Қаржы • 08 Қазан, 2024

Ұлттық қор: Тығырықтан шығудың амалы қайсы?

109 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Халықаралық валюта қорының еліміздегі миссиясының басшысы Николя Бланшенің айтуынша, бюджет тап­шылығын жабу мақсатында Ұлттық қор қаражатын пайдалануды шектеуіміз керек. «Қазақстандағы фискалдық жағдай инфляцияны жеделдетеді, оны үдетіп, Ұлттық қорға қысым жасап жатыр. Біз фискалдық негізге деген сенімді қолдау мақсатында түзету шараларын ұсынамыз» депті ХВҚ сарапшысы.

Ұлттық қор: Тығырықтан шығудың амалы қайсы?

Осы ұйымның Таяу Шы­ғыс және Орталық Азия ел­дері департаментінің аға эко­номисі Дина Хэн макро­экономикалық болжамдар­ды дайындау кезінде эконо­миканың өсу қарқынын еске­ріп, бюджетке түсімдерді бол­жау қажеттігіне назар аударды.

«Егер өсу қарқыны жоға­ры болса, онда түсім де бо­ла­­ды. Егер олай болмаса, он­да бюджет тапшылығы туын­дайды. Оларды жабу үшін қаражатты қайдан алу керек? Еліміз бұл мәсе­лені Ұлттық қор арқылы ше­­шіп отыр. Біз бюджет па­ра­метрлерін бұзбау үшін, тү­сім­дер аз түсетін және қа­ра­жат артық жұмсалатын жағ­дайларға жол бермеу үшін бюджеттегі мұнай баға­сын неғұрлым шынайы жоспарлауды ұсынамыз», дейді Дина Хэн.

Сонымен қатар ол еліміз­дің 2026 жылға арналған мемлекеттік бюджетінде Ұлттық қор қаражатының кө­лемін қысқарту қарасты­рылғанын да атап өтті.

Ұлттық экономика ми­нистрі­нің орынбасары Аза­мат Әмрин қыркүйек айы­­ның алғашқы онкүнді­гін­­де 2024 жылғы бюджет тап­шылығын жабу үшін Ұлт­тық қордан шамамен 1,5-2 трлн теңге көлемінде ақша алы­нуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, биылға 2 трлн теңге бюджет бекітілген. Бұл – кепілді трансферт, ал 1,6 трлн теңге – мақсатты трансферт. Бұған дейін Ұлттық эко­номика министрі Нұрлан Байбазаров та биылғы бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан ақша алынатынын айтқан.

Қыркүйекте Ұлттық қорға 117,7 млрд теңге түсті.  Оның 117,5 млрд теңгесі мұнай секторы ұйымдарынан түсетін салықтар, 83,1 млн-ы – басқа да операциялар, соның ішінде айыппұлдар мен өсімпұлдар. Республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, 2024 жылы үкімет Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт түрінде 3,6 трлн теңге алуға құқылы болатын, оның 2 трлн теңгесі – бюджет тапшылығын жабуға кепілдендірілген трансферттер, 1,6 трлн теңгесі – мақ­сатты трансферттер. Қар­жы министрлігінің мәліме­тінше, 1 қазанға дейін ке­пілдендірілген трансферт­тердің 2 трлн теңгесі, нысаналы трансферттердің 2,019 трлн теңгесі пайдаланылды. Осылайша, мемлекет Ұлттық қордан белгіленген лимиттен 400 млрд теңгеге артық қаржы алды.

Бұған дейін Қаржы ми­нистрлігі Ұлттық қорды пайдалану лимитін ұлғайтқысы келетінін мәлімдеген. Бірақ алдағы уақытта қанша қаржы алуды жоспарлап отырғанын айтқан жоқ. «Halyk Finan­ce» сарапшыларының бол­жамын­ша, Ұлттық қордан түсе­тін қаражат инфляцияны көтеріп жіберуі мүмкін. Мұндай жағдайда Ұлттық банкке тауар мен қызмет бағасын өсірмеу үшін жыл соңына дейін жоғары базалық мөлшерлемені ұстап тұруға тура келеді.

Ұлттық банк есебіне сәй­кес, қыркүйекте бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін нарықта Ұлттық қор­дан 945 млн доллар сатты, ал қазан айында сату кө­лемі шамамен 50%-ға, 1,3-1,4 млрд долларға дейін ұлғаюы мүмкін. Корпо­ратив­тік табыс салығы да, қо­сыл­ған құн салығы да қа­жет­­ті көлемді қамтамасыз ете алған жоқ. Бұдан бас­қа, биыл мемлекеттік бағдарла­маларды қаржыландыру мақсатында Үкімет әлемдік қаржы нарықтарында 1,5 млрд долларға 10 жылдық еуро­обондтарды сатуды бас­тау туралы шешім қабыл­дады. Сондай-ақ Ұлт­тық қор қаражатына «Қаз­атомөнеркәсіп» акцияларын сатып алу схемасын іске асырды. Сатып алынған акциялардан алынған дивидендтер 2023 жылы «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алуға ұқсас тапшылықты жабу үшін бюджетке жіберілуге тиіс. Жалпы, 1 қазандағы жағ­дай бойынша Ұлттық қор­дың көлемі 31,3 трлн тең­гені құрады (жыл басында – 29,8 трлн теңге). 2024 жылы Ұлттық қорға 5,5 трлн теңге түсті,оның 4 трлн теңгесін «жеп қойдық».

Маусым айында Қаржы министрлігі 2023 жылғы деректерді қайта қарады. Қайта есептеу нәтижесінде 2024 жылдың бірінші жартысында Ұлттық қор көлемінің бар болғаны 25,8 млрд теңгеге (0,09%) өскені анықталды. Егер жыл басында оның мөлшері 29,854 трлн теңгені құраса, 1 шілдеде 29,88 трлн теңге болды. Шіл­де айында Ұлттық қор қайтадан 29,7 трлн теңгеге дейін қысқарды. Тамыз айында Ұлттық қор жарты жылдықтағы инвестициялық кірісті есепке қосу есебінен 31,8 трлн теңгеге – 1 трлн теңгеге дейін өсті. 2024 жылғы тамыздың аяғындағы жағдай бойынша Ұлттық қордың жиын­тық активтері 31,8 трлн теңгені (66,5 млрд доллар) құрады. Жыл басынан бері қордың теңгедегі жиын­тық активі 9%-ға, 5 жыл ішін­де 18%-ға өсті. Егер он жыл­дық ретроспектива мен шетел валютасының көрі­нісіне қарасақ, онда картина мүлдем оңды бола қой­майды: Ұлттық қор 26%-ға «азайды».

Ұлттық қор активтерінің теріс динамикасы проблемасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиі қозғай­ды. Мемлекет басшысы қор активтерінің мөлшерін 100 млрд долларға жеткізуді ал­ғаш рет 2022 жылдың кү­зінде, сайлауалды бағдар­ламасында ұсынды. 2022 жылдың желтоқсанында Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Алдағы 7 жылда Ұлттық қор активтері 100 млрд долларға дейін өсуге тиіс. Одан аз жұмсау керек, ал көп ақша табу керек. Оған қоса, «табыс табу» проблемала­ры да орын алуы мүмкін» деді.

Үкіметтің соңғы жылдар­дағы шығыс деңгейіне қара­сақ, бұл міндетті орындау оңайға соқпайды. Ұлт­тық банк пен Қаржы министр­лігінің деректерінде 2029 жылы 100 млрд долларға жету үшін қордың активтері 3,75% емес, бір жарым-екі есе көп өсу керек делінген. Тәуел­сіз сарапшылар басқа тәсіл­мен, яғни бюджетке транс­ферттер мөлшерін қыс­қарту арқылы қор шығысын қысқартуға болатынын айтады. Бұл тәсіл Ұлттық қор ак­тивтерін басқару жөнін­дегі қолданыстағы тұжы­рымдамада да байқа­ла­ды. Мамандар Ұлт­тық қор­ға тәуелділік бола­шақ­та стра­тегиялық тәуе­кел­дерге жа­уап беру мүмкін­діктерімізді әлсіретіп алатынын жиі меңзейді. Бірақ әзірге бұған алаңдап жатқандар аз.