Әскер • 08 Қазан, 2024

Батылдық эстафетасының ізбасарлары

37 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шымкент теміржол вокзалында әскерден қайтқан және әскер қатарына шақырылған сарбаздардың екі пойызы бір уақытта кездесті. Теміржол вокзалы перронының екі жолында қызметтен запасқа босатылған сарбаздар мен әскерге шақырылушылар бірдей жиналды. Ал Отан қорғаушыларды шығарып салу мен қарсы алу үшін олардың туыстары мен достары, сонымен қатар ардагерлер ұйымдарының өкілдері мен жергілікті әскери басқару органдарының басшылығы келді.

Батылдық эстафетасының ізбасарлары

Әскерден оралған жі­­гіт­­терді шыға­рып салу мен кү­тіп алу рә­­сімі «Оңтүстік» өңір­­лік қол­бас­­­шылығының механика­лан­ды­рылған бригадасы әскери ор­кестрінің шеру әуенімен өтті. Осы­лайша, теміржол вокзалы бір ме­зетте үлкен қуаныш пен думанды мерекенің алаңына айналды.

Вокзалда пойыз күткен жолаушыларды көгілдір берет киген десантшылардың түр келбеті ерекше қызықтырды. Жас балалар жауынгерлердің қолын алып, бір сәтте олармен фотоға түсіп үлгерді. Десантшылардың жүріс-тұрысы мен киген киіміне ерекше назары ауған жасөспірімдер тезірек әскер қатарына алынып, ағалары секілді көгілдір береттің иесі болуды армандағандары сөзсіз. Ал Отан қорғау борышын өтеуге енді аттанып кетіп бара жатқан жас жігіттер уақыт келсе де олар да осындай сән салтанатпен үйіне абыроймен ораларына сенім білдіріп, алдағы әскери өмірдің пайдалы да қызықты өтеріне үлкен үмітпен қарағаны көз жанарынан сезіліп тұрды.

ап

Өз кезегінде Шымкент қала­сының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев әскер­ден қайтқан жауынгерлерге елге жасаған қызметі үшін, ал сарбаз болуға бара жатқан жастарға батыл жүрек танытып ерлік қадам жасағаны үшін алғысын жеткізді.

«Осыдан тура бір жыл бұ­рын біз осы теміржол вокзалынан әскерге шақырылылған 40 жас жігітті десанттық-шабуылдау бригадасына қызметке жіберген едік. Қарулы күштердің осы беделді бөлімшесіне біз физи­калық және психологиялық тұр­ғыдан жақсы дайындалған жастарды ғана жолдаймыз. Енді олар батылдық эстафетасын өз інілеріне тапсырып жатыр. Олар үшін бұл –ұмытылмас сәт», деді қорғаныс іс­тері жөніндегі департамент бас­тығы полковник Ә.Шегебаев.

Ал балаларын батыл ұл қылып тәрбиелеген сарбаздардың ата-аналарына «Қарулы күштер арда­герлері» республикалық қоғам­дық бірлестігінің төрағасы, отстав­кадағы полковник Серікбай Оң­баев ерекше алғысын білдірді.

«Біз балаларды бір вокзалдан және бір пойызбен қарсы алып, шығарып салып жатырмыз. Кеше ғана әскерге кеткен жас бала бүгін күші толысқан, ойы есейіп кәдімгідей үлкен ер азаматқа айналған жігіттерді көріп отырмыз. Олар ата-ана­сының, туыстарының алдында бала секілді еді, бүгін міне, әскерден оралып, ел қорғауға дайын нағыз қазақ­тың батыры болып келді. Осын­дай тамаша ұлдарды көріп қалай риза болмассың, қалай тамсанбас­сың! Әрине, жас сарбаздардың мінезді тұлғалы жауынгерлерге айна­луына командирлердің, сержант, нұсқаушылардың еңбегі көп. Дегенмен сарбаздар да өзін-өзі тәрбиелеу үшін көп жұмыс істеді», деді ардагер.

Әлбетте, вокзалды болған шаттықты көріністі ауызбен айтып жеткізу қиын. Қанша дегенмен жауынгерлер де, олардың ата-аналарына да бір-бірін сағынысып қалғаны жүзінен көрініп тұрды. Сарбаздардың достары да бұл думаннан шет қалмай, қимас бауырларын қау­малай қоршап, тіпті барлығы бірге төбесіне қарай лақтырып, көңіл көтеріп жатты. Бұл ұзақ уақыт жырақта жүріп, Отан қор­ғау жолында қызмет атқарып, өз мін­детін аман-есен атқарып кел­ген сарбаздардың өміріндегі ең қызықты да ұмытылмас шағы боп қалары сөзсіз.

 

ШЫМКЕНТ