Байтақ Отанымызда білім мен ғылымның алтын ордасына айналған оқу орындары аз емес. Олардан білім үйреніп, ғылымның тереңіне бойлаған азаматтар да жетіп-артылады. Солардың бірі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Серікбай Иманбайұлы дер едік. Ол ауылдан қанаттанып ұшып, Қызылорда қаласындағы гидромелиорация техникумына өз қалауымен түсіп, оны 1963 жылы үздік бітіреді. Мамандығы бойынша қызмет атқарады. Орта білім аясында қалып қоймай жоғары оқу орнын да тәмамдасам деген ізгі ниетпен Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтының гидромелиорация факультетіне құжат тапсырады. Бұрын алған білімі оның сынақтан сүрінбей өтуіне мүмкіндік туғызады. Бес жылдан кейін 95 бітірушінің арасында ол тағы да үздік дипломға ие болады. Білікті кадрды қолдан шығармай гдромелиоративтік жүйелерді пайдалану кафедрасына ассистент етіп қалдырдық. Алайда, ол теориялық білімді тәжірибеде тереңдетуім, дәлелдеуім керек, деп Қызылорда қаласындағы бір ПМК-ға мастер болып кетті.
Өткен ғасырдың 60-70-жылдары елімізде ғалымдар қатары аз болатын. Оның үстіне жаратылыстану пәндері бойынша ғылыми атақ алу жағы көбінде Мәскеуде орындалатын. Ол үшін мықты жетекші табуың керек. Серікбай өндірістегі тәжірибесін ендігі жерде ғылыммен ұштастырсам деген ойға келеді. Кеңес Одағындағы мелиорация саласының ғылыми орталығы негізінен Мәскеудің гидромелиоративтік институтында (МГМИ) болатын. Алған біліміне, үйренген үлгісіне табан тіреген Серікбай Иманбайұлы аталмыш институтқа жол тартар алдында, сол мекеменің ғылыми негізін қалаған А.Н.Костяковтың шәкірті, академик С.Ф.Аверьяновтың өзіне тікелей хат жолдайды. С.Ф.Аверьянов тек одаққа ғана емес, төрткіл дүние аты мәлім, мелиорация ғылымының атақты өкілдерінің бірі болатын. Академик Серікбайдың хатына риза болғаны сонша, тез арада келіп, емтихан тапсыруы керектігін айтады. Сөйтіп, ол Мәскеуде атақты А.Н.Костяковтың кабинетінде бір академик пен екі профессорға емтихан тапсырады. Ғалымдар оған дән риза болады. Академик Аверьянов пен профессор Голованов ғылым жетекші болатындарын жеткізеді.
Жетекшілері де таланты жасты қолдап, бағыт-бағдар береді. 1978 жылы институттың ғылыми кеңесінде «Күріш ауыспалы егісіндегі ылғал және тұз режімдері» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Оның бұл жетістігінен хабардар, өзі түлеп ұшқан Жамбыл гидромелиорация институтының басшылары Қызылорда филиалына кафедра меңгерушісі етіп тағайындайды. Кейін бұл филиал нақтылай түсіп, 1990 жылы Қызылорда агроөнеркәсіптік өндіріс инженерлері институты болып құрылды.
Білім бере жүріп ғылыми ізденістерін де жалғастырған Серікбай Иманбайұлы 1997 жылы Мәскеу мемлекеттік табиғатты үйлестіру университетінде, он тоғыз жылдан кейін докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты. Ол оқу ісі жөніндегі проректор ретінде білім беру мәселесі бойынша да тиянақты істерге ұйытқы бола білді. Әріптестерімен түсіністікте жұмыс істеп, студенттермен тіл табысып, оларды ғылымға баулу ісін алға оздырып отырды. Мамандықтарға сай оқулықтар жазу ісіне де бел шеше кірісіп, өзі үлгі бола білді. Жүздеген ғылыми еңбектер мен 3 іргелі монография, бірнеше оқулық соның дәлелі деп білеміз.
Ол басқа мәселелер бойынша мерзімдік басылымдарға да мақала жазып, үнқосып отыруды өзіне парыз санады. Сондай ізденістен туған «Суармалы жердің сұранысы көп», «Түтінің түзу шықсын туған жерім», «Тәрбиені ұтымды үйлестірген ұтады», «Суармалы жер – ел ырысы», «Ұлттық тәрбие не үшін қажет?», тағы басқа мақалалары бас басылым – «Егемен Қазақстан» газетінде, «Жұлдыз» журналында жарық көрді. Бұл оның өз мамандығы мен шектеліп қалмай, жалпы адамзаттық, өркениет мәселесіне назар аударып отыратынын көрсетеді.
Бүкіл саналы ғұмырын елдің өркендеуіне, өзі тұрып жатқан, өңірдің игілікті істерін іске асыруға, жастарға білім беріп, тәрбие үйретуге жұмсап келе жатқан, жеті белеске шыққан профессор Серікбай Иманбайұлының еңбегі елеусіз емес. Ол осыдан 10 жыл бұрын омырауына «Құрмет» орденін тақты. Ең басты жетістігі, ғалымдығына қоса, зайыбы Рабиға екеуі ұлды ұяға, қызды қияға қондырған бақытты әке, ардақты ана, асыл ата, аяулы әже. Бұл тұрғыдан келгенде ол зиялы жандардың, жалпы жұрттың қай-қайсысына да үлгі-өнеге бола алады.
Орақбай ЗУБАИРОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің
профессоры.