Пікір • 07 Қазан, 2024

Көпшілік тілегі орындалады

111 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде АЭС салу бойынша республикалық референдумның өтуі демократия дамуының жаңа белеске көтерілгенін көрсетеді. Сол арқылы хал­қы­мыз мемлекеттің ісіне, шешімдеріне тікелей араласа алады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іске асып жатыр.

Көпшілік тілегі орындалады

Бұл – әділетті Қазақстан, әділетті экономика, әділетті қоғам құру жолында атқа­рылып жатқан саяси іс-шаралардың ең өзектісі. Сон­дықтан мен де отбасыммен бірге дауыс беру учаскесіне барып, таңдауымды жасадым.

Мемлекет басшысы­ егер халық АЭС салуды қолдап дауыс беріп, оң шешім қабылданған жағ­дайда оның құрылысын ірі-ірі халықаралық компаниялардан тұратын консорциум құру арқылы жүргізуді айтқан еді. Мұндай жағдайда станса құрылысы әрі сапалы, әрі салу мерзімі қысқа болуы мүмкін. Осы орайда халқымыз дұрыс таңдау жасайды деп үміттенемін.

Өйткені қазіргі таңда өнеркәсіп орындары­ның көбейіп, ұлғаюына байланысты электр қуатына қажеттілік артып келеді. Мамандардың айтуынша, 2035 жылға дейін оны пайдалану көлемі қазіргіден екі есеге өседі. Сондықтан электр энергиясын өндіруді де екі есеге арттыруымыз ­керек. Осы орайда мем­лекеті­міз арнайы жұ­мыс­ты атқарады деп ой­лай­мын. Жаңартылатын энергия көздері, АЭС, одан өзге де энергия өндіру тетікте­рін іздеу арқылы әлемдік экономикадағы орнымызды табамыз. Осын­дай ірі жобаларды ат­қару аясында ғылым мен білім­ге даңғыл жол ашамыз. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүзеге аса береді. Ең бастысы, бейбіт заман болсын, басымыздан тыныштық кетпесін!

 

Ғалиасқар САРЫБАЕВ,

Сенат депутаты