Өнер • 08 Қазан, 2024

Ғарифолла филармониясының жаңа маусымы

297 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Орал қаласында Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы «Саз әлемі» атты ерекше концерт берді. «Атамекен» өнер ордасының алып сахнасында бір мезетте бірнеше өнер ұжымы –
200-ден астам өнерпаз қатар шығып, жаңа маусымның шымылдығын ашты.

Ғарифолла филармониясының жаңа маусымы

Кейінгі кезде Батыс Қазақстан облы­сы­ның мәдени өмірінде бірнеше елеулі өзгеріс болды. Мамыр айының соңында Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония мен «Атамекен» өнер ордасы біріктіріліп, бір ұжымға айналды. Белгілі ақын, бұған дейін Оралдағы Қадыр Мырза Әлі атындағы Мәдениет және өнер орталығын креативті басқарып көзге түскен Бауыржан Халиолла үлкен өнер ұжымының тізгінін қолына алып, ұршықша үйіріп әкетті. Бұл оң істерге биылғы мамыр айында ғана облыстық мәдениет басқармасының басшылығына келген Қуанышбек Мұханғалиев те оң ықпал етсе керек. Өңірде ұлттық өнердің, қазақы мәдениеттің екінші тынысы ашылғандай бір кезең басталды. Бұған осы «Саз әлемі» концерті де көзімізді жеткізгендей.

1

Маусымашар концертті жүргізуге Алматыдан «Шалқар» радиосының ре­дак­тор-жүргізушілері Гүлмира Нәлі­бай мен Талант Арғынғали арнайы ша­қырылған екен. Осының өзінен ұйым­дастырушылардың көрермен алдындағы жауапкершілігін сезінгені байқалып тұрды. Сөз қадірін білетін қос саңлақ та аянып қалмады – сөзі мен сазы үйлескен әдемі іс-шара көңілден шықты.

2

Бұдан бұрын да айтқанбыз – соңғы үлгідегі ерекше техникамен жабдық­тал­ған, бүгінгі күннің талабына жауап бе­ретін «Атамекен» сарайы бұл жо­лы да барлық мүмкіндігін байқатты. Фи­лар­мония құрамына кіретін бірнеше ұжым – Мәдениет саласының үздігі Мир­зада Серікқызы жетекшілік ететін «Атамекен» халық биі ансамблі, Тимур Мең­діғалиев басқаратын «Атамекен» этно-фольклорлық ансамблі, Аслан Ғұма­­ров жетекшілік ететін «Атамекен» фольк­лорлық ансамблі, Мәдениет сала­сының үздігі Еркін Нұрымбетов бас дирижер әрі көркемдік жетекші болып отырған Дәулеткерей атындағы Қазақ халық аспаптары оркестр, Мәдениет сала­сының үздігі Никита Говоров басқаратын Шамғон Қажығалиев атындағы эстрада­лық-симфониялық оркестр, Мәдениет саласының үздігі Владимир Баяндин жетек­шілігіндегі «Атамекен» камералық ансамблі, тек қана кәсіби биші жігіттерден құралған «Атамекен» ерлер би ансамблі (балетмейстері Сұлтан Дәуітов), құра­мында 25 әнші бар «Атамекен» камералық хоры (хормейстері Күнсұлу Көптілеуова), Мәдениет саласының үздігі Валерий Полубабкин жетекшілік ететін «Атамекен» вокалды аспаптар ансамблі – барлығы 200-ден аса өнерпаз бір мезгілде сахнада өнер көрсеткен сәттері де болды. Әсіре­се қос оркестр Нұрғиса Тілендиевтің «Ма­хамбет» поэмасын орындаған кезде мың жарым адамдық «Атамекен» сарайы ұлы дүбірге толып, көктен найзағай ойна­ғандай әсер етті. Аталған өнер ұжым­дарымен қатар, аты әйгілі өнер шебер­лері – Қатимолла Бердіғалиев, Сәуле Таудаева, Сағадат Рахметжанов, Серік Әбдірахманов, Қайрат Кәкімов сынды дәстүрлі әншілер тобы, олардың ізба­сарлары – Күләш Қуанышқалиева, Асқат Ораз, Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі, Фархат Оразов, Ақмарал Кемелханова, Жанаргүл Саркенова, Айжан Мұхамбетжанова, Бейбіт Қажығалиев, Назгүл Қабиева, Нұралы Айтуғанов және басқалары бар. Сопраналар шеруін жасаған Мәдениет саласының үздіктері Ақсұлу Жұмалиева, Ақмарал Ахметова, Альбина Наурызалиева, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Эльмира Усаева, «Баритондар шеруіне» шыққан Дамир Сатыбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Әмірханов, Алтынбек Оразов, Айбек Тұрарбеков, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айбар Хайырханов та халықтың ыстық ықыласына бөленді. Аккардеон аспабын адамша сөйлеткен Галина Калашникова, «Жайлаукөл кештерін» сағындырған Сиғватолла Ешкаев, Айдана Орынғалиева, Асланбек Қуаналиев, Аружан Бисембай, Дархан Құлбабаев, Гүлфаризат Нұрсейі­това, Азат Қабиев, «Асыл арманды» аңсатқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Марат Сарбөпеев, Дария Бақытова, Омар Хи­башев, Мәдениет саласының үздігі Майра Хайдарова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаскелең Ғайсағалиев, Ақжайықтың бейресми бойтұмарына айналған «Ақ­жайық – ару мекенім» әнін бірге шыр­қа­ған Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері, «Құрмет» орденінің иегері Доне­діл Қажымов, Жаскелең Ғайсағалиев, Жаңыл­сын Хасанова, Марат Сарбөпеев, Майра Хайдарова, Дария Бақытова... Шыны керек, бұл өнер ұжымдарының әрқайсысы, жезтаңдай әншілердің әрбірі жеке концерт беріп, жалпақ жұртты аузына қарата алатындай қабілеті барын ел біледі.

3

Бір таңғаларлығы, концерт бастан-аяқ жанды дауыста өтті.

«Біз бұл үрдіске көшкенімізге біраз уақыт болды. Бұдан кейін де Батыс Қазақ­стан облыстық филармониясының, «Ата­мекен» өнер ордасына тиесілі өнер ұжым­дарының барлық концерті тек жанды дауыс­та өтетін болады. Қос мекеме қосыл­ғаннан бері де атқарылған жұмыс, жеткен жетістік аз емес. Биыл Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына – 115 жыл. Осы мерейтойды кешенді түрде атап өту жұ­­мысын маусым айынан бастап кет­тік», дейді мекеме басшысы Бауыржан Халиолла.

4

Шынында да Бауыржан Ергенұлы кейінгі жылдары жетім баланың күйін кешіп кете жаздаған дәстүрлі ән өнері­нің мәртебесін өз орнына қойды. «Мұхит­тың мұрагерлері» жобасы аясында ба­тыс дәстүрлі ән мектебі өкілдері және «Атамекен» этно-фольклорлық ан­самблінің ән керуені Батыс Қазақстан облысының барлық ауданын аралап, Мұхит пен Ғарекеңнің әндерін насихаттады. Дәулеткерей атындағы Қазақ халық аспаптары оркестрі де «Ойна, шырқа, оркестр!» концертімен облыстың бүкіл ауданына гастрольдік сапармен барды. Үлкен оркестрдің тайлы-таяғымен жолға шығып, ел аралап өнер көрсетуі еліміз тәуелсіздік алғалы болмаған оқиға екен!

5

«Бұл жобаның басты жаңалығы – Ға­рекеңді жаңа қырынан таныттық. Аудан­дағы халық даңқты әншінің бұрын еш жерде орындалмаған романс жанрындағы лирикалық әндерін алғаш тыңдады. Бұл шығармаларды оркестрге лайықтап жазған – көркемдік жетекші әрі бас дирижер Еркін Нұрымбетов. Сонымен бірге «Атамекен» ғимаратында Ғ.Құрманғалиев атындағы дәстүрлі әншілер кабинеті жасақталып, іші толықтай безендірілді», дейді Бауыржан Халиолла.

6

Биыл 21 мамырда Мәдениет қызмет­керлерінің мерекесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз» деген болатын. Кейінгі жылдары Президент Жарлығымен республикадағы бірнеше өнер ордасы «Академиялық» және «Ұлт­тық» деген мәртебеге ие болды. «Саз әлемі» концерті үстінде жүргізуші Талант Арғынғали мен Гүлмира Нәлібай осы туралы айта келіп, «Өнердің сан-саласын бір арнаға тоғыстырып отырған осындай ұжым қандай қошеметке де лайықты ғой. Неге Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияға «академиялық» атағын бермеске?» деген ойды ортаға тастады. Бұл ұсынысты халық ерекше ықыласпен қолдап, дуылдата қол соқты.

Айта кетейік, Ғарифолла Құрманға­лиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясында қазіргі таңда 300-ден астам адам қызмет етеді. Олардың ішінде «Парасат» орденінің 1 иегері, «Құрмет» орденінің 6 иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайрат­кері құрметті атағының 9 иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының 2 лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің 14 иегері, Мәдениет саласының үздігі төсбелгісінің 29 иегері бар екен. Мұның бәрі – сахнада төгілген сан­жылдық тердің, шынайы еңбектің жемісі.

Биыл ғана Шамғон Қажығалиев есімін иеленген эстрадалық симфониялық ор­кестр әйгілі дирижердің туған жері Жаңа­қала ауданына сапар шегіп, арнайы концерт берді. Оркестрге сиқырлы таяқ­ша­ның сы­рын ұғып, тілін меңгерген Шам­ғон Қа­жығалиевтің есімі берілу құр­метіне тамыз айының соңында «Ата­мекен» концерт залында тектінің тұяғы Нарын Қа­жығалиевтің қатысуымен «Ор­кестр үні» ат­ты концерт өтті. Дирижердің асыл жары Жаңылсын Қажығалиева, аяу­лы қызы Қарлығаш Шамғонқызы және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің директоры Медет Қуанышев құрметті қонақ ретінде арнайы шақырылды.

7

Дүбірі алты құрлыққа жеткен V Дү­ниежүзілік көшпелілер ойындары кезінде Астанада әр облыстың мәдениет күндері өтті ғой. Айтулы шараға келген қонақтарға Батыс Қазақстан облысының мәдениеті мен өнерін Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясы таныстырды. «Ақжайықтан – ерке Есілге!» атты концертті көрермен жылы қабылдады.

«25–30 тамыз аралығында Өзбекстан мемлекетінің Самарқан қаласында өткен XІІІ халықаралық «Шарк тароналари» («Шығыс әуендері») атты ұлттық музыка фестиваліне Қазақстан атынан «Атамекен» этно-фольклорлық ансамблі қатысып, 80 мемлекет арасынан жүлделі ІІ орынға ие болды. Қыркүйек айында Астана қаласында алғаш рет ұйымдастырылған Халық қаһарманы Роза Бағланова атын­дағы халықаралық вокалдық конкурстан Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Аружан Бисембай жүлделі ІІ орынға ие болды. Қос жүлде де – облыс мәдениетінің қоржынына салынған үлкен олжа», дейді Бауыржан Ергенұлы.

8

Алдағы күндері Астана қаласында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғарифолла Құрман­ғалиевтің 115 жылдығына арналған қорытынды кеш өтеді. Сол кезде сүйік­ті ұжымына «академиялық» деген анық­тауыш сұрап отырған Ақжайық елі бір сүйін­ші хабар естісек деп елеңдеп отыр. Қабырғасы 1966 жылы қаланған қара шаңырақ бұған лайық та.

 

Батыс Қазақстан облысы