Сурет: ru.freepik.com
Алматыда өткен Орталық Азия қойма саммитінде (Central Asia Warehouse Summit) сала түйткілдері айтылды. «IBC Global» компаниясының атқарушы директоры Станислав Ахмедзяновтың айтуынша, Орталық Азия елдеріне технологияның соңғы мүмкіндігімен жабдықталған қоймалар керек. Сапалы қойма жылжымайтын мүлік нарығы, билік пен бизнес арасындағы коммуникация платформасына айналады.
«Аймақтағы логистикалық жылжымайтын мүліктің қазіргі тапшылығы шамамен 20 млн шаршы метрге бағаланады. Бұл Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстанға қатысты. Аталған елдерде қолда бар қойма алаңдарының басым бөлігі В класты. 2024 жылдың аяғына дейін Өзбекстан нарығында 60 мың шаршы метрге сапалы қойма алаңдары пайдалануға беріледі деген дерек бар. Нарықтың осы сегментінде жалдау құны құбылмалы. Бірақ нарықтағы ойыншыларды сауатты кеңесші мен нарық сарапшыларының аздығы да алаңдатып отыр. Қойма нарығы ұсақ тапсырыстар санының өсуі, тауарды жеткізуге қойылатын жаңа талаптар (жылдам, тегін, көп арналы) мен трансшекаралық сауданың өсуіне байланысты өзгерді, әлемдік технологиямен трансформацияланып жатыр. Мүмкіндікті пайдалана алмай отырсыздар. Орталық Азия елдері сапалы қоймалық жылжымайтын мүлік көлемі бойынша Ресей мен Қытай арасынан орын алуға лайықты. Электронды коммерция дамыған. Ішкі нарықта компаниялар 3PL қызметтерді пайдалануға көше бастады. Демографиялық өсу бар. Урбанизация реттелген», дейді Станислав Ахмедзянов.
Айтуынша, елімізде екінші деңгейлі банктердің депозитіндегі жеке тұлғалар салымы 2019 жылдан бастап екі есе, 45 млрд долларға өсті. Халық бағалы қағаздар нарығында да өте белсенді, себебі инвестициялауға жағдай жасалған. Қор нарығындағы инвесторлардың 62 пайызы – жеке тұлғалар. «Бағалы қағаз нарығында сұраныс енді қалыптасып келе жатыр. Бірақ қор нарығының көлемі жылжымайтын қойма бизнесін инвестициялауға жетпейді. Оларға әлеуетті инвесторлар керек» деп атап өтті Станислав Ахмедзянов.
«Focus Logistics» бас директоры Диас Ғалиев елдегі жағдайды Ресеймен салыстырып, көрші мемлекеттегі жүйенің кейбір артықшылығын атап өтті. Біріншіден, Ресейде қоймалардағы жалдау келісімшартының ұзақтығы 5,7,10 жылдан асады, бұл ұзақмерзімді ақша ағынын қамтамасыз етеді. Екіншіден, ресейлік қойма нарығындағы компаниялардың әрқайсысы IPO-мен интеграцияланған. Үшіншіден, нарықтың қалыптасуына халықтың қаржылық сауаттылығы да әсер етіп отыр.
Бір ғана «Оzon»-да күн сайын 25 мың адам сауда жасайды. Демек бұл компанияның дамуына қаржы айналымы емес, қор нарығы да әсер етіп отыр.
«Халықаралық нарықта мұны ұжымдық инвестиция деп айтады. Мұндай компаниялардың жұмыс істеу тәсіліне назар аударған дұрыс. Олар сіздердің елдеріңізде қолданыста жоқ басқа ойын ережесімен дамып отыр. Қоймаға инвестиция құюдың маңызы зор. Клиенттерді ұстап тұру үшін қойма құрылысын кейін қалдыруға болмайды. Дамып келе жатқан нарық алпауыт компаниялар үшін – игерілмеген кеңістік. Бірақ олар бірінші кезекте сапалы, инфрақұрылыммен жарақталған, сауатты мамандармен қамтамасыз етілген коймаларға басымдық береді. Айталық, қоймадағы қол жұмысын роботпен алмастыруға жұмсалған шығын 2,5 жыл ішінде өзін ақтайды. 2035 жылға қарай жасанды интеллект (ЖИ) әлемдік логистиканың өнімділігін 20 пайызға арттырады. ЖИ алгоритмдері қойма қызметкерлерін бақылау және қорларды басқару мақсатында қолданылады: компьютерлік көру жүйесі бейнежазбаларды талдайды, адамдардың мінез-құлқындағы ауытқуларды тіркейді немесе тауардың таусылатынын ескертеді», дейді.
Орталық Азия елдерінде қойма нарығы даму табалдырығында тұр. Бірақ нарықтың тізгіні қандай ойыншылардың қолында кетері белгісіз. ҚХР немесе Ресей тауарларын сыртқы нарықта саудалаймын деген кәсіпкерлеріне қойма құрылысына субсидия беруге ниеттеніп отыр. Мұндай әрекет Өзбекстан жағынан да байқалып қалады.
АЛМАТЫ