Қатармен ынтымақтастықты күшейтетін келісім
Күн тəртібіндегі алғашқы мəселе «Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» заңының жобасы бойынша Заңнама жəне сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева қорытынды әзірлеу жөнінде сөз алды. Оның айтуынша, аталған келісімге биыл 14 ақпанда Доха қаласында қол қойылған.
– Келісім екі елдің құзыретті органдары арасында қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек алу және көрсету бойынша қарым-қатынасты реттеуге бағытталған. Шарт екі елдің қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастығының тиімділігін арттырады, – деді комитет төрағасы.
Депутаттардың дауыс беруі нәтижесінде заң жобасын Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті жұмысқа алды.
Одан кейін жалпы отырыстың қарауына Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңының жобасын ұсынды.
Баяндамашының айтуынша, құжатқа 2023 жылдың 12 желтоқсанында Дохада екі елдің қорғаныс саласының басшылары қол қойған. Келісімді ратификациялау тараптарға әскери білім беру мен ғылым, әскери медицина, бейбітшілікті қолдау жөніндегі операциялар, жауынгерлік даярлық байланыстарын, сондай-ақ келісілген салаларда әскери ынтымақтастықты жүзеге асыру мүмкіндігін береді.
– Қазақстанның халықаралық шарттар туралы заңына сәйкес аталған келісім ратификациялануға тиіс. Заңды қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, – деді Қорғаныс министрлігінің өкілі.
Әрі қарай депутаттар сауалдарын жолдап, тиісті заң жобасының мән-маңызын айқындады. Осылайша, Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы қабылданды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау мақсатымен сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасына депутаттар бастамашы болды. Бірінші оқылымда мақұлданғаннан кейін түзетулерге біршама өзгеріс енгізілді. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашеваның айтуынша, кассациялық қадағалауды жетілдіруге қатысты нормалар қайта қаралған.
– Биыл 5 шілдеде Мемлекет басшысы қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша тәуелсіз кассациялық соттар құруды көздейтін Конституциялық заңға қол қойды. Бұл 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енеді. Осыған байланысты сот ісін жүргізудің барлық түрі бойынша кассациялық сотқа жүгінудің және сот актілерін қайта қараудың бірыңғай қағидаларын енгізу ұсынылып отыр. Істер кассациялық соттарда алдын ала қаралмастан, үш судьядан тұратын алқаға тікелей жіберіледі. Кассациялық соттың істерді қарау мерзімі алты айдан аспайды. Сот процесі тараптар шақырыла отырып, ауызша жүргізіледі, – деді С.Имашева.
Сонымен қатар кассацияға қатысты қолданыстағы шектеулер 2027 жылы 1 шілдеден бастап алынып тасталады. Азаматтық істер бойынша талап қою сомасы 200 АЕК-тен төмен жеке тұлғалардың, талап қою сомасы 30 мың АЕК-тен төмен заңды тұлғалардың мүліктік мүддесіне байланысты даулар бойынша шектеулер, теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жөніндегі шектеулер алынып тасталады. Сондай-ақ Жоғарғы соттың рөлі өзгереді. Оның негізгі мақсаты – сот тәжірибесін нақтылау және біркелкілігін қамтамасыз ету болады.
– Сот актілері ерекше жағдайларда Жоғарғы сот судьясының ұсынысы немесе Бас прокурордың наразылығы бойынша Жоғарғы сотта қайта қаралуы мүмкін. Мұндай жағдайларға сот практикасы біркелкілігінің бұзылу жағдайы, мемлекет немесе қоғам мүддесін қозғайтын жағдай, қабылданған сот актілері айқындалмаған тұлғалар тобының құқығын бұзатын не адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін орны толмас ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін жағдай және тағы басқалар жатады, – деді С.Имашева.
Дауыс беру қорытындысы бойынша депутаттар заңды екінші оқылымда қабылдап, одан әрі Сенаттың қарауына жолдады.
Депутаттар қоғамды дүрліктірген мәселелерге ден қойды
Күн тəртібіндегі негізгі мəселелер қаралып, заң жобалары қабылданған соң, депутаттар әлеуметтік-экономикалық тақырыптар бойынша мемлекеттік органдарға 18 депутаттық сауал жолдады.
Депутат Жанарбек Әшімжанов ұлттық құндылықтарды қорлағандарды заңмен жазалауға шақырды. Мәжілісмен кейінгі кездері қоғамда қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған тұлғаларға тас атып, мансұқтап, бағытынан адасып жүрген жастардың қатары көбейіп кеткенін айтып, алаңдаушылық білдірді.
– Ұлы Абайды – кришнаит, Сәкенді – сатқын, Мұстафаны – қашқын, Әлиханды – жөйіт, Жыр алыбы Жамбылды – «туфли жалағыш», Шәмшіні – «арақкеш», батырларымызды – байғұс, тұлғаларымызды тулақ етіп жатқан мысалдар аз емес. Күні кеше надандық пен топастықтың қиылысқан нүктесінен бүр жарған жас бала қазақ поэзиясының тау тұлғасы Мұқағали Мақатаевтың аруағына тіл тигізіп, елдің есін екеу, түсін төртеу қылды. Тиісті құзырлы орындар мен жауапты мемлекеттік органдар тарапынан мұндай қадамдарға тиісті құқықтық бағасы уақтылы берілмеген жерде түрлі әлеуметтік топтар өз бетінше жазалау шарасына көшеді. Сондықтан қоғамда бірінші кезекте заң сөйлеуі керек. Сонда ғана біз тәртіпке бағынатын қоғам құратынымыз анық, – дей келе Үкімет басшысы Олжас Бектеновке ұлттық құндылық туралы бағдарлама әзірлеуін, Үкімет ұлтымыздың ұлы тұлғаларына тіл тигізуге, қорлауға жол бермейтін шараларды заңдық тұрғыдан қолға алуды ұсынды.
Ал «Amanat» фракциясының мүшесі Ринат Заитов Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдай отырып, Қазақстанда фемината қауымдастығына тыйым салыңыз деген өтінішін жеткізді. Ол күні кеше Алматыда Құрылтай өткізетінін ашық хабарлағанын, бұл мәселеде құқық қорғау органдары қол қусырып отырғанын күйіне айтты. Ізінше 2005 жылғы 18 ақпандағы «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңның 1-бабына сәйкес феминита қауымдастығына Қазақстан аумағында шектеу қоюды және ЛГБТ-ны насихаттауға толықтай тыйым салуды талап етті.
Бұған қоса жалпы отырыста қоғамда резонанс тудырған Талғардағы 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады.
– Талғардағы тексіздердің тентектігінен 16 жастағы бала, бір әулеттің аймаңдай азаматы Шерзат көз жұмды. Әкесі мен бауыры соққыға жығылды. Баланың ажалына не себеп деген сұрақ туады. Сондағысы – бір бөтелке алкоголь. Осындайда біздің қоғам қауіпсіз бе, заң кімнің жағында деген сұрақ туады. Себебі Шерзаттың әкесі тергеудің тұралап тұрғанын, аудандағы құзырлы орын өкілдерінің істі созбаққа салып жатқанын, қылмыскерді қойып баласынан айрылған отбасын түнде тергеуге шақырып алып, өктем сөйлегенін айтып бейнеүндеу жасады. Ел өре түрегелді, артынша «істі ІІМ өз бақылауына алды» деген ақпарат тарады. Қоғамды қорқытатыны осы, қылмыскерді жазалау үшін, әділдікке жету үшін бейнеүндеу жасап, әр істі бір министрдің бақылауға алғанын күтіп отыру керек пе? Неге жергілікті жердегі құқық қорғау орындары дереу істің ақ-қарасын анықтап, әділ тергеу өткізбейді? – деді Мәжіліс депутаты.
Кейінгі уақытта жасөспірімдер арасында мұндай жағдайлар жиілеп кеткенін тілге тиек етіп, Бас прокурор Берік Асыловқа, Ішкі істер министрі Ержан Саденовке, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа бірқатар ұсынысын атап өтті.