Кеше Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев арасында 2012 жылғы Бішкекте болған кездесуде жасалған ұсыныс аясында Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов пен Қырғызстан Жогорку Кенешінің Төрағасы Асылбек Жээнбеков екі мемлекет Парламенттері арасында Ынтымақтастық жөніндегі кеңес құру туралы келісімге қол қойды.
Қол қою рәсімі аяқталған соң Мәжіліс Төрағасы Қ.Жақыпов пен Жогорку Кенеш Төрағасы Асылбек Жээнбеков Кеңестің алғашқы отырысын Қазақстан Парламенті екі палатасы және Жогорку Кенеш депутаттарының, аппарат қызметкерлерінің және БАҚ өкілдерінің қатысуымен ашық түрде өткізді. Оны ашқан сөзінде Қ.Жақыпов алдымен Парламентаралық кеңестің маңыздылығына тоқталды. Кеңес екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қатынастарды нығайтуға, парламентаралық ынтымақтастықты тереңдетуге, сондай-ақ, екіжақты келісім-заңнамалық базаны жетілдіруге бағытталған.
– Қазақстан Қырғыз Республикасын өзінің аймақтағы сенімді стратегиялық әріптесі деп санайды. Біздің елдеріміздің арасындағы саяси үнқатысулар ашық және сенімді сипатта жүргізілуде. Екі елдің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық әлемдік экономикадағы дағдарысқа қарамай соңғы екі жылда 1 млрд. АҚШ доллары көлемінен төмендеген емес.
Бұл үрдіс Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруімен сақталып қана қоймай, арта түсетіндігіне сенім мол. Әзірге, Қырғыз Республикасының ЕАЭО-ға ену жөніндегі құжаттары Мәжілістің қарауына түскен жоқ, ал түскен бойда оны тезірек ратификациялауға біз дайынбыз, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Одан әрі Қабиболла Қабенұлы Парламентаралық кеңестің жұмысына тоқталып өтті. Парламентаралық кеңестің жұмыс бағыттарының біразы біздің елдеріміздің ұлттық заңнамаларын өзара жақындастыру мен үйлестіруді көздеген ұсынымдар әзірлеуге саяды. Екіншіден, Кеңес бейінді комитеттер, парламенттік фракциялар мен саяси топтар арасында байланыс орнатуға ықпал етеді. Жалпы айтқанда, Кеңес жұмысы екі елдің арасындағы экономикалық өзара әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталған, деді спикер.
Сонымен қатар, Қ.Жақыпов екі елдің арасындағы мәдени-гуманитарлық және әлемдегі, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту бағытындағы басымдықтар туралы айтып өтті. Өзара көмек және өзара қолдау біздің елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың ұзақ жылдардан бергі негізі болып келеді. 2012 жылы Президент Н.Назарбаев Қырғызстанның оңтүстігі мен солтүстігінде екі жалпы білім беретін заманауи үлгідегі 500 орындық мектептер салып беру туралы шешім қабылдаған. Соның біреуі салтанатты түрде ашылды, ал екіншісінің құрылысы жалғасуда. Бұл нысандар да біздің елдеріміздің арасындағы байланыстарды нығайтуға қызмет ететініне сенімдіміз, деді Төраға.
Өзінің жауап сөзінде Асылбек Жээнбеков бұл оқиға Қырғызстан мен Қазақстан Парламенттері ынтымақтастығының жаңа кезеңге өткендігінің көрінісі екендігін атап өтті. Біздің халықтарымыз әрқашан достық пен келісімде өмір сүрген. Сонымен қатар, бірін бірі үнемі қолдап келеді. Біз осы дәстүрді болашақ ұрпақтарға жеткізуге міндеттіміз, дей келіп, соның бір айғағы ретінде Астанада Шыңғыс Айтматовтың есімімен бір көшенің атын атау туралы шешім қабылданғанын қанағатпен атап өтті. Ал Қырғызстанда қазақ халқының ұлы тұлғалары Абай, Шоқан, Мұхтар Әуезов есімдері ұлы «Манас» жырымен қатар аталып, ұлттық мақтаныштарымыз ретінде бағалануда, деді спикер.
Сонымен қатар, ол Қазақстанның халықаралық жетістіктеріне де қуанатынын, ал ЭКСПО көрмесіне Қырғыз Республикасының өкілдері белсенді түрде қатысатындығын айтты. Сөзінің соңында А.Жээнбеков қырғыз елі Еуразиялық экономикалық одаққа енуден үлкен үміт күтетінін де жеткізді. Қазақстандық әріптестеріміз біздің Одаққа кіру туралы құжаттарымызды тезірек ратификациялар деген үміттеміз, деді ол.
Одан әрі Жогорку Кенеш Төрағасы Кеңестің алғашқы отырысына Қырғызстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Э.Оторбаевтың қатысып отырғанын пайдаланып, оның Қазақстан тарапына қатысты бірқатар ақпаратын тыңдауды өтінді. Вице-министр ТМД елдері Сыртқы істер министрлері кеңесінің жұмысынан қысқаша ақпар беріп өтті. Сонымен қатар, сауда-экономикалық байланыста Қазақстан Үкіметі тарапынан қойылған кейбір кедергілерді жеткізді. Соның ішінде Қырғызстаннан ет-сүт өнімдерін кіргізуге шектеу қойылған екен. Алайда, оны қазақстандық әріптестерімізбен келісе отырып шешуге тиіспіз. Ал «Қазақстан темір жолы» компаниясы алдындағы қарызымыз үшін «Луговой» стансасында тоқтатылып тұрған Ресейден Қырғызстанға келе жатқан 425 вагон-цистерна жанар-жағармайды өткізуге Парламентаралық кеңес өзінің ықпалын тигізгенін қалаймыз, деді вице-министр.
Бұл сұрақтарға жауап берген Мәжіліс Төрағасы Қ.Жақыпов Қырғыз Республикасының ЕАЭО-ға тезірек енуімен мұндай мәселелердің өзінен өзі шешілетінін атап өтті.
Келесі отырыс Бішкек қаласында өтетін болды. Оған дейін жаңа ұйымның ережесі мен жұмыс жоспарының жобасын дайындау жөнінде екі ел Парламенттерінің аппараттарына тапсырмалар берілді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».