Президент • 11 Қазан, 2024

Бауырластық пен сенімді нығайтатын маңызды сапар

181 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға ресми сапармен барды. Прези­дентті түрікмен халқының көшбасшысы, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов Ашхабад әуежайынан қарсы алды. Президент ұшағының трапы алдында Құрмет қарауылы сап түзеп тұрды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт бергеннен кейін екі елдің әнұрандары орындалды.

Бауырластық пен сенімді нығайтатын маңызды сапар

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Ынтымақтастық пен жауапкершілік

Мемлекет басшысы қонақжай­лы­лық танытқаны үшін Халк Масла­хаты­ның төрағасына ризашылық білдір­ді. Сондай-ақ Гурбангулы Берді­мұхамедовтің Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға зор үлес қосқанын атап өтті.

Президент қазақ-түрікмен ынты­мақ­тастығы достық, тату көршілік және өзара қолдау рухында қарқынды дамып келе жатқанына ерекше назар аударып, Түрікменстанға ресми сапарының мақсаты екі елдің стратегиялық серіктестігін жаңа деңгейге шығару екенін айтты.

– Сіздің еліңізбен ынтымақ­тас­тықты дамыту мәселесіне зор жауапкершілікпен қараймыз. Біз – стратегиялық серіктес елдерміз. Жаңа Бірлескен үкіметаралық комиссияның жұмысы туралы айтып өттіңіз. Мен де оның қызметін бақылап, Үкіметке бағыт-бағдар беріп, қандай шешім қабылдау керек екенін нұсқап отырамын. Өйткені біз үшін Түрікменстанмен достық байланыс басты басымдықтардың бірі саналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ап

Өз кезегінде Гурбангулы Берді­мұхамедов Қазақстан Прези­дентіне ілтипат білдіріп, оның Түрік­менстанға ресми сапары аясында қол жеткізілетін уағдаластықтар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті тереңдетуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Әңгімелесу барысында сая­си, сауда-экономикалық және мә­дени-гуманитарлық салалардағы екі­жақты ынтымақтастықтың басым бағыттары егжей-тегжейлі талқыланды.

 

Ашхабадта Абай ескерткіші асқақтады

Қазақстан Президенті мен Түрік­мен­с­тан Халк Маслахаты­ның төраға­сы Ашхабад төрінде ұлтымыз­дың ұлы ойшылы Абай Құнан­бай­ұлына арналған ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысты.

чс

Ең алдымен, Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедов пен түрікмен халқына Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына орай арнайы шығарылған медальмен марапаттағаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар мұны екі ел арасындағы өзара сый-құрмет пен достықтың белгісі ретінде қабылдайтынын жеткізді.

Мемлекет басшысы салтанатты жиында сөйлеген сөзінде бұл ескерткіштің ашылуын түрікмен бауырлардың қазақ халқына айрықша құрметінің көрінісі деп санайтынын атап өтті.

– Абай – әлемдік ауқымдағы алып тұлға. Оның шығармалары бүкіл адамзаттың асыл мұрасына айналды. Жер жүзіндегі көптеген қалада хакім Абайдың ескерткіші бар. Ұлы ақын саналы ғұмырын ағарту ісіне арнады. Абай «Талап қыл артық білуге» деп, өнер-білім философиясын кеңінен насихаттады. Ол теңдессіз туындылары арқылы мызғымас құндылықтарды дәріптеді. Жұртты отаншылдыққа, білімпаздыққа, еңбекқорлыққа баулыды. Жақсылық пен парасаттылыққа үндеді. Ашха­бадта Абай ескерткішінің ашылуы – бауырластығымызды нығайта түсетін бірегей бастама, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент биыл Астанада түрікмен халқының ұлы ойшылы Мақтымқұлы Пырағының ескерткіші ашылғанын еске салып, қазақ елі түркі жұртына ортақ тұлғаның шығармашылығына зор құрметпен қарайтынын жеткізді.

– Шын мәнінде, Абай мен Мақ­тымқұлы еңбектері – түркі дүниесінің құнды қазынасы. Оны сақтап, кейінгі ұрпаққа қалдыру – баршамызға ортақ міндет. Ұлы ақындарымыздың поэзиясында өзара сабақтастық мысалдары көп. Біз – түбі бір, тарихы ортақ, тілі мен мәдениеті ұқсас халықтармыз. Осы бауырластық елдеріміздің қарым-қатынасына арқау болып отыр. Қазір бұл байланыс стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатыр. Түрікменстанға бүгінгі ресми сапарым – соның айқын дәлелі. Абайдың ескерткіші қазақ-түрікмен достығының символына айналады деп сенемін, – деді Президент.

Өз кезегінде Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы бауырлас халықтардың тарихи және мәдени өмірінде жарқын із қалдырған белгілі тұлғалар, ойшылдар мен ақындар мұрасын сақтаудың және оны болашақ ұрпаққа жеткізудің мәні зор екеніне тоқталды.

– Бүгін біз астанамыз Ашхабадтың тамаша мүйісінде орналасқан ғажап саябақта бауырлас қазақ халқының ұлы ақыны, көрнекті мәдениет және өнер қайраткері Абай Құнанбайұлының ескерткішін ашу рәсімінде бас қосып отырмыз. Баршаңызды осы салтанатты сәтпен шын жүректен құттықтаймын! Түрікмен және қазақ халықтары әлемнің мәдени-рухани қазынасына үлкен үлес қосты. Соған сәйкес, бұл мәдени мұраны тыңғылықты зерттеу, оны кеңінен насихаттау және осы саладағы халықаралық әріптестікті дамыту аса маңызды міндет болып саналады, – деді Гурбангулы Бердімұхамедов.

Іс-шараға Түрікменстанның зиялы қауым өкілдері және Қазақстанның ресми делегация мүшелері қатысты.

Салтанатты жиында «Калкыныш» би тобы қос халықтың арасындағы мәдени байланыстардың терең тамырын танытатын «Түрікмен-қазақ дос­тығы» атты композициясын ұсынды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабадқа ресми сапары аясында Түрікменстанның Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қойды. Президент түрікмен елінің басты ескерткішіне тағзым ету арқылы екі ел арасындағы достық пен ынтымақ­тастықтың берік екенін көрсетті.

 

Стратегиялық серіктестіктің мүддесі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты «Оғызхан» сарайында Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов қарсы алды. Мемлекеттер басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныс­тырды. Содан кейін тараптар шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас екі ел арасындағы сан қырлы ын­ты­мақтастықты нығайтуда мұн­дай жоғары деңгейдегі тұрақты кезде­сулердің маңызы зор екенін атап өтті.

ап

– Түрікменстан – біз үшін туыс­қан ел әрі стратегиялық серіктес. Қазақстан – сіздің еліңізбен энергетика, көлік, логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы ық­палдастыққа қатысты барлық мәселе бойынша сенімді одақтас. Мұ­ның алдағы уақытта да осы бағыт­та жалғаса беретінін атап өткім келеді. Әлбетте, біз Түрікменстанның халықаралық аренадағы бейтарап статусына құрметпен қарай­мыз. Сіздің еліңіз өңірлік және халық­аралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне өте елеулі үлес қосып келеді. Бұл ретте біз, ең алдымен, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясында тығыз қарым-қатынас жасауға дайынбыз, – деді Президент.

Өз кезегінде Сердар Бердімұха­медов Түрікменстанның бауырлас Қазақстанмен стратегиялық серік­тестікті жан-жақты өркендетуге бейіл екенін растады.

– Біз Түрікменстанның сыртқы саясаттағы бейтарап бағдарына, сондай-ақ БҰҰ және өзге де жаһан­дық құрылымдар аясындағы ха­лық­аралық бастамаларына қолдау білдіргені үшін Қазақстанға ризашылығымызды білдіреміз. Ал Түрікменстан Қазақстан Республи­касының сыртқы саясаттағы ұста­ны­мын құптайды. Сондай-ақ біз ел­деріміз арасындағы сауда-эконо­микалық байланыстардың дамуы­на айрықша мән береміз. Энер­гетика, көлік, сауда-саттық, ауыл шаруа­шылығы, жоғары технологиялар секілді маңызды бағыттар бойын­ша бірлесіп жұмыс істеуге ниетті­міз. Екі ел арасындағы мәдени-гума­ни­тарлық байланыстардың да маңызы зор, – деді Түрікменстан Президенті.

Кездесуде тараптар Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға бейіл екенін жеткізді.

Осыдан соң Мемлекет басшысы Түрік­менстан Президентімен кеңей­тілген құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапарын ортақ мақсатқа қол жеткізу, яғни сан қырлы мемлекетаралық бай­ла­нысты мүлдем жаңа деңгейге көтеру жо­лындағы маңызды қадам деп атады.

– Қазақстан мен Түрікменстан ғасырлар бойы жалғасқан достыққа, тату көршілік қарым-қатынасқа және ортақ мәдени, тарихи құндылықтарға арқа сүйей отырып, бауырлас мемлекеттер ретінде берік әрі үйлесімді байланыс құра білді. Біздің осынау ынтымақтастығымыз стратегиялық серіктестік бағытында дамып келеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, кейінгі жылдары сауда-экономикалық ынтымақтастықта айтарлықтай ілгерілеу бар. Сонымен қатар Қазақстан Түрікменстанға экспорттың жалпы көлемін 80 тауар түрі бойынша 120 млн долларға дейін ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді.

Бұған қоса Президент екі елдің іскер топтары арасындағы байланысқа қолдау көрсетудің маңызына тоқталды.

– Маған баяндалған мәліметке сәйкес, шағын және орта бизнес инвестициялық әлеуетке ие екенін көрсетіп отыр. Былтыр Қазақстан компанияларының Түрікменстанға бизнес туры ұйымдастырылды. Осы орайда Қазақ-түрікмен іскерлік кеңесі алаңында кәсіпкерлердің белсенділігін ынталандыру аса маңызды. Іскерлік орта негізгі қозғаушы күшке айналуы керек. Екі елдің ірі коммерциялық және ұлттық компанияларының күш-жігерін өнеркәсіп, құрылыс, логис­тика, байланыс және экономика­ның басқа да салаларындағы нақты жобаларды іске асыруға жұмылдыр­ған жөн деп санаймын. Бүгін қол қойылатын Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісім бұл үдеріске тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас­тардың дәйекті түрде дамып келе жатқанын, сондай-ақ жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың келешегі кемел екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдаланып, туысқан түрікмен халқын әйгілі ақын Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойы­мен құттықтады.

Ал Сердар Бердімұхамедов Қазақ­стан Президентінің Түрікмен­станға сапары екіжақты ықпалдастықты кеңейту тұрғысынан маңызды деп санайды.

– Қазақстан Президентінің ресми сапары екі ел арасындағы тату көршілік пен тығыз әріптестік байланыстарды одан әрі нығай­туға, серіктес салалардағы өзара ықпал­дастықты кеңейтуге, перс­пективті бағыттарды дамытуға оң әсер етеді. Қазақ-түрікмен қарым-қатынасы ғасырлар қойнауынан тамыр тартады. Осы уақыт ішінде шынайы бауырластық байланыс қалыптасты. Қос мемлекет пен халықтарымызды географиялық орналасуы ғана емес, біртұтас тарихи тағдырластықты сезінуі мен бір-біріне қажет екенін түсінуі біріктіреді. Біз ортақ құндылықтарымызды қастерлейміз, бабалардан мұраға қалған дәстүрімізді құрметтейміз әрі мұқият сақтаймыз, – деді Сердар Бердімұхамедов.

Кездесу барысында сауда-эконо­микалық ынтымақтастықтың қазір­гі ахуалы мен болашағы талқы­ланды. Газ саласындағы бірлес­кен бас­тамаларды жүзеге асыру, өзара сау­да мен екі елдің аумағы арқылы тасымалданатын жүк көлемін жүйелі түрде арттыру, сондай-ақ өңір­аралық ықпалдастықты жандандыру мәселелеріне айрықша мән берілді.

Келіссөздерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Берді­­мұхамедов Қазақстан мен Түрік­менстан арасындағы достық­ты нығайту және көпжақты страте­гия­лық серіктестікті тереңдету туралы декларацияны қабылдады.

Сонымен қатар екі елдің делегация мүшелері үкіметаралық, ведомствоаралық және өңіраралық деңгейдегі мынадай құжаттарға қол қойды:

  1. Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы достықты нығайту және көпжақ­ты стратегиялық серіктестікті терең­детудің 2025-2027 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы;
  2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара қорғау және ынталандыру туралы келісім;
  3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы көлік, логистика және транзит саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;
  4. 1997 жылғы 27 ақпанда жасалған Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдау туралы келісімге өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы хаттама;
  5. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы қылмысқа қарсы күрес бойынша ынтымақтастық туралы келісім;
  6. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Түрікменстанның Ауыл шаруа­шылығы министрлігі арасын­дағы өсімдіктер карантині саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  7. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Түрікменстанның Мәдениет министрлігі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  8. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Түрікменстанның Министрлер кабинеті жанындағы Бас архив басқармасы арасындағы архив ісі бойынша ынтымақтастық туралы келісім;
  9. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Түрікменстанның Қаржы және экономика министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  10. Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Түркімен­станның Министрлер кабинеті жанындағы Көлік және коммуникация агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  11. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Түрікменстанның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы спорт саласын­дағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
  12. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Түрікменстанның Министрлер кабинеті жанындағы Көлік және коммуникациялар агенттігіне қарасты «Түрікменарагатнашык» агенттігі арасындағы цифрлық даму және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  13. Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті мен Түрікменстанның Министрлер кабинеті жанындағы Көлік және коммуникация агенттігіне қарасты «Түркіменховаёллары» агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  14. Қазақстан Республикасының Маңғыстау облысы әкімдігі мен Түрікменстанның Балқан уәлаяты әкімшілігі арасындағы 2025 жылға арналған сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ықпалдастық туралы ынтымақтастық жоспары;
  15. Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының «Қазақстан Республикасы Прези­дентінің телерадиокешені» ШЖҚ РМК және Түрікменстанның «TDH» мемлекеттік ақпараттық агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  16. «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Түрікменгаз» мемлекеттік концерні арасындағы газ саласын дамыту бо­йынша стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;
  17. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Түрікменнебит» мемлекеттік концерні арасындағы Каспий теңізінің түрікмен секторында мұнай сервисі қызметтерін дамыту бойынша ынтымақтастық туралы келісім;
  18. «Қазпошта» акционерлік қоғамы мен «Түрікменпочта» пошта байланысы компаниясы арасындағы халықаралық пошта жөнелтілімдерін жеткізу жөніндегі келісім;
  19. «Ақтау теңіз сауда порты» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Теңіз сауда флоты» жа­бық үлгідегі акционерлік қоғамы ара­сындағы теңіз көлігі саласындағы ынты­мақтастық туралы меморандум;
  20. Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің жанындағы Мем­лекеттік басқару академиясы мен Түрікменстан Сыртқы істер ми­нистрлігінің Халықаралық қатынас­тар институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

 

Бірлескен мәлімдеме

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов келіссөздер қорытындысы бойынша брифинг өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында бірлескен мәлімдеме жасады.

Мемлекет басшысы Түрікмен­станға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтар мен қабылданған екіжақты құжаттар жөнінде пікір білдірді. Олардың арасында Достықты нығайту және көпжақты стратегиялық серіктестікті тереңдету туралы декларация айрықша маңызға ие.

э

– Бұл құжатта біз бауырлас халық­тарды жақындастыруға, қазақ-түрікмен қатынастарын мүлдем жаңа деңгейге көтеруге екі тарап­тың да ниетті екенін тағы бір мәрте растадық. Сонымен қатар 2027 жылға дейінгі тиісті Кешенді жос­пар қабылданды. Алдағы уақытта туысқан қос халықтың игілігі үшін айтулы шараларды көбірек өткізуге уағдаластық. Кездесуде екіжақты сауда-саттық мәселесіне айрықша мән берілді. Бірлескен күш-жігер арқылы өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 28 пайызға артып, жарты млрд доллардан асты. Биыл да оң динамика байқалады. Біз тауарлар номенклатурасын кеңейту және сауда-саттықты одан әрі өркендету үшін қолайлы жағдай жасау мүмкіндіктерін қарас­тыру жөнінде келістік. Қазақ­станның ауыл шаруашылығы өнімдерін, ең алдымен, бидай жеткізу көлемін ұлғайтуға болады. Елімізге экспортты арттыруға және біздің нарықта ұзақ мерзімге тұрақтап қалуға түрікмен бизнесінің де әлеуеті жетеді. Екіжақты тауар айналымын таяу келешекте 1 млрд долларға дейін жеткізуге болады деп санаймыз. Қазақстан тарапы сауда-экономикалық мүмкіндіктерімізді толық пайдалану үшін өңіраралық ықпалдастықты бірлесе нығайтуды ұсынды. Бүгін осы форматтағы өзара тиімді серіктестіктің бастамасы ретінде Маңғыстау облысы әкімдігі мен Балқан уәлаятының әкімшілігі арасында ынтымақтастық жоспарына қол қойылды, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, тараптар экономиканың басты секторларында бірлескен кәсіпорындар құру келешегін зерделеу жөнінде уағдаласқан.

– Энергетика саласындағы ықпал­дастықты кеңейту басым міндет ретінде белгіленді. Кейінгі жылдары бұл бағытта айтарлықтай ілгері­­леу бар. Қазақстан Түрікмен­стан­ның газ-конденсат кен орындарын игеру, сондай-ақ құбыр инфрақұрылымын кеңейту жобаларына белсенді қатысуға ниетті. Бүгін «QazaqGaz» компаниясы мен «Түрікменгаз» мемлекеттік концерні арасында газ саласындағы ынтымақтастық­ты дамыту туралы келісімге қол қойылды. Екі ел үкіметтеріне осынау аса маңызды бағыттағы уағдаластықтардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды. Қазақстан­ның мұнай-газ компаниялары Каспий теңізінде мұнай сервисі қызмет­терін көрсету үшін түрікмен әріптестерімен ынтымақтастықты жолға қоюға мүдделі. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде көлік-транзит байланыстарына қолайлы жағдай жасалып жатыр. Осы ретте елдеріміздің аумағы арқылы өтетін жүк тасымалының көлемі тұрақты түрде артып келе жатқанын көріп отырмыз. Былтыр елдеріміз арасында теміржол арқылы тасымалданатын жүк көлемі 20 пайызға артып, 1,5 млн тоннаға жуықтады. Бұл істе, әсіресе «Солтүстік – Шығыс» көлік дәлізінің маңызды бөлшегі саналатын «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржол бағыты айрықша рөл атқарады. Бұған қоса екі мемлекет­тің ортасындағы «Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы» бағыты бойынша жол инфрақұрылымын бір-бірімен жалғау жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Қазақстан – Түрікменстан – Ау­ғанстан» теміржолын салу келешегі талқыланды. Тарап­тар бұл тақырыпта нақты келіс­сөздер жүргізуде. Сонымен қатар біз елдеріміз арасындағы әуе қа­тына­сын тезірек қалпына келтіру мүм­кін­діктерін қарастыруға келістік. Бұл шаралардың бәрі екі ел арасындағы көлік қатынасын одан әрі нығайта түсуге оңтайлы жағдай туғызады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөзде талқыланған маңыз­ды тақырыптың бірі – мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту. Бұған қоса тараптар білім саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін растап, Түрікменстанда Қазақстанның жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу келешегін қарас­тыруға уағдаласты. Сондай-ақ Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне айрықша мән берілді.

Түрікменстан Президенті брифингте ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы және маңызды бағыттарына тоқталып, түрікмен-қазақ диалогі сындарлы сипатта дамып келе жатқанын атап өтті.

– Бүгінгі кездесу барысында екіжақты қатынастардың қазіргі жай күйі мен келешегі, сондай-ақ өзара мүддемізге сай келетін өңірлік және халықаралық саясат мәселелері талқыланды. Екі ел ықпалдастығының нақты бағыттары айқындалды. Келіссөздер өзара сенімге және ашықтыққа негізделген қарым-қатынас дәстүрінен айнымай, сындарлы әрі мазмұнды сипатта өтті. Саясат, экономика және мәдени-гуманитарлық салалардың барлық бағыты бойынша қалыптасқан екіжақты диалогтің қазіргі деңгейіне жоғары баға берілді, – деді Сердар Бердімұхамедов.

Президенттер қазақ-түрікмен қатынастарын одан әрі күшейтуге бағытталған келіссөздер қорытын­дысына көңілі толатынын жеткізді.