– 7 қазандағы таңғы сағат 08.00-дегі жағдай бойынша еліміздің барлық өңіріндегі және шетелдегі 10 323 референдум учаскесінде дауыстарды санау аяқталды. Облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының комиссияларынан алынған жедел деректердің негізінде Орталық референдум комиссиясы дауыс берудің алдын ала қорытындысын шығарды, – деді Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ОРК-да өткен брифингте.
Алынған мәліметтерге сәйкес, референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жалпы саны 12 миллион 284 мың 487 адамды құраған. Дауыс беруге 7 миллион 820 мың 204 адам (63,66%) қатысқан.
– Қазақстанда АЭС салу туралы референдумға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны еліміздің барлық өңірінде дауыс беруге қатысқандардың 71,12 пайызын немесе 5 млн 561 мың 937 адамды құрады. Қазақстанда АЭС салу туралы референдумға қойылған мәселеге қарсы дауыс берген адамдардың саны дауыс беруге қатысқандардың ішінен 2 млн 45 мың 271 болды, – деді Н.Әбдіров.
ОРК төрағасының мәліметінше, «иә» және «жоқ» деген жауаптардың екі нұсқасы да таңдалған, олар – жарамды бюллетеньдер. Дауыстарды санау кезінде есепке алынбайтын бюллетеньдер саны 82 729-ды құраған. 130 267 бюллетень жарамсыз деп танылған.