Аймақтар • 06 Қазан, 2024

Алғашқы келушілерге кітаптар сыйға тартылды

49 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір еліміз бойынша жалпыхалықтық референдум жүріп жатыр. Осыған орай барлық өңірлермен бірге Шымкентте де таңғы сағат жетіден бастап барлық дауыс беру учаскелері ашылды. Мәселен шаһардың жаңа әкімшілік іскерлік орталығында орналасқан «Түркістан» сарайында №231 учаскеде таңнан бері халық үзілген жоқ. Қазақстанда атом электр станциясын салу керек пе жоқ па деген маңызды мәселеде өз таңдауын жасау үшін аталған учаскеге ең бірінші болып полиция мен төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері келді. Олар барлығы бір кісідей өз таңдаулары бойынша дауыс беріп, азаматтық белсенділіктерін танытты.

Алғашқы келушілерге кітаптар сыйға тартылды

Сарапшылар пайымдағандай, референдум - еліміздегі үлкен саяси оқиғаның бірі. Сондықтан әрбір адам оған қатысып өзінің қоғамдағы көзқарасы мен азаматтық ұстанымын білдіруі шарт. Қазақстан өзінің конституциялық құрылымы бойынша құқықтық ел. Сол себепті барлық мәселеде елде заң, тәртіп шеңберінде шешілуі қажет. Оның үстіне бүгінгі таңда Қазақстанда «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іске асырылып келеді. Оның басты мақсаты қандай да бір маңызды мәселе қабылданар алдында халықпен санасу, олардың пікіріне құлақ асу. Мына өтіп жатқан жалпыхалықтық референдум осы ауқымды демократиялық қағидаттардың бір көрінісі.

Референдум - елімізде іске асырылып жатқан үлкен саяси іс-шара. Оған әрбір адам қатысу міндетті. Ал адамдардың көңіл күйін көтеру мақсатында комиссия тарапынан арнайы мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл ең бірінші кезекте дауыс беру алаңында келуші азаматтарды мерекелік көңіл күйге бөлеу үшін қажет. Осының аясында келушілердің белсенділігін арттыру мақсатында жоғарыда аталған «Түркістан» сарайындағы №231 учаскеде алғашқы үш дауыс берушіге кәде ретінде сыйлықтар, яғни, кітаптар табыс етілді. Бұл әлбетте дауыс беруге келген қала тұрғындары үшін күтпеген жағдай болды. Олар осы сыйлықты алғандарына ерекше қуанып, референдумға қатысуға барлық жақындарын үгіттейтіндерін жеткізді. Осындай ынталандыру шаралары мен ерекше тосын сыйлар барлық дауыс беруші учаскеде қолға алынды. Ол азаматтардың белсенділіктерін арттыру мен мұндай ел болашағына маңызды оқиғада ешбір саналы адам шет қалып кетпеуін сездіру үшін қажет.  

Ресми мәлімет бойынша Шымкентте референдум өткізу үшін барлығы 344 учаске жұмыс істеп тұр. Таңғы жетіден кешкі сегізге дейін дауыс беруге құқығы бар 660 563 тұрғынның әрқайсысы осы дауыс беру учаскелеріне келіп, маңызды таңдауға орай өз шешімдерін қабылдай алады. Учаскелерде тәртіпті қадағалап отырған бақылаушылардың айтуынша, дауыс беруге келіп жатқан адамдар легі таңнан бері үзілген жоқ. Әр азамат бұл күні кешкі сегізге дейін қай уақытта барса да өз таңдауын жасап үлгереді. Сонымен бірге дауыс берушілердің референдумға қатысуда ешқандай кедергіге тап болмас үшін барлық қажетті жағдайлар қарастырылған.

 

ШЫМКЕНТ