған азық-түлік қауым­дастықтары статистикалық жағ­­дайды түсіндіре отырып, өндіру­шілер нарықтың импорт­тық азық-түлік өнімдерімен тол­ты­рылғанын айтады. Сапасы төмен, арзан шетелдік азық-түлік кеңі­нен, кедергісіз сатылып жатыр. Сөрелерде сықиып тұрған им­порт­тық тауарлар әрдайым дұрыс тек­серіледі деп айту да қиын. Бұл өз кезегінде халық ден­сау­лығына тікелей қауіп төндір­мек.

Салалық одақ басшылары ұсы­­­­нылған деректер кем дегенде қай­та тексеріледі деп үміттенеді. Олар­­дың пікірінше, мәселе нақ­ты сандардың тым жоға­ры көр­се­тілуінде емес, бұл дерек­тер еліміз өз азық-түлік қауіп­сіз­дігін қам­тамасыз етіп жатыр деген жал­ған тұжырымды қа­лып­тастырып жі­бе­рсе, сол қиын.

 

АЛМАТЫ