Олар көп талқысына түсіп, таңдау жасалатын АЭС тақырыбын тағы бір талқылай келе, өз шешімін белгілеуге бел буды. Солардың бірі жеке кәсіпкер – Рахима Қайырбекова.
«Референдумның маңызы зор. Өйткені бұл – елдің болашағына қатысты шешімдерді халықтың өзі қабылдайтын сәт. Әрбір дауыс берушінің таңдауы маңызды. Біз өз таңдауымыз арқылы мемлекетіміздің дамуына ықпал етеміз. Референдумға қатысуға өзімнің азаматтық борышым түрткі болды. Халықтың таңдауын елемеу дұрыс емес деп ойлаймын. Өз болашағымызға немқұрайды қарауға болмайды», дейді ол.
Зейнет жасындағы инженер-механик, Үлкен ауылының тұрғыны Сергей Третьяков болса: «Мен үшін референдумға қатысу – еліміздің болашағына тікелей әсер ету мүмкіндігі. Бұл – әрқайсымыздың маңызды шешімге қатысты өз пікірімізді білдіретін сәт және өз құқығымды пайдаланып, дауыс бере алғаныма қуаныштымын. Өзгерістерді қаласақ, мүдделеріміз ескерілсін десек, осындай шараларға қатысуымыз керек. Маңызды мәселеде шет қалуға болмайды», деген ойын ортаға салды.
Дауыс берушілер қатарындағы тігін және тоқу жабдықтары бойынша инженер-механик, зейнеткер Татьяна Ветрова референдумға қатысып, азаматтық ұстанымын білдіруге мүмкіндік берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдірді.
Сондай-ақ бұл күнгі іс-шарада Қонаев қаласындағы №949 дауыс беру учаскесіне келген Тұрыспек Доспанбетов ақсақал жиналғандарға ақ батасын берді. Бүкіл саналы ғұмырын туған жерге арнаған қария борышын өтеуге келген әрбір жандарға ақ тілеуін жеткізді.
Бұл учаскеде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те дауыс берді. Мұндай іс-шаралар қоғам бірлігін сақтап, әрбір азаматты елдің саяси өмірінің белсенді қатысушысына айналдыратынын айтқан әкім сайлау учаскесіне келген дауыс берушілердің барлығына алғысын білдірді.
Ел тарихында ерекше маңызға ие реферндумда Кеген ауданы Ұзынбұлақ ауылындағы №573 референдум учаскесіне бір әулеттің бес буынының өкілдері келіп дауыс берді. 103 жастағы әз-ана Шортанова Күлпара мен оның 80-нен асқан ұлы Марат Тақабайұлы, 50 жастағы немересі Олжас, 25 жастағы шөбересі Бейбіт және 18 жастағы шөбересі Марал өз таңдауын жасады. Ұрпақтар сабақтастығы мен ынтымақ-бірлігін айқындаған отбасы мүшелері ел ертеңі үшін айрықша мәнге ие шарадан шет қалмады. Арасындағы 18 жасар Марал бүгін алғаш рет дауыс берді.
Ұйғыр ауданының жастары дауыс беруге шығармашылық тұрғыда қарап, азаматтық белсенділік танытты. Шонжы ауылындағы алаңға бес ұл мен бес қыз ұлттық киіммен келіп, мерекелік көңіл күй сыйлады. Жастардың басты мақсаты – өзгелерді ел өміріне араласуға тартып, әрбір дауыстың маңызды екенін көрсету болды. Жарқын киім мен жақсы әсер дауыс беру үшін келгендердің барлығына ұмытылмас сәт сыйлады.
Ал Талғар қаласында жас жұбайлар өз азаматтық міндетін орындауды кейінге қалдырмауға шешім қабылдап, неке қию күні дауыс беру учаскесіне барды. Олар Панфилов ауылындағы №880 учаскесіне той киімдерімен келіп, өз таңдауын жасады. Олардың бұл шешімдері ауыл тұрғындары мен дауыс беру учаскесіндегі комиссия мүшелерінің жүзіне жылу сыйлады.
Алматы облысы