Қоғам • 07 Қазан, 2024

Ардагер өнегесін үлгі етті

58 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің білім саласына бірнеше буын кәсіби мамандар толқынын даярлап, қанат қақтырған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 80 жылдық мерейтойына орай ардагер ұстаздармен кездесу өтті.

Ардагер өнегесін үлгі етті

Университеттің дамуына зор үлес қосқан ұстаздардың өмір жолы, ғылыми-педаго­ги­калық қызметін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған салтанатты іс-ша­раға ғылым мен білімнің жарқын болашағын талқылау, жас ғалымдардың, зерттеушілердің ғылыми әлеуетін дамыту мәселелері арқау болды.

«Ел болашағы – ұстаздардың қолында. Ұлағатты ұстаздардың ар­қа­сында еліміздің педагогикалық және өзге де салалары жоғары білікті мамандармен толығып жатыр. Бұл, ең алдымен, ұстаздар ізденісінің, кәсібіне деген сүйіспеншілігінің нәти­жесі», – деп атап өтті университет ректоры Гүлмира Қанай.

Жиында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған ұстаздардың біліктілігін арттыру мәселесіне ден қойған ұстаздар қауымы бұл бағытта білікті мамандар, кәсіби мұғалімдер даярлаудың өзекті екенін алға тартты. Жиында универ­ситеттің аға оқытушылары, білім және ғылым саласында қызмет етіп жүр­ген түлектері баяндама жасап, тәжірибе­лерімен бөлісті.

Университеттің 1971 жылғы түлегі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Айнагүл Ершина университет басшылығына ардагерлер атынан алғыс білдіріп, білім саласында қызмет еткен 40 жылға жуық тәжірибесіндегі озық әдістемесі, маман тәрбиелеудің қыр-сыры жайында айтып берді. «Әр жеткен жетістігім – қадірлі ұстаздарымның қажырлы еңбегінің арқасы. Өз ұстаздарымыздан алған тәлімді кейінгі толқынға үйретуге тырыстық. Сапалы білім, зияткер қоғам ғана елді алға сүйрейтін күш екенін мақсат ете отырып, заман көшінен қалмай біліктілігімізді арттырып, шәкірт­терімізге жаңа заманға сай білім беріп келемін» деп атап өтті.

Кездесу соңында ұстаздарға құрмет көрсетіліп, арнайы марапат табыс­талды.

 

АЛМАТЫ