Жаңаарқа топырағының әр тасы мен көдесі, ұшқан құсы мен жортқан аңына дейін маған ыстық. Осы өңірде мен баспаған тау-тас жоқ. Таң алакеуімде тұрып, беттен өпкен Арқаның самалына шомылғаннан артық бақыт жоқ деп білемін. Түгіскен сынды құтты мекен туралы қаншама айтса да көптік етпейді. Осы өңірден есімі алты Алашқа танымал талай марғасқа дүниеге келген.Түгіскенімнің азаматы – мәрт, жері – құнарлы. Ғалымдардың айтуынша, осы топырақта 540 түрлі өсімдік өседі екен.
Адамзат қоғамы сан мәрте өзгергенімен, табиғат-ана өзгерген жоқ. Түгіскеннің атауы сан мәрте өзгергенімен, мәні сол қалпында қалды. Осы жерден қанат қағып ұшқан, есімдері жалпақ жұртқа танымал арыстар аз емес. Алты Алашты аузына қаратқан қобызшы Ықылас Дүкенұлы, Мамай батыр, Бердіқожа батыр, Шора батыр, Арап батыр дүниеге келген өңір бұл. Кенесары ханның жасақшысы болған Жағалбайлы Мыңжасар бабам осы топырақта туған.
Өткен ғасыр басында аумалы-төкпелі заманда елдің мәселесіне белсене араласқан аталарым Бәйсейіт Әділұлы, Дінмұхаммед Әділұлы, ҚазКСР Халық комиссарлары кеңесінің бірінші орынбасары, кейін «Социалды Қазақстан» газетінің редакторы, Алматы қалалық, одан соң Алматы облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болған Жанайдар Сәдуақасов та осы өңірден түлеп ұшты. Осы берекелі өңірде Кеңес Одағының батыры Амантай Дәулетбеков, Бәкен Серікбаев, Шәбден Ералиев дүниеге келді.
60-жылдардың басында осы жерде «Жеңіс» кеңшары құрылды. Ұжымшар кезінде де атағы шартарапқа жайылған шаруашылық бұдан соң дамудың жаңа сатысына көтерілді. Қатарынан әлденеше мәрте Қазақстан Орталық комитетінің, Жоғарғы кеңесінің, Министрлер кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. 1971 жылы Қазақстан Орталық Комитетінің, Жоғарғы кеңесінің, Министрлер кеңесінің қаулысымен кеңшар республиканың «Алтын кітабына» жазылып, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Кеңшар директоры Ыдырыс Жұмабеков пен шопан Сатан Ысқақов Еңбек Ері атанды.
Осының бәрі тер төге атқарған адал еңбектің нәтижесі еді. Уақыт жүйрік, ол үнемі ілгеріге жетелейді. Егер осы құдіретті уақыт талабына сай әрекет жасап, тірлік етпесең, далада қаларың анық. Өйткені ол сенің кешегі табысыңды, атақ-даңқыңды қажет етпейді. Иә, өткендегі жетістік, кешегі шыққан биік пен алған асу бүгінгіге өлшем емес. Өмірдің қатал заңы да осындай. Себебі өмір бір орында тұрмайды, оған ілесе білуің керек. Бұл күнде заман өзгерді, соған қоса адамдардың да ойлау машығы, өмірге деген көзқарасы өзгеруі қажет деп білемін.
Мен «Жеңіс» кеңшарына 1992 жылғы қазан айында директор болып келдім. Ол бір күрделі кезең еді. Шаруашылықтар жаңа үрдіске көшіп, көбі жекешелене бастаған. Көбі емес-ау, жаппай жекешелендіру науқаны басталған. Шешім қабылданып, нұсқау түсті ме, күні ертең өзіңнің аш-жалаңаш қалатындығыңды білсең де соны орындауың қажет. Мұны көптеген шаруашылықты тығырыққа тіреп, адымын жаздырмайтын науқаншылық деп білемін. Мәселенің мәнісіне барған ешкім жоқ, жекешелендіруді ұран етіп, жаппай ортаның малын ел-жұртқа үлестіргендер аз болған жоқ. Рас, аспаннан құймақ жауғандай елдің біразының қарық болғаны да шын. Алайда мұның өзі бір сәттік, бір мезеттік алдамшы құбылыс еді.
Не керек, жатсам да, тұрсам да ойлайтыным басы 40 мыңға жетіп қалған қойымызды шашыратып алмау болды. Бірақ та жекелешендіру деген алпауыттың орнынан қозғалып, жүзеге аса бастағанына да біршама уақыт өткен. Облыстан (ол кезде Жезқазған облысы) күнде нұсқау түседі. «Ана шаруашылық, мына шаруашылық жекешелендіруді тап-тұйнақтай етіп қойыпты, мал басын жүз пайыз жекенің қолына берген, сендердікі не, жалпы облыстың көрсеткішіне кері әсер тигізіп отырсыңдар» дейді. Әйтеуір жариялылық деп шулап жүрген кезіміз ғой. Жоғары жақ бұрынғыдай белден басуға тайсақтайды. Десе де, артында жалаңдаған қылышы бар, ызғарын да жасырмайды.
Жекенің қолына мал кетіп қалса, билік те қолымнан кетеді дегендік емес, өз болашағымыз, шаруашылық үшін, осы жерді мекен ететін халық үшін бөлінбеуміз қажет екенін ұғындым. Сөйтіп, басымды тәуекелге тігіп, облыс басшылығының айтқанына келіспедім. Ауылымыздың аптал азаматтарына арқа сүйеп, осындай шешімге бардым. Оным бір күндік тоқтықты емес, халқымның келешегін, алдағы күнімізді ойлағандығым еді.
Жекешелену бізге әлі ертерек деген ойымды мамандар Смағұл Сәлкебаев, Қайролла Жұматов, Балапан Мәмбетов, шопандар Жазыбек Құлжанбеков, Ерғали Сәденов, Жетпіс Нақыпов, жылқышы Сайлау Мұхаметжанов, механизаторлар Айтбай Салқынов, Ерғали Есенгелдин, Әубәкір Көшеков, Әмзе Шотанов, Жақсытай Нұрланов тағы да басқа адамдармен бөлістім. Барлық ауыл азаматтары менің ұстаған бағытымды дұрыс деп таныды. Күрделі, жауапты шақта ауыл ақсақалдарының ақыл кеңесіне ден қойдым. Көпті көріп, талайды бастан кешкен Әбілқайыр Асқаров, Сүйіндік Бәйкенов, Әбдікәрім Әбдірайымов, Сатан Ысқақов, Әбілда Хасенов, Айтжан Сұлтанбеков сияқты көненің көздері өз ақыл-кеңесімен қолдау білдіріп, мені жігерлендіре түсті.
Шаруашылық мүшелерінің жалпы жиналысын өткіздік. Көптеген азамат өз пікірлерін ашық айтты. Сөйтіп «Бөлінбейміз, бөріге жегізбейміз» деп жалпы жиналыстың шешімін қабылдап, бір данасын жоғарғы жаққа жолдадық. Шаруашылығымыз акционерлік қоғам болып, көпшіліктің ұйғаруымен акционерлік қоғамның президенті болып сайландым.
Жекешелендірудің тырнағынан аман қалуымыздың тағы бір себебі, біздің шаруашылық 1975 жылдан ғалымдардың басшылығымен қазақтың қылшық жүнді қойының ақ түсті жүн беретін тұқымын шығаруды мақсат етіп қойған еді. Бұл жолда ғылымның соңғы жетістіктерін, түрлі тәсілдері мен селекциялық әдістері пайдаланылды. Міне, осы асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық болуымыз жекешелендіру шеңгелінен аман алып қалды.
Акционерлік қоғамымыздың мемлекеттік акциялар пакеті асыл тұқымды мал өсірумен, оның генетикалық қорын сақтаумен айналысатын «Асыл» мемлекеттік акционерлік компаниясына берілді. Түбі Еділбайтұқымды 35 мың қойымыз әзірге әлемдегі «Жаңаарқа» тұқымды бірегей, басқа жерде кездеспейтін ақ жүнді қой болып саналуына Ертұғыр Есентаев сынды ғалымдар отыз жылға таяу тынбай атқарған еңбегі сеп болды. Сол сияқты Түгіскен ауылы халқымызды әлемге танытар ірі жаңалық ашты. Ол – қымызға ешқандай қоспасыз, оның дәмін, қышқылдық, тағы басқа қасиеттерін жоғалтпай, сол қалпында бір жыл сақтайтын әдісті табуымыз. Ашқан жаңалығымызды ғалымдар, мамандар сарабына салудың сәті егемен ел атанған соң ғана мүмкін болды. Тиісті саланың бәрінен оң баға алған соң, 1992 жылы құжаттарымызды Қазақстан Республикасының Ұлттық патенттік ведомоствосына патент алу үшін тапсырдық. Ұлттық патенттік ведомствосы 1994 жылы №330 өнертапқыштық патентті берді. Жаңалықтың авторлары – Түгіскеннің тұрғындары Апахан Мусин, Бибіжамал Нұрпейсова, Өркен Бердалина. Қолымызда жеткілікті бие бар, қымыз да ашытылады. Көп жылдан бері осы бағыттағы шаруаны дөңгелетіп әкетуге, шаруашылығымызға тағы бір табыс көзін қаратуымызға қымыз өңдейтін шағын зауытқа, оған қажетті құрал-жабдыққа қолымыздың жетпеуі қолбайлау болып тұр. Мұндай шағын зауыттар Италияда, Германияда, Чехословакияда, Болгарияда тағы басқа елдерде жасалады. Алайда оны қазір жеке өзіміздің сатып алуға мүмкіндігіміз жоқ. Себебі оны сатып алу қыруар ақша қажет етеді.
Осы мәселе туралы 1997 жылғы 23 желтоқсанда, 1998 жылғы 22 желтоқсанда астанамызда өткен ауыл шаруашылығы қызыметкерлерінің кеңесінде айттым. 1997 жылы былай деген едім: «Қажетті құжаттарды дайындап, несие аламыз деп соңына түскенімізге 3-4 жыл болды. Бірақ түрлі себептермен шешілетін түрі жоқ. Дайындаған қымызды өз елімізде, шетелдерге сату мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ».
Шаруашылықта 2000 бас жылқы, оның ішінде 700-ге тарта бие бар. Осы биелердің жыл бойына 300 басы сауылғанда да, күніне 1 200-1 500 литр қымыз дайындауға болады. Бұл айына 45 000 литр, жылына 450-500 мың литр қымыз деген сөз. Менің ойым, көздеген мақсатым бүгіндері орындалмаса да, ол келешекте қауырт қолға алынатын істің біріне айналатынына сенемін. Иә, негізгі бағытымыз – асыл тұқымды қой өсіру. Ал қымыз халқымыздың қасиетті дәмі. Кезінде Еуропа елі қазақ сахарасының қымызын тамсана ішкен. Егер ұлттық қасиетімізді, ұлттық мәдениетіміз бен деңгейіміздің өлшемі болар таңсық дәмді әлем жұртшылығына ұсынар болсақ, сол арқылы мерейіміз де өсе түсер еді. Қымыз – тек шөл қандыратын сусын емес, ол емдік қасиеті мол ерекше тағам. Бұл күнде өзіміз «Қазақстан» деген атпен дайындап жүрген осы дәміміздің әлемнің әр түкпірінде дастарқан төрінде, сүйкімді сусынның бірі ретінде тұрса, ол менің Түгіскенімнің ғана емес исі қазақ атаулының, кең-байтақ еліміздің мақтанышы емес пе?
Халқымыздың көшпелі тіршілігінде төрт түліктің алатын орны маңызды. Соның ішінде, қой – қазақтың атам заманнан бері бағып, өсіріп келе жатқан малы. Қазақ қойларының өзіндік ерекшелігі бар. Қатал табиғат жағдайына икемделген олар қандай жағдайда да болсын, өсіруге көнеді. Түгіскен өңірінде қазақтың қылшық жүнді, етті, майлы, құйрықты қойы сонау шаруашылық құрылған 30-жылдардан бері өсіріліп келеді. Дегенмен заман ағымы қой шаруашылығына да зардабын тигізбей қойған жоқ. Кеңес дәуіріндегі науқаншылық, жоспарды асыра орындау жолында көптеген шаруашылық ірі салмақты, етті қойларынан айырылып қалды. Себебі «шаш ал десе бас алатын» белсенділер жергілікті саулықтарды жаппай биязы жүнді қой тұқымы қошқарларымен будандастыра бастады. Осы жағдайды көрген қазақтың зиялылары дабыл қақты. Оған мемлекет қайраткері, «Алаш» партиясының төрағасы, ғалым Әлихан Бөкейханның «Правда» газетіне сол 1926 жылы «Қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойын сақтау керек» деген мақаласы дәлел болады. Елім, халқым деген азамат өз мақаласында қазақтың құйрықты қойының биологиялық ерекшелігіне тоқталып, оның тез жетілгіштігін, көнбістігін, үскірік аяздарда, борандарда қалың қарды аяғымен аршып, қорек тауып жейтіндігін (жер жүзіндегі бірде-бір қой тұқымында мұндай қасиет жоқ), жазғы аптап ыстықта 200-300 шақырымдағы жайлауға айдағанда сыр бермейтіндігін, құйрығына орташа есеппен алғанда 20-30 кг май жинайтындығын ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Осындай ерекшелігі бар қазақ қойының тұқымын сақтап қалу, оны мүмкіндігінше жетілдіру жұмысы 60-жылдардың соңында аса үлкен қарқынмен жүргізіле бастады.
Халқымыздың абзал ұлдарының бірі Ертұғыр Есентаев бастаған жас ғалымдар сонау 1975 жылы Жаңаарқа ауданындағы «Жеңіс» қой кеңшарына келгенде, қазақтың құйрықты қойының соңғы кезде жойыла бастаған қасиетін қайта қалпына келтіру, оны асылдандыра түсіп, одан да жақсы қой тұқымын алуды өз алдарына мақсат етіп қойған. Ертұғыр бастаған жас ғалымдар ширек ғасырға созылған еңбегінің нәтижесінде 1992 жылы Ауыл шаруашылығы министрінің №191 бұйрығымен ақ, ақшыл түсті жүн беретін «Жаңаарқа» деп аталатын жаңа қой тұқымы жеке тип ретінде тіркелді. Ізденіс мұнымен аяқталған жоқ. ХХ ғасырдың соңында қой шаруашылығында тағы бір ірі жаңалық болды. Атап айтқанда, өмірге «Сарыарқа» қой тұқымы келді. Осылайша, өтіп бара жатқан ғасырдың мал шаруашылығындағы үлкен жаңалығы, тың табысы біздің акционерлік қоғамда туындады. Ауыл шаруашылығы министрінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы №11 бұйрығы бойынша «Сарыарқа» қой тұқымы өз алдына жеке қой тұқымы болып тіркелді. «Сарыарқа» қойының ерекшелігі – оның аяқтары мықты, ал тұяқтары болса тастай қатты. Мұның өзі Арқаның қысына нағыз шыдамды әрі қыс бойы жайылымда жүруге, қарды аяғымен аршып қоректенуге бейімделген. Бұл өте өсімтал мал, әрі шапшаң жетіледі. Етті, таза ақ жүнді, сонымен қоса қатал климат жағдайында ұстауға қолайлы, жыл он екі ай жайылымда жүріп, өсіп-өне береді.
Бүгінде «Сарыарқа» қойының жалпы саны 50 мыңға жетті. Оның 40 мыңы «Түгіскен» акционерлік қоғамында, 10 мыңы «Сарысу» асыл тұқымды қой зауытының еншісінде. Акционерлік қоғам болған соң да, бұрынғы қалыптасқан дәстүрден жаңылған емеспіз. Шаруашылығымыздың барлық саласында жақсы жетістікке жеттік. Ауылдастарым маған үнемі сенім артумен келді. Өз басым сол сенім биігінен көрінуге тырысамын. Жергілікті кеңеске әлденеше мәрте депутат, облыстық мәслихатқа екі дүркін депутат болып сайландым. 1998 жылы 22 тамыз айында «Жаңаарқа ауданының құрметті азаматы» деген атақ берілді. 1999 жылы 14 желтоқсанда «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген құрметті атаққа ие болдым. Бүгінгі азды-көпті жеткен табысым болса, ауыл азаматтарының сенімін ақтағаным деп білемін.
Иә, біздің Түгіскен құтты мекен. Түгіскен топырағы туралы, Арап тауы, Сөрті, Сарысу өзендері жайында ел аузында не қилы әңгіме бар. Менің туып-өскен ауылым жайында ел аузында аңыз-ертегілерді арқау еткен Сайлаухан Әбдіқадырұлының жыр шумақтары бар. Ол біздің қасиетті Түгіскен туралы:
Желмая мініп жортқан Асан қайғы,
Жерұйық іздепті ғой мекен-жайлы.
Тоқтап, бір намаз оқып айтып кеткен,
Түгі өскен жер екен деп осы маңды.
Түгіскен Асан қайғы болған мекен,
Ат қойып, айдар тағып кеткен екен.
Егер де ат сауырына сияр болса,
Алып бір кететұғын жері де екен, – дейді.
Түгіскен маңындағы Арап тауы да киелі саналады. Ол туралы ақын былай дейді:
Арап тау тақиядай төбедегі,
Атақты Сөрті, Сарысу өзендері.
Долданып күндіз-түні ағып жатқан,
Толқыннан мүжіліпті кемелері.
Ойнаған бала киік салып асыр,
Әулие-әмбиелер бәрі жатыр.
Өткен кез сағымданып елестейді,
Жорықта қапы кеткен Арап батыр.
Ел дегенде егіледі жүрегім,
Елімді мен бақытым деп білемін,
Ел атағын, абыройын асырып
Елім деген азаматтың бірі едім.
Ел игілігі жолында аянбай тер төгіп, еңселі ғұмыр кешкен ардақты тұлға Нұрғали Кенжетаевтың ел туралы естелігі осылай түйінделеді. Қажырлы қайраткер, абзал азамат болып, арына дақ түсірмей, ғибратты ғұмыр кешкен басшының ерен еңбегі ел жадында сақтаулы. Жаңаарқа төңірегіндегі ел ол кісінің елеулі еңбегін аңыздай толғап айтып жүр. Біз де ол кісіні мақтан етіп, еңбегін ел мадақтағанына марқайып ғұмыр кешудеміз. Артында өшпес із қалдырған қайраткердің әлі де арман-мақсаты көп еді. Алайда баянсыз жалған дегеніне жеткізбей, ардақты жан 2000 жылы 29 қыркүйекте небәрі 62 жасында дүние салды. Мекені жұмақ, топырағы торқа болғай!
Дайындаған –
Қымбат Әбілдақызы,
Мәдениет қайраткері