Руханият • 11 Қазан, 2024

Қарияның көз жасы

231 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шымкент. 2000 жыл. Облыстық орталық ауруханада емделіп жатырмын. Төрт орындық палатада үш адамбыз. Қасымдағы екеудің бірі – жетпіс бестегі, келесісі – сексендегі қария. Екеуі де сөзшең. Әңгімелері бітпейді. Мен араласа қоймаймын. Біздің міндет – тыңдау. Маған жақсы. Ішім пыспайды. Уақыт өткізуге ермек қылар теледидар, бүгінгідей смартфон жоқ. Түнде ұйқы, күндіз жанымдағы екеудің әңгімесі.

Қарияның көз жасы

Сурет: ru.freepik.com

 

Олар не айтпайды дейсің, өткен шақтарын, көрген қызығы мен қиындықтарын, бәрін-бәрін майын тамыза жеткізеді. Әлемдік саясат, тарих, әдебиет, қоғамымыздағы жақсылықтар мен қойыртпақ, келеңсіз жағдаяттар, тағы қандай тақырыптар бар, құдай-ау, ештеңе қалмайды. Кейде екеуі пікір қайшылығына тап келіп, қызылкеңірдек болып айтысып қалатыны бар. Бірақ қайтымдары жылдам. Жасының үлкендігін сыйлайтын болар көбіне жетпіс бестегісі тез басылып, сексендегісіне «жеңісті» жылдам бере салады. Сексендегі қария өз ой-пі­кіріне қарсы айтылған сөзге өзеурей жа­уап береді. Қарсы тараптың уәжі өтімді болып бара жатса бұртиып, өкпе­леп қала­ты­нын қайтерсің. Мұндайда жетпістегі қария сөзімен сылап-сипап, арадағы «кедір-бұдырды» әдемілеп «үтіктеп» жібереді. Ушығыңқыраған қатынас қалпына түскенде жасы үлкені тамағын бір жөткірініп алып, кішісінің уәжі дұрыс екенін мойындап, өзі шалағай кеткенін айтып та жатады. Әсіресе саясат, тарих тақырыбындағы пікір алуандығы екеуін күн сайын екі-үш рет шекістіреді. Бірақ тез бекіседі. Бұл бекісу көбіне жетпіс бестегісінің кеңдігімен орнайды.

Айтқан әңгімелерінен олардың ішкі жан дүние­сінің, болмысының өзге­шелігін, алған тәрбие­сінің, өскен, еңбек еткен ортасының табиғатын жазбай танисың.

Ортадан жоғары бойлы, жылдар мүжісе де жүні жығыла қоймаған, тәнінен еті қашыңқыраса да тұлға-тұрпаты тоқ сексендегі ақ-сары қарияның жігіттік шағында осал болмағанын айқындап тұрар отты көзі жақтырмай қараса мысыңды басып тастайды, ал мейірлене көз салса жүрегіңді елжіретіп жібереді. Ол кезінде жолдамамен солтүстік өңірге барып ондағы бірнеше кеңшарда (совхоз) зоотехник, директор болыпты. Кейін туған аймағы оңтүстік жаққа оралған екен.

Ұзын бойлы, иығы аздап қушиыңқыраған, белі сәл-сәл бүгіліңкіреген, еттен әжептәуір ажыраған, жанындағы замандасынан жас болса да одан дене әлеуеті әлсіздеу көрінетін жетпіс бестегі қара торы жүзді қарияның оқыған-тоқығаны, көрген-білгені мол екені сөз саптауынан, айтқан әңгімесінен анық аңғарылады. Бұ кісі ұзақ жыл мұғалім болып еңбек етіпті.

Әдеттегідей әңгімелері жалғасты. Тақырып кеңес одағы туралы. Бұл бұрын бір-екі рет қозғалған-ды, ақырында ке­рі­сіп барып басылған. Екеуі екі көзқарас, бөлек ұстанымда.

Жетпіс бестегі қария кеңес одағы саясатының зұлымдығын, большевик-ком­мунистердің қанды қырғынын, әсі­ресе қазақ халқына көрсеткен барлық азабын: алаш арыстарын атып-асқанын, ашаршылық қасіретін, атом бомбасын жерімізде ұзақ жылдар жарғанын, ұлт­аралық теңсіздікті, Қазақстан тек шикізат көзі ретінде пайдаланылғанын, тіліміз бен дінімізге, ділімізге, мәдениетімізге жасаған қиянатын, қысқасы барлығын жіпке тізе айтқанда толқып кетті.

Сексендегі қария кеңес одағына шаң жуыт­қысы келмейді. Оның ойынша, кеңес одағы қазақ халқына көп игілік әкелген, көрсеткен жамандығынан жақ­сылығы басым. Кеңес одағының арқа­сында қазақтың көзі ашылған, жері­мізде қалалар, өндіріс ошақтары көп­теп ашылған, мәдениетіміз өскен, аш-жалаңаш қазақты тойындырған, киіндірген...

Өзара пікір қайшылығы үдеп барады. Екеуі де эмоцияның қызыл сызығын басып тұр. Әңгіме былайша өрбіді. Сексендегі қария: «Сен не десең о де, мен кеңес одағын жамандай алмаймын. Оның жақсылығын өз басым көп көрдім. Панасыз жетім қалған едім, үкімет айдаладан тауып алып, интернатқа орналас­тырды, тойындырды, киіндірді, оқытты, білім берді, қызмет берді, қамқор болды. Осынау жақсылығын көре-тұра оны қалай жамандаймын? Рас, кеңес одағында қателіктер кетті, ел болған соң кемшіліктер кездеспей тұрмайды», деді.

Дәл осы жолы жетпіс бестегі қария әдеттегідей замандасына кеңдік жасай қоймады. Сөзден тосылмай, тізгінін еркіндеу жіберді. Өзінен жасы үлкен қария тырысып қалса, өкпесін жазып алармын деп ойлаған болар.

 «Айтыңызшы, сіз қалай жетім қалдыңыз? Аға-іні, әпке-қарын­да­сы­ңыз­дан қалайша ажырап қалдыңыз? Өлік толы далаға кім қаңғытып жіберді? Сізді интернатқа орналастырғандар «ойбуу, қазақтың мына баласы жетім қалыпты, аш-жалаңаш жүр екен, пана болайық» деп жанашырлық танытып, интернатқа орналастырды дейсіз бе? Оларға ертең өз тілінде сөйлейтін, тіл алғыш, ас-ауқат пен киім бергенге құлдық ұратын, от пен суға салса да қарсыласпай, басы салбырап кете беретін екі аяқты жауынгер-жұмыскер, құл керек болған соң ғана сізді тірі алып қалғанын неге ұқпайсыз?» деді жетпіс бестегі қария қызына.

Сауалдар қызуы көтерілген көңіл күймен қойыл­ды.

Сексендегі қария іштей тығылып қалды. Көзінен жас ыршып-ыршып түсті... Қайтарар жауап таппады. Жо-жоқ, ол үшін бұл жауабы бар сұрақтар еді. Бірақ оны ол өзіне ешқашан саналы түрде қойып, оған жауап іздеп көрмегені анық. Өйткені ол бұл сұрақтарды өзіне бір рет болса да қойып, оған сана сәулесімен жауап іздесе, кеңес одағының жоқшысындай болмас еді ғой.

Әңгіме шорт кесілді. Жасы үлкен қа­рия қол орамалымен көзін баса үнсіз қалды. Оның іштей егіліп, жылап отыр­ғаны күмәнсіз еді. Ол өмірінде алғаш рет «мен қалай жетім қалдым, бауырларым қайда, олардан не себепті көз жаздым?» деген сауалға кезіккендей. Әлгі сұрақтарға қас-қағымда жауап іздеп, көк дөнен көңілі өмірінің алыста қалған тулақтай бір бөлшегін кезіп, содан келіп аштан өлген не атылып-асылып кеткен ата-анасының, тағдырдың талайымен қайда қаңғып кеткені белгісіз мөлдір көз, періште пейіл, бірге туып, мына дүниеде бірге жүру жазбаған бауырларының аңыраған үні құлағына келген болар, санасында қалған қайғы-қасірет, талау-тартыс, жоқшылықтан ұсқыны қашқан бейнелері көз алдында жаңғырған шығар. Мына жылас содан болар.

Сол күні ерте ұйықтап қалдық. Ұйық­тар алдында жасы үлкен қария жанын­дағы замандасына қарап бір ауыз сөз айтты. «Көкірек көзімді ашып, көңілімнің көкжиегін кеңіттің-ау, інім» деді.

Мені ертесіне ауруханадан шығарды. Содан бері жиырма бес жыл өтіпті. Алайда, қос қарияның өткен қоғам туралы тартысы әлі күнге дейін санамда жаңғырады...

Бүгінде бұл екі қария да арғы дүниеге аттанған болар. Егер ғайыптан-тайып бірі жүзге бірі жүз беске келіп ортасында тірі жүрмесе. Жарықтықтар бұ өмірден озса, жандары жаннатта болғай.

...Екі көзқарас, қайшылықты пікір. Қоғамымызда кеңес одағын аңсайтындар әлі көп. Әлдеқашан өлуі тиіс кереғар көзқарас әлі де тірі. Бұл не сонда?..