Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Нұрлан Әбдіров «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 21, 31-баптарында белгіленген өкілеттіктерге сәйкес, Орталық референдум комиссиясы жалпы республика бойынша референдумның қорытындыларын шығаратынын, бұл туралы хабарды бұқаралық ақпарат құралдарына беруді қамтамасыз ететінін хабарлады.
Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық комиссиялары тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде референдумның нәтижелерін анықтады. Барлық аумақтық референдум комиссиялары дауыстарды санағаннан кейін екі күн ішінде дауыс беру нәтижелері туралы хаттамалардың түпнұсқаларын Орталық референдум комиссиясына жеткізді. Орталық референдум комиссиясы ұсынған хаттамалар негізінде бүкілхалықтық дауыс берудің қорытындыларын анықтады.
ОРК төрағасының айтуынша, референдумда дауыс беруге қатысқан азаматтардың 71,12 пайызы, яғни 5 561 937 адам Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесін қолдаған. Ал 2 045 271 азамат қарсы дауыс берген.
– Жарамсыз деп танылған бюллетендер саны – 130 267. Жауаптардың екі нұсқасы да таңдалған, яғни жарамды деп танылған, бірақ дауыс санау кезінде есепке алынбайтын бюллетендер саны 82 729 бюллетенді құрады. Осылайша, Қазақстанда АЭС салу туралы референдумда қойылған мәселе бойынша шешім қабылданды деп саналады, – деді Н.Әбдіров.
Референдумға ел азаматтарының 12 284 487-сінің қатысу құқығы бар. Олардың арасында 7 820 204 63 адам (66 пайыз) дауыс берді.
– Референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысты. Осылайша, республикалық референдум туралы Конституциялық заң нормаларына сәйкес, референдум өткізілді деп саналады, – деді ОРК төрағасы.
Референдум қабылдаған шешімнің міндетті күші болады және актілермен қосымша растауды талап етпейді. Орталық референдум комиссиясы «2024 жылғы 6 қазандағы республикалық референдумда дауыс беру қорытындылары туралы» қаулы қабылдады.
Отырыс барысында Н.Әбдіров шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларының бағалауы бойынша референдум қолданыстағы ұлттық заңнамаға және Қазақстан қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес өткізілгені, азаматтық қоғам өкілдерінің белсенді қатысқаны және азаматтардың саналы таңдау жасауы үшін барынша қолайлы жағдайлардың қамтамасыз етілгені атап көрсетілгенін айтты. Атап айтқанда, аумақтық референдум комиссияларының деректері бойынша, дауыс беру күні референдум учаскелерінде 244 аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының 1 427 өкілі қатысты. Сонымен қатар шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 177 байқаушысы, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 200 өкілі қатысты.
Референдум өткізу барысында азаматтардың ерік білдіруі үшін кешенді жағдайлар жасалды, мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруіне қолжетімділігін жеңілдету бойынша бірнеше оң бастама іске асырылды.
Референдумды дайындау мен өткізуге 246 аумақтық, 10 323 учаскелік комиссиялар жұмысқа тартылды. ОРК төрағасы барлық деңгейдегі референдум комиссиялары 70 мыңнан аса мүшесінің жергілікті жерлердегі адал жұмысын атап өтіп, олар жалпы өздеріне қойылған күрделі міндетті тиісінше орындап шыққанын айтты.
Референдум өткізу барысында Орталық референдум комиссиясы барлық деңгейдегі комиссияға, сондай-ақ саяси партияларға, бұқаралық ақпарат құралдарына және азаматтық қоғам ұйымдарына арналған жалпыұлттық каскадты оқыту бағдарламасын енгізіп, референдумды ұйымдастырушылар үшін 3 700 оқыту іс-шарасын өткізді.
Отырыс соңында Н.Әбдіров референдумды ұйымдастырушыларға дайындау мен өткізу бойынша атқарған жұмысы үшін, халықаралық байқаушыларға, қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне дауыс беру үдерісінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге жәрдемдескені үшін, ал азаматтарға белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғысын білдірді.