– Алла ханым, елордамызға қош келдіңіз! Куә болып жүргеніміздей, бұл сіздің Қазақстанға, оның ішінде «Астана Операға» келген алғашқы сапарыңыз емес. Әйтсе де шығармашылық жұмыс барысындағы осы жолғы әсеріңіз қалай? Ұжыммен үндесуден үйлесім таба алдыңыз ба?
– Мен Қазақстанды ерекше жақсы көремін. Әсіресе қонақжайлықтарыңыз мені таңғалдырудан бір сәт те танған емес. Астанаға әр келген сайын жаным кеңдікті сезінеді. Бұл, өзіңіз де білетіндей, шығармашылық адамына ең керек сезім. Сондықтан да «Астана Опера» театрымен бірлесе жұмыс істеу мені ерекше шабыттандырады. Театр труппасының тамаша талантына да айрықша тәнтімін. Мәселен, Дон Паскуаленің «Жібек саты» операсы мен вокал коучы ретінде еңбектенген «Алжирдегі италиялық қыз», «Қоңырау немесе дәріханашының неке түні» операларының қай-қайсысы да менің шығармашылығым үшін құнды туындылар. Бүгінгі тамашалаған «Қаһарлы Орландо» да солардың қатарында. «Астана Опера» ұжымымен алда әлі де талай тың жобаларда бірлесе табысты жұмыс істейміз деп сенемін. Сізге бір құпияны айтайын, Астана – менің сүйікті қалам. Бұл қалаға үнемі қайтып оралғым келіп тұрады.
– Басты кейіпкерді түрлендіру – сіздің айтулы операны интерпретациялаудағы негізгі тақырыптарыңыздың бірі. Осынау рухани жандануды қалай ашқаныңыз туралы толығырақ айтып беріңізші? Классиканың кілтін қалай таптыңыз?
– Операның «Қаһарлы Орландо» аталуы кездейсоқ емес. Орландо – сан алуан шайқасты басынан өткерген жауынгер. Ол өмір бойы соғысты тұрмыстың қалыпты бөлшегі деп санап келді. Себебі оның заманында түсінік сондай болатын. Алайда күндердің бір күні Орландо жаулап алу мен соғыстардың мәні жоқ екенін ұғынады. Дәл осы ішкі бетбұрыс операны қазіргі кезде де өзекті етеді. Барлығымыз бейбітшілікке, бақыт пен махаббатқа ұмтыламыз. Орландо да құндылықтарды қайта бағалай бастайды әрі махаббат әлемдегі барлық нәрсенің негізі екенін түсінеді. Ол Анжеликаға деген сәулелі сезімін бәрінен де артық қояды. Сүйіктісін ардақ тұтқаны сонша, оның тіпті кемшілігін қабылдай алмайды. Орландоның қасіреті – адамның әлсіздігін түсіне алмағанында, себебі ол әрдайым ең әуелі өзіне, сосын басқаларға қатал әрі талапшыл болды. Оның ойындағы керемет етіп құрастырылған картина қирағанда, батыр да ақылынан адасты. Біздің қойылымда бас кейіпкер көзсіз құмарлықтан өтіп, махаббат әлсіз ынтықтық болудан қалатын жаңа рухани деңгейге жетеді. Қойылым соңында Орландо шынайы махаббат – еркіндік екенін һәм нағыз сый Анжеликаның жүрегін жаулап алуда емес, өз құштарлығынан арылуда екенін түсінеді. Ашық финал соңғы шешімді көрерменнің өзіне қалдырады, яғни Орландо сиқыршы Альчинаның орнын баса ма әлде мейірімді данышпанға айнала ма? Бұл сұрақтың жауабын әркім өзі табады. Ал енді театрдың неліктен осынау операға таңдау жасағанының себебіне тоқталсам, «Қаһарлы Орландо» қазақ көрермендеріне алғаш рет ұсынылып отыр екен. Бірегей композитор Антонио Вивальдиді негізінен «Жыл мезгілдерінің» авторы ретінде ғана танитын қауым үшін бұл опера тамаша тосынсый болғаны анық. Шығарма бастапқыда сол кезеңдердегі дәстүр бойынша кастраттарға арналып жазылған еді. Бірақ біз бұл қағиданы бұзып, туындыны бүгінгі күнмен барынша үндестіруге тырыстық әрі шығарманың «Астана Опера» сахнасындағы заманауи интерпретациясы партияларды қазіргі орындаушыларға лайықтап, соған сай бейімдеді.
– Біздің білетініміз, барокко операсы дауыс пен аспаптар арасындағы тығыз өзара байланысты қамтиды. Сіздің қойылымыңызда бұл қалай көрініс тапты?
– Рас, бұл операның музыкасы аспаптық ойлауға негізделген. Мұнда әртістер ән айтып қана қоймайды, сонымен қатар флейта, скрипка, гобой сынды аспаптардың үнін үйлесім биігіне көтереді. Олар аспаптық сызықтарға еліктейді. Мәселен, скрипкашыда ысқының ауысуы — бұл әншінің тыныс алуы, оның сөйлемінің басы дегендей. Нәтижесінде әнші мен оркестр біртұтас болады. Барокколық ән айту бірегей өнер түрі болғандықтан да, «Қаһарлы Орландо» әртістерден айрықша ептілікті талап етеді. Ал енді кастраттар өркендеген дәуірдің тарихына үңілсек, олардың дауысы опера сахнасында екі ғасыр бойы салтанат құрған. Италиялық: неаполитандық және венециялық мектептер кафедралды шіркеулердің хорларынан шығып қалған көптеген музыканттарды тәрбиелеген әрі оларға терең музыкалық білім берген. Сондықтан да бұл шоғырдан тек орындаушылар емес, сондай-ақ композиторлар мен ұстаздар да шыққан. Өкінішке қарай, дауыстары ерекше әдемі болған әншілерге үнін сақтап қалу үшін хирургиялық ота жасалған. Фаринелли сынды атақты әншілердің есімдері қалың аудиторияға әйгілі фильм арқылы таныс. Бұл дауыстар жоғары сопрано октавасының сақталуының, сондай-ақ төменгі регистрдің жетілуінің нәтижесінде кең диапазонға ие болған және оларды қарапайым әншілермен салыстырғанда, анағұрлым таңдаулы күміс көмей әнші еткен. Сол кезеңдегі музыка дәл осындай дауыстарға арналып жазылған, сондықтан оны қазіргі таңда екінің бірі орындай алмайды. Бүгінде мұндай партияларды контртенорлар мен меццо-сопранолар шырқайды. Алайда біздің жағдайда тек меццо-сопраноларды тартатын болсақ, біріншіден, бұл қойылым үшін әншілердің қажетті санын жинау өте қиын болар еді. Сондықтан да драматургиялық логикаға сүйенуді ұйғарып, ер кейіпкерлерді ер дауыстардың орындауына мүмкіндік бердік. Әлбетте, бұл шешімге дауыстардың белгілі бір түрлерінің жетіспеушілігі де әсер етті, дегенмен жалпы алғанда, труппа сенімді ақтады, орындау сапасына көңіліміз толды. Біздің жағдайда Орландоны меццо-сопрано да, контртенор да емес, баритон орындайды.
– Сіздің қойылымыңыз түпнұсқа музыканы сақтағанымен де бірақ заманауи әншілерге бейімделген вариацияларды да қамтитынына куә болдық. Бұл әдіс орындаушыларға қандай қиындықтар мен мүмкіндіктер алып келеді деп ойлайсыз?
– Біз үндестілікті, музыка мен оркестрге арналған өңдеуді мүлде өзгерткен жоқпыз, барлығы да түпнұсқадағыдай қалды. Алайда кейбір күрделі жерлерінде орындаушылардың вокалдық қабілеттеріне мейлінше сай келетін вариацияларды қостық. Бұл музыканың кереметтігі – оның вариацияларға жол беретіндігінде ғана емес, сонымен қатар оларды қажет ететіндігінде де жатса керек. Ол әншілерге өздерінің шеберлігін, вокалдық қабілеті мен талғамын паш етуге жағдай жасайды. Өйткені бұрын операны орындау әнші үшін «майданға» түскенмен тең болатын, ол сол жерде барлық шеберлігін көрсете алатын. Орындаушыларды қолдау үшін біз барлығымыз бірге жасаған вариацияларды ұсына отырып, осы дәстүрді қолдандық. Әншілер өздерінің идеяларын қосып, өзге әртістерден шабыт алды, кейде басқа, жаңа бір дүние жасап отырды. Нәтижесінде біз партитураны өзгертпей-ақ тамаша орындауға қол жеткіздік. Ол кезеңдерде композиторлардың өзге театрлар үшін операларды жиі көшіріп жазғанын, партияларды сондағы дауыстарға бейімдегенін атап өтуіміз керек. Біз де партитураның түпнұсқасын сақтай отырып, осы қағиданы ұстандық.
– Қоюшы режиссер ретінде сіз операның тек 2 актісін қалдырып, біршама қысқартқан екенсіз. Заманауи опера дәстүрлері тұрғысынан алып қарағанда бұл қаншалықты дұрыс?
– Иә, оны дұрыс байқапсыз. Біз операны қысқарттық әрі бұған толық құқығымыз болды деп ойлаймын. Ол замандағы операны қабылдау дәстүрлері қазіргіден қатты ерекшеленеді. Ол кезде адамдар нақты не тыңдайтынын, яғни белгілі бір арияларды немесе өздері ұнатқан әншілерді таңдап, операда жарты күн уақыттарын өткізетін. Опера 5-6 сағатқа дейін жалғасатын. Осының нәтижесінде, классикалық кезеңге қарай Глюктің опералық реформасы (опера жанрын қайта түсіндіру) пайда болды. Опералық қойылымдар «костюмдегі концертке» айналатын: ариялар ұзақ әрі қуатты болатын, алайда драматургиялық негізі шиеленіскен және орташа шығып, бәсекеде әншілердің мүмкіндіктерінің көрсетіліміне орын беретін. Ал біз негізгі драматургия желісін сақтауға шешім қабылдап, артық шиеленіскен эпизодтарды алып тастадық. Айқын әрі түсінікті негіз, яғни басты кейіпкердің рухани трансформациясын таңдадық. Бұл операның мағынасы мен тұтастығын сақтауға мүмкіндік берді және оны заманауи көрерменге анағұрлым қолжетімді етті. Сондықтан спектакль қалың аудиторияның назарын аударады деген сенімдеміз және әлбетте, аса мәртебелі көрермендерімізді театрда күтеміз!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»