Референдум 2024 • 08 Қазан, 2024

Астықты өңірдің сенімі

67 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысының тұрғындары 720 референдум учаскесінде да­уыс берді. Әр учаскенің басында «Amanat» партиясы мен «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының байқаушылары дауыс берудің заң аясында болуын қалт етпей қадағалап отырды. Бұл күні науқанға «Дауыс» коалициясының 1 440 байқаушысы атсалысқанын айта кету керек.

Астықты өңірдің сенімі

Сол күні таңертең Қостанай­дағы №11 учаскеге барып, өз таң­дауымызды жасадық. Атал­­ған учаскеге тіркелген  2 568 адам­ның алды болып зей­нет­­кер Үміт Исмайылова дауыс берді.

«Бұл – аса маңызды әрі тарихи күн. Біз референдум болсын, сайлау болсын, ерте келіп дауыс беруге әдеттенгенбіз. Бірінші болып келіп, көтеріңкі көңіл күймен үйге қайтып барамыз. Бала-шағамыздың ертеңі жарқын болса екен деп тілейміз. Сол үшін дауыс беріп, өз таңдауымызды жасадық. Ең бастысы, еліміз аман, іргеміз бүтін болып, кез келген мәселені ақыл-парасат безбеніне салып, байыппен шешкен дұрыс. Референдум да осы мақсатта ұйымдастырылып отыр деп ойлаймын», дейді екі немересін ерте келген Үміт әжей.

Түске таман №860 учаскеге бас сұғып едік, халық қарасы көп екен. Мұнда 2 408 адам тіркелген. Соның 40 пайызға жуығы өз таңдауын жасап үлгеріпті.

«Халық белсенді дауыс беріп жа­тыр. Референдумға қатысу­шы­лар үшін ыстық шай, медпункт ұйымдастырып қойдық. Бізден бөлек, екі бақылаушы жұмыс істеп жатыр», деді учаске төрағасы Қанат Аймұхамедов.

Бұл учаскеде көппен бірге Елубай Өмірзақов атындағы облыс­тық филармония директо­рының орынбасары Бағдат Оспанов дауыс беріп жатыр екен.

«Референдумға Қазақстанның азаматы, осы елдің патриоты ре­тінде өз даусымды беру үшін келдім. Учаскеге кіріп келгенде халықтың ағылып жатқанын кө­зім шалды. Бұл халықтың ел болашағына бейжай қарамай­ты­нын білдіреді. Өтіп жатқан референдумды елдегі демократиялық үдерістердің жаңа бір көрінісі деп есептеймін. Қазақстанның дамуына оң септігін бермесе, ешқандай зияны болмайтынына сенімім кәміл», деді Б.Оспанов.

 

Қостанай облысы