– Халықтың референдум учаскелеріне келіп, азаматтық үнін білдіруіне қолайлы жағдай тудыру мақсатында барлық мүмкіндікті пайдаландық. Әкімдіктер жанынан Сall-орталықтар құрылды. Әркім өзінің тізімде бар-жоғын арнайы Telegram-бот арқылы тексеру мүмкіндігіне де ие болды. Комиссия мүшелері біліктілігін ұдайы арттырып отырды. Референдум кезеңінде мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруін қамтамасыз ету үшін барлық учаске пандустармен, қажетті құралдармен жабдықталды. Дауыс беру кезінде облыс бойынша 6 инватакси қызмет көрсетті, – дейді Ұлытау облысының аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Алмас Нысанбаев.
Халықтың дауыс беруге деген белсенділігі бірден-ақ байқалды. Айталық, түс әлетінде облыстағы дауыс беруге тіркелген азаматтардың 43,31%-і таңдауын жасап үлгерді. Солардың бірі – Халық әртісі, Ұлытау облысының құрметті азаматы, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театрының актері Досжан Жанботаев болды.
– Бұл – менің өмірімдегі бесінші референдум. Ең алғашқы қатысқан референдум 1991 жылы КСРО тағдырына байланысты болған еді. Бұл жолғы референдумға елдің ертеңгі экономикалық дамуының тетіктерінің біріне қатысты сұрақ қойылған. Референдум маған сонысымен ерекше көрінеді. Қазіргі уақыт сәт сайын соны жаңалықтарын ұсынып жатқаны белгілі. Бүгінгі жаңалық ертең ескіріп жатады. Сондықтан бізге алысқа көз тастау, тереңнен ойлану абзал. Мен өзім тіркелген №220 учаскеде дауыс бергенде, халық тарапынан белсенділіктің жоғары екенін байқадым. Бұл мені қуантты. Өйткені елдің тағдырына өзіміз бейжай қарасақ, не болады? – деді Досжан Әбдірәлімұлы.
Жезқазған