Фото: Ерлан Омар/Egemen Qazaqstan
Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың ұсынған мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылғы 6 қазанда сағат 7:00-дегі жағдай бойынша өңірлердегі барлық 10 249 дауыс беру учаскесінде дауыс беру басталды.
84 сайлау учаскесінде аумақтық комиссиялардың шешімдері бойынша дауыс беру таңғы сағат 6:00-де басталды. Тізімдерге 12 миллион 244 мың 683 азамат енгізілген.
«Референдум өткізуге барлығы 10 569 аумақтық және учаскелік комиссия, оның құрамында 70 029 адам тартылды. Республика бойынша барлығы дауыс беруге арналған 10323 учаске бар. ҚР шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанынан әлемнің 59 елінде дауыс беру үшін 74 учаске құрылды», деді ол.
Айта кетейік, референдумға 30 шет мемлекет пен 4 халықаралық ұйымнан 177 бақылаушы, сондай-ақ 37 елден 200 шетелдік журналист аккредиттелген.
Барлық дауыс беру учаскесінде дауыстарды қабылдау бір уақытта – сағат 20:00-де аяқталады. Дауыс беру нәтижелері 7 күн ішінде жарияланады.