Университет • 11 Қазан, 2024

Орталық Азиядағы ең үздік жоғары оқу орны

140 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Беделді Times Higher Education (THE) әлемдік рейтингі үздік жоғары оқу орындар тізімін жариялады, оған төрт отандық универ­ситет кіріп отыр. Әлемде 30 мыңнан аса оқу орны бар, рейтингте дәл қайсысы көш бастап тұрғанына шолу жасап көрдік.

Орталық Азиядағы ең үздік жоғары оқу орны

University of Oxford, Stanford University, MIT, Harvard University – аталған рейтингтің көшбасшылары. Алайда азиялық университеттер де Батыстағы әріптестерінен қалыс қалып отырған жоқ. Әлемнің үздік 30 оқу орны қатарына Қытай, Жапония, Сингапур, Оңтүстік Корея университеттері кірген. Бұл елдерде білім мен ғылым саласына ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 3-4%-ы тиесілі. Мәселен, Қытайдағы ІЖӨ деңгейі 17 трлн доллар екенін ескерсек, мұндай елдердің білім саласына инвестиция аямайтынын білдіреді.

Назарбаев университеті (NU) – ТМД елдері оқу орындары арасында 5-орында, «МИФИ» ұлттық ядролық зерттеу университеті, Ұлы Петр Санкт-Петербург политехникалық университеті және Томск мемлекеттік университетімен бір қатарға (501-600) топталған. Алайда жүздеген жылдық тарихы бар Мәскеу мемлекеттік уни­верситеті мен Н.Э.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық уни­вер­ситетінен төменде тұр. Тізімге Орталық Азия университеттері ішінен Қазақстан және Өзбекстан жоғары оқу орындары кірген. Оның ішінде NU – жоғары пози­ция­да, бұл әлем бойынша мықты ғылыми-зерт­теу университеттерінің үздік 24-29%-ына кіреді. Оқу орны беделді рейтингте соңғы жылдың ішінде бірнеше позицияға жоғарылаған. Биыл бәсекелестік арта түсті – рейтингке қатысушылар қатары өткен жылмен салыстырғанда 185-ке өсіп, 2092-ге жетті (115 елден). Яғни Times Higher Education (THE) рейтингіне барлық университет емес, тек лайықтылар ене алады. NU 501-600 диапазонына жайғасып, тек қана елімізде емес, бүкіл Орталық Азияда көш бастап тұр. Айта кетейік, биыл бұл тізімге бірінші рет үш өзбекстандық оқу орны кірген, алайда бұл университеттің позициялары NU-дан әлдеқайда төмен.

Сонымен қатар NU кейбір еуропалық (атап айтқанда, польшалық, чехиялық университеттер бар) және азиялық оқу орындарынан жоғары бағаланыпты. Мәселен, 200 жылдық тарихы бар Coventry University мен De Montfort University білім ордалары – 601-800 орында, бұл аралықта сондай-ақ франциялық University of Lorraine мен италиялық Marche Polytechnic University бар, ал түркиялық Gazi University – 1201-1500 аралығында тұр. Аталған университеттердің фи­лиалдары Қазақстанда ашылған, дегенмен олардың рейтингі NU-дан әлдеқайда төмен.

NU-мен қатар рейтингке келесі отандық жоғары оқу орындары кірген: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (1201-1500), Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (1500+) және Satbayev University (1500+).

NU президенті, профессор Вакар­ Ахмад: «Рей­тингтегі орнымызды нығай­та түскеніміз біздің зерттеу жұмыс­тарын жүргізудегі сапа мен деңгейді ұстап тұруға әрі жоғарылатуға деген талпынысымызды тағы бір рет дәлелдеп отыр. Ғылыми жұмыстардың сапасы, зерттеулерді жүргізетін орта, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық – біздің мықты тұстарымыз. Бар болғаны 15 жыл­­да осындай нәтиже көрсету – жас ­университет үшін үлкен жетістік. Президент Қ.Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономика­лық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жол­­дауында еліміздің кадрлық әлеуетін көтерудің маңызына тоқталған. Бұған заманауи талаптарды қанағаттандыратын білім беру бағдарламалары бар отандық оқу орындарының қызметіне қолдау көрсету керек. NU-дың халықаралық рейтингтердегі жетістіктері – Мемлекет басшысының Жолдауындағы ойдың іс жүзінде қалай жүзеге асырылып жатқанына бірден-бір дәлел», деді. Профессор Вакар Ахмад NU-ға ауысқанға дейін THE рей­тингінде 191-орында тұрған Әбу-Даби университетін басқарды.

Еске сала кетейік, Times Higher Education бойынша NU Азия елдері университеттерінің ішінде – 129-орында, ал жас оқу орындары қатарында 106-орынға жайғасқан. Осыған қоса NU-дың 22 пәні THE-нің пән бағалау рейтингіне кірді, атап айтқанда, білім беру, әлеуметтік ғылымдар, инженерия мен компьютерлік бағыттар жоғары бағаланған.

Университетте жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулер мен жалпы ғылымның дамуы нәтижесінде оқу орны осындай ауыз толтырып айтуға тұрарлық жетістікке жетіп отыр. Стэнфордтың бағалауы бойынша, NU-дың 35 ғалымы әлем бойынша ғылыми жұмысына өзге ғалымдар ең жиі жүгінетін үздік 2% зерттеушілер қатарына кірді. Қабырғасы қаланған 2011 жылдан бастап NU-дың оқытушылары мен ғалымдары Scopus деңгейіндегі журналдарға 9104 ғылыми еңбек жариялаған. NU ғалымдарына басқа халықаралық зерттеушілерге қарағанда 80%-ға жиі жүгінеді.

Ғалымдар NU-дың ашылуы елі­міз­де жүргізіліп жатқан зерттеу жұ­мыс­тарының өнімділігіне қалай әсер еткеніне талдау жасаған, оның нәтижесінде оқу орны ашылған сәттен кейінгі бір жылда бұл көрсеткіш 4%-дан 21%-ға көтерілген. Бүгінде оқу орны өзінің өнімділігін халықаралық рейтингтегі позициясы арқылы дәлелдеп келеді. Студенттерге бұл дипломның, алған білімнің бағасын көтеріп, оқытушылар мен ғалымдар үшін оқу ордасының мәртебесін көрсетеді.