Кәсіпорын күйрей жаздап еді...
Біз әңгіме еткелі отырған кәсіпорын тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны кезінде Министрлер Кеңесінің шешімімен ауылшаруашылық техникасын жөндейтін ірі зауыт болып ашылған екен. Алғашқы атауы – Орал жөндеу зауыты. Сол кездері мұнда жылына 2 мың «ГАЗ» автокөлігі және автотракторлардың 6 мың қозғалтқышы күрделі жөндеуден өтетін. «Жөндеу зауыты» дегенге көпшілік мұны шағын шеберхана деп елестетуі де мүмкін. Алайда 15 гектар аумақты алып жатқан, 5 негізгі және 5 қосымша цехы бар зауыт машина жасау өндірісін толық қамтыған алып кәсіпорын деуге лайық. Бұрын зауытқа жөндеуге әкелінген техника тарыдай болып шашылып, түгел бөлшектеніп, бастан-аяқ тексеріліп, тозған тетігі алмастырылып, конвейерден шыққанда су жаңа қалыпқа түсетін.
90-жылдардағы тоқырау, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындық зауытқа да оңай соқпады. Өндіріс тоқтап, тіпті 1995 жылы Үкімет «Оралагрореммаш» акционерлік қоғамын «төлем қабілеті жоқ, дәрменсіз борышкерлер» тізіміне енгізіп, тарату жөнінде қаулы да шығарған. Бірақ тамаша тарихы бар, әлі де әлеуеті күшті кәсіпорынды көрер көзге құрбан етуге зауыт акционерлерінің дәті бармады. Шұғыл жиылып, төтенше жиын өткізді. Сөйтіп, зауыт тізгінін жаңа басшыға – 35 жастағы жас маман Ғимран Бисеновке сеніп тапсырды.
«1996 жылғы ақпан айында зауытқа басшы болып сайландым. Бұрын В.Горячкин атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы өндірісі инженерлік институтында оқып жүрген кезімде зауытта іс-тәжірибеден өтіп, диплом жұмысымды осы зауыт бойынша қорғап едім. Ол 1982 жыл болатын. Сол кездері зауыт үш ауысыммен жұмыс істейтін, 1 800 адам қызмет ететін, жөнделген техникалар КСРО-ның түкпір-түкпіріне – Балтық бойынан Владивостокқа дейін жөнелтіліп жататын. Әрине, арада 14 жыл өткенде ол күш-қуаттың елесі де қалған жоқ еді. Біздің басты мақсатымыз – зауытты сақтап қалу, нарық қиындығынан жол табу болды», деп еске алады Ғимран Сағынұлы.
Алғашқы автокөлік
«1998-1999 жылдар шамасы Шыңғырлау ауданынан облыстық мәслихат депутаты болдым. Өзім облыстық бюджет комиссиясының мүшесімін. Елде ақша жоқ, қиын кез. Әр тиынды үнемдейміз. Қатауолла Ашығалиев деген әріптесім комиссия төрағасы еді. Бірде депутаттардың алдына облыстық өрт сөндіру қызметінің бастығы Николай Маштаков келді. Өңірдегі жағдайды баяндап, жыл сайын орта есеппен пәлен өрт болатынын, өрт сөндірушілердің техникасы әбден тозғанын, көп жылдан бері жаңа көлік алынбағанын айтты. Қысқасы, жаңа техника керек. «Қайдан аласың?» деп сұрады Қатауолла Мерәліұлы.
– Ресейден.
– Неге Ресейден?! Қазақстаннан неге алмайсың?
– Өйткені Қазақстанда мұндай көлік шықпайды.
– Мәссаған! – Қатауолла маған қарады. Біздің зауыттың қиын халі оған да жақсы таныс қой.
– Ғимран Сағынұлы, сіздің зауыт өрт сөндіретін машина жасай ала ма?
Күтпеген жерден не айтарымды білмей қалдым. «Бірден айта алмаймын, мамандармен ақылдасайын», дедім. Сөйтіп, бізге бір апта уақыт берілді. Маштаковпен бөлек кездесіп, тағы ақылдастық. Өрт сөндіретін көлігін алып келіп, цехқа кіргіздік. Әбден қарадық. Сосын «Тәуекел!» дедік. Облыс бюджетінен екі көлікке қаржы берілді. «Оралагрореммаш зауыты» өрт сөндіретін екі көлікті жасап шықты. Бұл ісіміздің заңға қайшы екенін кейін білдім. Өйткені бізде арнайы автокөлік шығаратын лицензия жоқ еді. Ол кез ескі тәртіп күйреп, жаңа тәртіп қалыптаса қоймаған аласапыран уақыт еді ғой. Содан бері 25 жыл ішінде мыңнан астам өрт сөндіретін машина шығардық», деп еске алады Ғимран Сағынұлы.
Қазіргі ахуал
Қазір Орал агромашина жөндеу зауыты 3 бағытта жұмыс істеп жатыр. Біріншісі – машина жинау. Шағын, орта және ірі тоннажды машиналарды құрастырып, жинайды. Екіншісі – жиналған машиналардың үстіне арнайы техника орнату. Ол өрт сөндіру машинасы, жанармай таситын көлік, самосвал, қоқыс жинаушы көлік, ұшаққа жанармай құятын автокөлік болуы мүмкін. Үшіншісі – тралл тіркемелер өндірісі. Ол жартылай тіркемелі техника, яғни мұнай таситын, астық таситын, құрылыс материалдарын, цемент таситын тіркемелер.
«Қазатомпром» тапсырысымен 3 жылдан бері өндіріске қажетті күкірт қышқылын таситын тіркеме-цистерна шығарып жатыр. «Астана моторс» компаниясы үшін оншақты тралл жасап берген. Сондай-ақ өрт сөндіретін арнайы машинаның «ЗиЛ», «КамАЗ», «УРАЛ», «IVECO» автокөліктерінің шассилеріне орнатылған бірнеше модификациясы бар. Тіпті зауыттың конструкторлар бюросы осындай автокөліктің ерекше түрін ойластырып, жасап шығарған.
«Мына машинаны Қытайдан жинап алып келдік. Бірақ Қытайдың өзінде мұндай көлік жоқ. Өйткені бәрі біздің өзіміздің жобамыз бойынша жасалған. Мұнда сапаға көңіл бөлдік, металын өзгерттік. Қозғалтқышы қытайдыкі болғанымен, өзіне лайықты етіп күшейттік. Бұрын «ГАЗ 66» деген машина қуатты болды. Қазір ол жоқ. Ресей өзі үшін шығарғанымен, Қазақстанға бермейді. Елімізде 4х4 көлік жоқ. Ал бұл өте керек. Әсіресе жолсыз жерде жүретін орманшыларға, өрт сөндірушілерге, төтеншеліктерге мұндай көлік қажет-ақ. Біз осындай жол талғамайтын, тау-таста, құмда жүре беретін әмбебап көліктің үстіне өрт сөндіретін жабдық орнаттық. Мұнда бәрі ескерілген. Кез келген кедергіні тапап өте береді. Өрттің ортасында қалса, өз-өзіне су шашатын, сөйтіп, өрттен өте шығатын қондырғысы бар. Үкімет тапсырыс берсе, осындай техника шығаруға әзірміз», дейді Ғимран Бисенов.
Заман талабына сай жарақталған
2023 жылы мұнда 120-дан астам арнайы техника, 115 тіркеме шығарылған. Бірақ бұл кәсіпорын мүмкіндігінің 20%-ы ғана.
«Былтыр Мәскеуде Красная Пресня көрмесіне қатыстық. Ол жерге өз өнімімізді, жартылай тіркеме – траллдарды алып бардық. Сапарымыз сәтті болып, өніміміз көзге түсті. Дилерлер табылып, тапсырыс түсе бастады», дейді Ғимран Бисенов. Дегенмен соңғы уақытта Ресейде өнімдердің электрондық төлқұжаты болуы керек деген талаптың шығуы, сатылымның жолын бөгеп тұрған көрінеді.
Зауыттың атшаптырым аумағын, бірнеше цехын түгел аралап шықтық. Біз көрген алғашқы цех – болашақ автокөліктің түрлі детальдарын қиып жасайтын жер екен. VNITEP станогі кез келген темірді лазермен кеседі. Зауыт басшысының айтуынша, қазір мұнда 2 лазер станогі, 2 плазма станогі бар. Соңғысы – жұқа металдарды мұқият кесуге арналған. Шикізат Ресейден, Түркиядан, Еуропа елдерінен алынады. 2, 4, 6, 8 метрлік металл жаймаларды бүктейтін станоктар да бар. Олар 200, 500, 900 тонналық қысыммен жұмыс істейді.
Механикалық өңдеу цехында да станоктар шуынан құлақ тұнады. Дәнекерлеу цехында автоматты түрде бірден екі жағынан пісіріп беретін құрылғы бар екен. Түрлі формадағы үлкен цистерналардың қалай жасалатынын көрдік. Жұмыс үрдісі барынша автоматтандырылған. Бұл жерден шығып, тағы бір цехқа аяңдадық. Алдымыздан есік пен төрдей көсіліп, ұзын цистерна өтті. Дәнекерлеу цехынан жаңа шыққан тіркеме енді сырлауға бара жатыр екен. Зауыт басшысы жаңадан жасалған техниканы сырлайтын цех салынып жатқанын айтты.
Жарты күн бойы зауытты бастан-аяқ аралап, бүкіл жұмыс жүйесімен таныстық. 40 жылдан бері жұмыс істейтін, қазір директордың орынбасары болып жүрген Ахмет Мұсаұлына да жолықтық. Кәсіпорынның конструктор бюросын да көрдік. Өрімдей қазақ жастарын кезіктіріп, қуандық. Жалпы, зауыт ұжымының 43 пайызы жастар көрінеді.
Орал агромашина жөндеу зауытының бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Зауыт әлеуеті жоғары, ұжымның бірлігі мықты. Қазір 15-20 пайыз қуатымен істеп тұрса да, болашақта жұмыс жанданып, тапсырыс көбейер деген үміт мол.
Батыс Қазақстан облысы