Мың бір мысал • 07 Қазан, 2024

Бейпіл ауыз

65 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұрын, елде сөз қадірін білетіндер заманында, бейпіл ауыздар аздай көрінеді. Расы, ақиқат соған жақын-ау. Жалпы ел мәдениеті өскен сайын жамандық, даттау мен мансұқтау азая беретінге ұқсайды. Дейтұрғанмен, мәдениетсіздер қай кезде де ұшырасқан.

Бейпіл ауыз

Суретті салған – Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ

Көнекөздердің айтуынша, классик жазушы Мұхтар Әуезовті де балағаттағандар болыпты. Кеңес заманы. Идеология мен үгіт-на­сихаттың қаламақысы ағыл-тегіл. Оның үстіне Мұқаңдарды «мұқа­татын дерек» те бар. Мысалы, Алаш­қа байланысы, бай-бағлан Абайды «бұрмалап суреттегені», т.б. Сірә, ішкіліктің буымен бейпіл һәм боқтық сөзді лақ еткізетін заман­дастары табылса керек. Сон­да жоғары мәдениетті Мұқаң мұндай оспадарларға бірауыз сөз ғана айтады екен: «Барлық боқтық сөздеріңді өзіңе қайтардым!».

Осыған байланысты Жүгініс Байдалы есімді иманды ел ағасы­ның бір әңгімесі жадымызда жаң­ғырды.

Ертеде Шығыстың бір қала­сында дана, оқымысты адам жасапты. Сарайға да, әсіре қия­лиларға да тым жақындамапты. Ойын, пікірін жұртшылық сұраған жерде ғана орнымен айтып отырады екен. Соған қарамай біраз жау тауыпты.

Сол дана жаздыгүні шынар ағашының саясында демалып отырса, оның аты мен затына қанық болса да, «бір түртіп қалайық» деген пейілі қисық, іші тар екі-үш пенде оған түрлі асылық сөз айтып, тіпті мазаққа айналдыра бастапты.

Бірақ оқымысты саспайды. Үндемейді. Бұған әлгі елбұзар­лардың ашуы келеді. Дана әлгі­лердің сөзін шыбын шаққан құрлы көрмейді.

Сонда ішіндегі бір сумақайы: «Әй, оқымысты-сымақ, біз сен туралы айтып отырмыз. Айтқа­нымызды естіп отырсың ба? Әлде құлақтан қалдың ба?» деп сұрайды.

Бұған дана: «Естігенде қандай! Осындай пәтуасыз сөзді естігенде үндемеген мақұл. Жаратқан бә­рімізге ерік берген. Мені ме, басқаны ма, балағаттау – сендердің таңдауларың. Сендердің ақымақ сөздеріңді қабылдау-қабылдамау – менің еркім. Ойлана келе, сөз­деріңнің түкке алғысыз екенін аңғардым. Себебі оның құны – көк тиын. Ал­маған нәрсе, әрине, өздеріңде қалады. Сөйте тұра оңды-солды балғаттауларыңа тоқ­тау сала алмаймын. Бұл – өзде­ріңнің еріктерің әрі хақы­ларың» деп жауап беріпті.

Мұны естіген бейпіл ауыздар айылын жия қалады. Дана кісі ойын былайша түйіндепті: «Ақылды адам ақымақтан да бір нәрсе үйренеді», деген, сендер қазыға жетектеп апаруға да, жон­­дарыңнан таспа тілуге де жа­рамай­сыңдар. Менің үнде­меуі­мнің сыры осында».

 

Айтуған ДОСБИ