Аймақтар • 06 Қазан, 2024

90 жастағы жер қойнауының құрметті барлаушысы өз таңдауын жасады

59 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы жер қойнауының құрметті барлаушысы, Қарақия ауданы және Маңғыстау облысының құрметті азаматы Тұрсынғали Көшенов өзі тұратын Құрық ауылында орналасқан 145 сайлау учаскесіне барып, ел болашағы үшін дауыс берді.

90 жастағы жер қойнауының құрметті барлаушысы өз таңдауын жасады

Күні кеше қазан айының 1-і күні 90 жасқа толған еңбек ардагері осы жасқа келгенше қоғамдық-саяси өмірден қол үзген емес.

«Референдум деген – елдік шаруа. Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келгелі бері елімізде екінші рет референдум өтіп отыр. Бұл – ел тағдырына қатысты мәселеде халықпен ақылдасудың, олардың пікірімен санасудың белгісі деп ойлаймын. Сондықтан отбасыммен, бала-келін, немерелеріммен келіп өз таңдауымызды жасадық», дейді атақты геолог-барлаушы.

ап

Тұрсынғали ақсақал кезінде Бакудың М.Азизбеков атындағы политехникалық институтын бітірген маңғыстаулық алғашқы бұрғышы-инженер. Жетібай кен орнын ашушы кен барлаушыларының бірі, тек Жетібай емес, соған ілесе ашылған бірнеше кен орындарда Тұрсынғали Көшеновтың табан ет, маңдай тері жатыр.

Тұрсынғали Көшенов 1934 жылы күз айында Форт-Шевченко қаласынан 35 шақырым жердегі Тамшалы деген жерде дүниеге келген. 1954 жылы 10 сыныпты үздік бітіріп, Баку қаласындағы М.Азизбеков атындағы Әзербайжан индустриалдық институтының «Мұнай және газ кең орындарын игеру» факультетінің студенті атанды.

1959 жылы институттағы оқуын бітіріп, Атырау қаласындағы Батыс Қазақстанның геологиялық басқармасына жолдама алып, сол жылы Маңғыстауға қайта оралды. Тамыз айында «Маңғышлақмұнайгазбарлау» тресінде жаңадан ашылған Түбіжік кен орнына бұрғышы шебері болып еңбек жолын бастады. Содан бастап, осы салада жарты ғасырдан астам уақыт басшылық қызмет етіп, өз мамандығының майталманы атанған.

Маңғыстаудың ең алғашқы мұнай инженері бүгінде зайыбы Ханшайым Жүсіповамен бірге ұлағатты ұрпақ өсіріп, немере мен шөберенің қызығын көріп отыр.

 

Маңғыстау облысы