Театр сәуір айында Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе отырып, Қазақстанның халық әртісі, композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған республикалық драматургия байқауын жариялаған. Бәйгеге түскен шығармалар ішінен Байділдә Айдарбектің «Ән-ғұмыр» атты пьесасы үздік деп танылған. Маусым ашылар алдында өткен баспасөз мәслихатында театрдың көркемдік жетекшісі әрі идея авторы Шынар Омарова автордың келісімімен, композитордың халық берген мәртебесін ұлықтау мақсатында, қойылым атауы «Вальс королі» болып өзгертілгенін атап өткен болатын. Спектакльді қоюға халықаралық деңгейдегі көптеген тәжірибелі маман атсалысқан. Қоюшы режиссері – Карло Шакаллуга «Вальс королі» атанған даңқты композитор Шәмші Қалдаяқовтың әуелеген әнмен өрілген тағдырынан сыр шертетін қойылымды сахналау, қазақ ән өнерімен танысу қызық әрі жаңа деңгей болғанын айтады. Ал театр басшысы Әлімхан Мырзахан еліміздің театрларында Шәмші туралы спектакльдер бірнеше рет қойылғанын, бұл жолы олардан өзгеше дайындалып жатқанын жеткізген еді. Расында да, бұл қойылым көрерменді өзгеше бір әсерге бөледі.
Спектакль кейіпкерлерін толығымен Түркістан музыкалық драма театрының актерлері сомдады. Театрдың жаңадан құрылған музыкалық ансамблі жанды дауыста сүйемелдеп, хор ұжымы Шәмші Қалдаяқовтың үздік әндерін орындады. Көрермен тарапынан өте жоғары бағаланып жатқан қойылымда композитордың сезімге толы шабытты шақтары, өмірдегі жан күйзелісі мен Отанға деген шексіз махаббаты шебер суреттелген. Түркістандық өнер ұжымы Шәмшінің Жұмекен Нәжімеденов, Мұхтар Шаханов, Мұзафар Әлімбаев сынды танымал ақындармен шығармашылық байланысын көрермен жүрегіне жеткізе білді. Композитордың бозбала, жігіт, ел ағасы кезін сомдаған үш әртіс те жұртшылық көңілінен шықты. Көрермен ән әлеміне еніп, түрлі сезімді бастан кешірді. Қойылымда зағип жанның айтқан: «Ол адам өлгенімен, аты да, әндері де өлмейді» деген сөзі де көпшіліктің ойымен үндесіп жатты. «Осы күнге дейін мені біреу бақытты етті десем, өтірік болар. Ешкім ренжітпеді десем, ол да өтірік. Мен қанша ән жазсам, сонша рет жылаған болуым керек» деген ән падишасының сөзінен де көп сырды ұқтық. Қойылым барысында шырқалған әндер жүректерге жетіп, көңіл пернелерін қозғады, қосыла шырқаған көрермен де көп. Қайталанбас өнер иесінің дүниеге келген сәтінен бастап, шығармашылық жолдағы көрген қиындығы мен қызықтары, «Менің Қазақстаным», «Ақмаңдайлым», «Ақ бантик» сияқты өлмес әндердің шығу тарихы көркем бейнеленген қойылым көрерменді еріксіз елітіп отырды. Сондықтан көпшілік жас ұрпаққа Шәмші Қалдаяқов сынды ұлы композитордың өмірімен қатар, шығармашылығын терең түсіндіретін сәтті қойылым ретінде бағалады. Бүгінде сұраныстың көптігін ескерген театр басшылығы «Вальс королі» алдағы қараша айында да қойылатынын хабарлады. Сондай-ақ Астананың театрсүйер қауымына да ұсынылмақ.
Қойылымның сценографиясын қойған – Италияның «Architizer Prize and A.I.A Middle East» марапаттарының жеңімпазы «Gio Forma» студиясы, жарық жөніндегі суретшісі – Gaetano La Mela. Қоюшы хореограф – театрдың талантты бас балетмейстері Мәдина Мұратбекова. Қойылым соңында облыс әкімі Дархан Сатыбалды театр ұжымына ықылас гүлін сыйлап, сахна төрінде шығармашылық топпен арнайы кездесті. Жас театр ұжымының өнерін жоғары бағалады. Сондай-ақ көрермен қауым Отырар ауданындағы Шәмші музей-үйінен әкелінген ән падишасының музыкалық аспаптарымен танысты.
ТҮРКІСТАН