16 Маусым, 2015

«Серпін» сенім сыйлайды

441 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
SONY DSCЕлімізде инвестиция мол құйы­латын саланың бірі – білім. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұдайы назарында ұстайтын саланың стратегиялық маңызы зор «Серпін-2050» бағдарламасы былтыр қолға алынған болатын. Бағдарлама халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы (Ал­маты, Оңтүстік Қазақстан, Жам­­был және Қызылорда облыс­тары) жастарды кадр жетіс­пеушілігі анық байқалатын шығыс, сол­түстік және батыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыруды көздейді. Аталған жоба 2014 жылы педагогикалық мамандықтарды қамтыған болса, биыл техникалық және ауылшаруашылық  маман­дықтарын қамтымақ. Осы орайда жобаны іске асы­руға қатысатын жоғары оқу орындарының бірі болып бекітілген Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мем­лекеттік техникалық универ­ситетінің әлеуметтік даму және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Жақсыкелді Нәзбиев­пен әңгімелескен едік. Жақсыкелді Түсіпқанұлының айтуынша, университетке «Серпін» бағдар­ламасы бойынша биыл 450 мем­лекеттік білім гранты бөлінді. Бағдарлама негізінде автоматтандыру және басқару, ақпараттық жүйелер, есептеуіш техника және бағдарламалық қамтамасыз ету, математикалық және компьютерлік үлгілеу, кен ісі, металлургия, геодезия және картография, маши­на жасау, көлік, көліктік техника және технология, аспаптар жасау, жылу энергетикасы, электр энергетикасы, техникалық физика, технологиялық машиналар мен жабдықтар, құрылыс, тіршілік әрекетінің қауіпсіздігі және қор­шаған ортаны қорғау, стандарттау, метрология және сертификаттау, пайдалы қазбаларды байыту, көлік құрылысы, су ресурстары және суды пайдалану, орман ресурстары және орман шаруашылығы, ағаш өңдеу және ағаштан бұйымдар жасау технологиясы сынды маман­дықтар қамтылды. Проректордың түсіндіруінше, биыл техникалық мамандықтарға гранттың көп бөлінуінің себебі, еліміздің еңбек нарығында ин­женерлік мамандарға сұра­ныс­тың жоғары болуында. Ірілі-кішілі кәсіпорындарда, компания­ларда, өндірісте инженерлер қажет. Олардың жалақысы жоға­ры, әлеуметтік пакетпен қам­тамасыз етіледі және кәсіби тұр­ғыдан өсудің мүмкіндігі бар. Бұл мамандықтарға түсуде таңдау пән­дері ретінде көбіне физика, география, химия алынады. Сондай-ақ, ҰБТ балының жоғары болуы міндет емес. 50 және одан көп балл жинағандардың барлығы осы бағдарлама бойынша оқуға түсу үшін мемлекеттік білім грантының конкурсына қатыса алады. – ШҚМТУ-ге осы бағдарлама бойынша оқуға түскісі келетіндер өз облыстарындағы ең жақын жоғары оқу орнына барып, 2015 жылы 23-31 шілде аралығында мемлекеттік білім грантының конкурсына құжаттарын тапсыра алады. Тек арызды толтырған кезде таңдаған мамандықтың тұсына ШҚМТУ-дің коды – 012 санын көрсетсе болды! «Серпін» бағдарламасы бойынша түскен студенттер жатақханамен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ оқуды аяқтаған соң жұмысқа тұ­руына көмек көрсетіледі. Және оқуға түскен балалардың 2 рет үйіне келіп-кеткен жолақы пұ­лын мемлекет төлейді, – деді Ж.Нәзбиев. Заманауи дәрісханалары мен ғылыми зертханалары, қоры бір миллион томнан асатын кітапханасы, спорт залы, Бұқтырма су қоймасының жағасында орна­ласқан спорт-демалыс лагері, әскери кафедрасы бар Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-ге «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға түскісі келген талапкерлер уни­вер­ситеттің www.еktu.kz сайты арқылы толық ақпаратқа қаныға алады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.